Мәскеу насихаттаған "НАТО-ның Ресейді шабуылдау жоспары" өтірік болып шықты

2698

Ресеймен мәңгілік достық болатынына сеніп, қапы қалған Батыс қару өндірісін өрістетуге енді ғана кірісті. 

Мәскеу насихаттаған "НАТО-ның Ресейді шабуылдау жоспары" өтірік болып шықты Фото: yandex.kz

Ресейлік пропаганда 2013 жылдан бері "Батыстың Ресейді басып алу жоспары барын" жағы талмай қайталап келеді. Сол кезде көршінің ақпарат құралдары "Украина мен НАТО Ресейге шабуыл жасап, Үшінші дүниежүзілік соғыс өртін тұтатады" деп мәлімдей бастады. Осы орайда РФ ақпарат құралдары әлдебір "шабуыл жасау туралы барлау деректерін" жариялады.

Бірақ артынша Мәскеу соғыс өртін өзі тұтатып, 2014 жылы Қырымды қосып алды, Украинаның тағы екі облысын бөлшектеп, әлем мойындамаған квазимемлекеттік республикаларды құрды. Еуропаның етегін жалын шарпып жатса да, соғысады деген НАТО мыңқ етпеді. Қайта агрессорға қарсылық танытпақ болған Киевті Германия мен Франция Минск бітімгершілік келісіміне көндіртіп, оккупацияланған аймақтарға аяқ бастырмай қойды.

2021 жылғы желтоқсанда РФ ақпарат құралдары ескі әніне қайта басып, "НАТО Украина аумағында өз армиясын шоғырландыру жоспарын дайындағаны туралы барлау деректерін" қайта жариялады. Кремлдің дерегінше, НАТО Украина аумағында 4 әскери бригады, соның ішінде 2 құрлық, 1 теңіз және 1 әуе бригадасын орналастыруға ниетті-мыс. Бұл ретте "әуе бригадасы ядролық оқтұмсықтармен соққы беру құқығына ие болады". Әскер 2022 жылғы жазда Украинада орнығып болып, Ресеймен арада кең ауқымды әскери жанжалды 2022 жылдың соңында бастауға тиіс болыпты-мыс.

Ресейлік пропаганда әлемдегі барлық халықаралық тілдерде таратқан бұл жалған қауесетті НАТО жоққа шығарды. Бұған қоса, Кремльдің сұрауымен Альянс Украинаны өз құрамына алмайтынын мәлімдеген. Бірақ бәрібір Мәскеу өз әскерін Украина жақта белсенді шоғырландырып жатты.

Кремльге басу айтып, сабырға шақыру үшін Батыс державаларының көшбасшылары бірінен соң бірі Мәскеуге ағылды. Содан соғыс қарсаңында, 2022 жылғы 8 ақпанда Франция Президенті Эмманюэль Макронмен келіссөздерден кейін өткен баспасөз конференциясында Путин НАТО-ға сұрақты төтесінен қойып: "Сендер Ресеймен соғысқыларың келе ме?", – деді.

Ізінше, 24 ақпанда Ресей Украинаға кең ауқымды шапқыншылығын бастады.

"Үшінші дүниежүзілік соғысқа жол бермеу және Ресейге НАТО-ның баса көктей енуін болдырмау үшін Ресей жағдайды өз бақылауына алуға және Батыстың зымиян жоспарын бұзуға шешім қабылдады", – деп жарыса жазды соғысты ақтауға тырысқан ресейлік пропагандистік басылымдар.

Содан бері 15 айдан астам уақыт өтті. Халықаралық сарапшылардың байламынша, НАТО сол бойы соғысқа дайын емес.

Bloomberg Солтүстікатлантикалық Альянс Ресейге шабуылдауға еш даярланбағанын нақты дәйектеп берді.

Агенттік тұжырымдауынша, 1990 жылдардың басында Кеңес империясы күйреп, қырғи-қабақ (суық) соғыс аяқталғанда, жеңіл күрсінген Еуропа соғысқа алаңдауын қойып, "бейбітшілік дивидендінен" пайда табуға кірісті. Осы мақсатта НАТО елдері   қорғаныс бюджеттерін күрт қысқартты. КСРО-мен соғыс бола қалса деп жинаған қару-жарақтарын, зымырандарды, әскери сауытты техниканы утилизацияға жіберді, орасан зор көлемде экспортқа сатты. Өйткені бұдан былай континентте құрлықтағы ірі қырғын соғыс болмайды деп санады. Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруі бұл иллюзияны сағымдай жоқ қылды.

Блумберг "Ресеймен арада бейбітшіліктің мәңгілік болатынына құлай сенудің салдарларын" атады.

"1989 жылы НАТО мүшелерінің әскери шығыстары орта есеппен жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 4%-ынан асып түсті. Себебі, НАТО Еуропада алдыңғы қатарлы қорғаныс шебін түзді. Ол Кеңес одағы мен оның Варшава шарты бойынша одақтастарының ғаламат шабуылына алғашқы болып тойтарыс беруге тиіс еді. 90-шы жылдары бұл екеуі де жойылған соң еуропалық үкіметтер қорғанысқа қаржы құюды доғарды, ресурстарды экономиканың барынша өнімді секторларына және денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру сияқты халыққа жақын салаларға бағыттады. Танктер, артиллериялар, басқа ауыр бронды техника есептен шығарылды немесе сатылды. Бұл үрдіс 2001 жылғы 11 қаңтардан кейін тіптен өрістеді. Батыста ірі қарсыласқа қарсы құрлықта соғыс жүргізуге арналған күштер енді террористік шағын топтарға қарсы тұратын, жеңіл қаруланған, мобильді бөлімшелерге айналдырылды", – деп жазады Bloomberg.

Ресей Украинаға алғашқы шабуылдарын бастаған 2014 жылға қарай НАТО мүшелері қорғаныс саласына орта есеппен ЖІӨ-сінің небары 1,4%-ына тең көлемде ғана қаржы бөлді. Бұл қаражат армияны қайта жарақтандырмақ түгіл, ұстап тұруға жетпейтін. Сондықтан Альянс елдері әскерлерін мейлінше қысқартып, оңтайландырумен болды.

Бейбітшілік проблемаларын зерттеудің Стокгольм халықаралық институтының (SIPRI) дерегінше, қырғи-қабақ соғыс дәуірінде бір ғана Батыс Германияда (ГФР) 7000 танк болыпты. Ал 2014 жылы Еуропаның көшбасшысы саналатын Германияның қолында бар-жоғы 1 мыңнан аз танк пен бронды машина (екеуін қоса алғанда) қалған.

Яғни, Германия 20 мыңдай танкі мен бронды техникасы (The Military Balance дерегі), 2800-ден астам соғыс авиациясы бар Ресейге шабуылдауға еш дайын емес еді.

Еуропада сүңгуір қайықтардың саны да 1992 жылғы 107 бірліктен 2022 жылы 57 бірлікке дейін күрт кеміген.

В.Путин "арнайы әскери операцияға" арнаған сөздерінде НАТО-ны АҚШ-тың "құйыршығы" деп атап, оның өз бетінше шешім қабылдай алмайтынын, үнемі Вашингтонның айтқанына сеніп, айдауына көнетінін мәлімдеп жүр. Демек, Ресейге НАТО атынан АҚШ басып кірмек болған шығар?

Масқара болғанда, соғысқа Америка да дайындалмаған болып шықты. Құрама Штаттарда қорғаныс пен армияға бағытталған шығыстар 1989 жылғы ЖІӨ-нің 6%-ынан 2001 жылы 3%-дық минимумға дейін құлаған. Жағдайды 11 қыркүйектегі теракт өзгертті. Бірақ Американың ірі әскери шығыстары Ауғанстандағы және Ирактағы соғыстарға жұмсалған. Нәтижесінде, АҚШ қорғаныс бюджетін 2010 жылы 5%-ға дейін өсірді. Бірақ бертінде қайтадан қысқартып, соңғы жылдары шамамен 3,5% деңгейінде тоқтатты. Америкалық армия да қаржыдан қатты тарығып жатқанын мәлімдеумен келді.

Халықаралық сарапшылар Украинаға НАТО қазір де көмектеспей отырғанына назар аудартады. Әскери көмекті әр ел өз бетінше, шама-шарқына қарай, бірақ жеке көрсетуде. Олардың басын біріктіру үшін Германиядағы америкалық әскери базаның атауымен "Рамштайн клубы" атты НАТО-дан тыс жаңа формат құрылды.

Украина тізе бүксе, келесі майдандар Еуропада ашылатынын түсінген НАТО былтыр өзіне мүше елдерге 2024 жылға дейін қорғаныс бюджетін ең кем дегенде ЖІӨ-нің 2 пайызына жеткізу міндетін қойды.

Айтпақшы, 2010 жылы қабылданған НАТО стратегиясында Ресей "стратегиялық серіктестікке ұмтылған ел" деп бекітілген еді. 2024 жылы соғыс басталған соң бірнеше ай өткенде НАТО амалсыз жаңа стратегия қабылдап, онда Ресейдің статусын "Альянсқа төнген салмақты және тікелей қатерге" өзгертті.

Егер Кремль соғысты бастамағанда, ары қарай да серіктесі болып қала беретін еді. 2000-шы жылдардың басында Путиннің өзі Ресейді НАТО-ға мүше еткісі келетінін жариялаған болатын.

Блумберг агенттігі еуропалық және америкалық ресми тұлғаларға сілтеме жасап, "РФ басшысы В.Путин жалғыз Украинаны ғана емес, бұрынғы кеңестік республикаларды тегіс қосып алмай тынбайды" деген жорамал жасады. Сол себепті енді Батыс Ресеймен ұзақ тартысқа әзірленбек.

Осыған орай еуропалық елдердің біразы қорғаныс доктриналарын қайта қарап, өзектілендірді. Бірқатары танктерін, танктерге қарсы және зениттік жүйелерін, жоғары дәлдікті зымырандарын, артиллериялық батареяларын, оқ-дәрі қорын, авиациясы мен әскери дрондарын қалпына келтіруге кірісті. Бұл жерде әңгіме әзірге барынша арттыру емес, бұрынғы деңгейге жеткізу турасында ғана болып отыр.

McKinsey&Co консалтинг компаниясы соғыс болмағанда, Еуропаның әскери шығыстары көп өспейтінін, ал енді 2026 жылға дейін кем дегенде 53%-ға артатынын жазды. Яғни, бейбітшіліктен денесін май баса бастаған Батыстың жаттығып, шымыр болып, жаппай қарулануына бастауына Кремль серпін берді.

Украинадағы соғыс Еуропаның әскери бюджетін қазіргі 296 миллиард еуродан алда кем дегенде 453 миллиард, тіпті 488 миллиард еуроға дейін арттырғалы тұр. Мысалы, Германия канцлері Олаф Шольц өз елінің әскери шығыстарын бірден 100 миллиард еуроға арттыру жоспарын жариялады. Франция қорғанысқа жұмсалатын 6 жылдық бюджеттік қаражаттарын үштен бірге ұлғайтты.

Польша HIMARS кешендерінің жүздеген реактивті қондырғыларына тапсырыс берді. Ресейден қауіптеніп отырған поляктар Франция мен Ұлыбританиядан 3 есе көп танк, Германиянікінен 6 есе көп өздігінен жүретін артиллериялық қару иелену жоспарын жария етті.

Жаһандық ірі қару өндіруші корпорациялар Мәскеудің өздері үшін "алтын шығатын алып кенді" ашқанын түсініп, лек-лекпен, топ-топпен түсіп жатқан тапсырыстарды орындауға кірісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу