22 қазанда Украинаның ұшқышсыз аппараттары РФ астанасына және Мәскеу облысына шабуыл жасады. Соққыланған нысандардың қатарында Мәскеу іргесіндегі Серпухов қаласында орналасқан, РФ Қорғаныс министрлігі Бас зымыран-артиллериялық басқармасының (ГРАУ) қарамағында болған 75-арсенал бар, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
"РИА Новости" агенттігінің хабарлауынша, №42708 әскери бөлімнің аумағында "75 Арсенал" акционерлік қоғамы орналасқан. Кәсіпорын әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын, радиолокациялық станциялар мен байланыс жүйелерін жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге және оларды қаптаған қоймасында сақтауға маманданған.
The Insider басылымының жазуынша, ашық дереккөздерге сүйеніп зерттеу жүргізетін OSINT-сарапшылар 2024 жылдың өзінде-ақ "75 Арсенал" аумағында әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары мен зениттік зымыран кешендері сақталатын Ресейдің ең ірі базасының орналасқанын хабарлаған болатын.
Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собяниннің мәліметінше, 21 қазаннан бастап 22 қазан күні Мәскеу облысына қарай 630-дан астам ұшқышсыз аппарат ұшқан. Қала басшысы олардың басым бөлігін Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері алыс шептерде жойғанына сендіріп бақты. 163 дрон Мәскеуге таяғанда ғана атып түсіріліпті.
Алайда әскери сарапшылардың назарын осы жолы Серпухов аударды. Astra жүргізген OSINT-талдауға сәйкес, шабуылдың басты нысанасы 75-арсенал болды. РФ билігі кәсіпорындағы жарылысқа қатысты әзірге ресми мәлімдеме таратпады. Ал, жергілікті Telegram-қауымдастықтарда түнгі жарылыстар қызу талқыланып жатыр.
Аудиториясы шамамен 35 мың адамды құрайтын Серпухов пабликтерінің бірінде куәгерлер соққының дәл "75 Арсеналға" тигенін ашық жазуда. Басқа тұрғындар түнгі сағат 02:06 мен 02:30 аралығында бірнеше жарылыстың естілгенін хабарлаған. Сонымен бірге олар дабыл сиреналарының қосылмағанына және қала әкімшілігінің үнсіз қалғанына наразылық білдіруде.
Жергілікті тұрғындардың мәлімдеуінше, әуелі аспанда ұшқышсыз аппараттардың гүрілдеген үні естілген. Одан кейін зымырандардың ысқырған дыбысы зәрені ұшырған, ізінше қуатты жарылыстар болған. Артынша қайталама детонациялар болыпты. Жарылыстан соң Серпухов аспанын қою қара түтін торлады. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар ресейлік Telegram-арналарда да жарияланып жатыр.
Куәгерлердің кейбірі кемінде 3 зымыран ұшып келгеніне сендірді. Интернетте соққының ықтимал мезетін және оның салдарын бейнелейтін видеолар да пайда болды. Оқиға куәгерлері жарылыстың аса күшті болғанын жеткізген.
Соққы жасалған нысанның нақты орналасқан жерін OSINT-мамандары әуесқойлар түсірген видеолар арқылы анықтады. Сарапшылар тіпті кәсіпорыннан бірнеше шақырым қашықтағы саябақта тұрған орындықтың орналасу бағыты арқылы да бағамдай алған. Бұл жағдай ашық дереккөздермен жұмыс істейтін барлау мамандарының қоршаған ортаның ұсақ-түйек ерекшеліктеріне дейін талдап, шабуыл жасалған нысанды қаншалықты дәл анықтай алатынын көрсетті.
75-арсеналдың стратегиялық маңызы қандай?
Кәсіпорынның тарихы ықтимал шығындардың ауқымын аңғарта түседі. 1949 жылы құрылған арсенал жарты ғасырдан астам уақыт бойы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, радиолокациялық станциялар мен жерүсті радиостанцияларын күрделі жөндеуге маманданды.
Бұрын "75 Арсенал" зауыты Ресей Қорғаныс министрлігінің Бас зымыран-артиллериялық басқармасына қарады. Кейін кәсіпорын "Ростех" мемлекеттік корпорациясының қарамағына берілген.
2022 жылғы қарашада "Ростехтің" баспасөз қызметі бұл кәсіпорынның Ресей әскерлері Украинаға қарсы соғыста пайдаланып жүрген әскери техниканы қалпына келтірумен айналысатынын жариялады.
Зауыттың жөндеу бригадалары жылжымалы барлау және басқару пункттеріне, өздігінен жүретін зениттік қондырғыларға, жауынгерлік басқару пункттеріне, сондай-ақ "Бук-М1", "Бук-М2" зениттік зымыран кешендерінің нысананы анықтау станцияларына қызмет көрсетеді.
Бұған қоса, кәсіпорында тіпті Батыс армияларының үрейін ұшыратын С-300В зениттік зымыран жүйесінің құрамына кіретін өздігінен жүретін ұшыру қондырғылары мен ұшыру-зарядтау машиналары жөнделеді.
"Ростехтің" ресми сайтында көрсетілгендей, кәсіпорын атқаратын жұмыстардың қатарына ППРУ-1 "Овод-М-СВ" жауынгерлік зымыран кешендерінің жылжымалы барлау және басқару пункттеріне техникалық қызмет көрсету, оларды монтаждау мен орнату да кіреді.
Сондай-ақ зауыт "Тунгуска-М" зениттік зымыран кешендерінің ұшыру қондырғыларын, "Бук" жүйесінің барлық нұсқасына арналған басқару пункттерін және "Терек" радиолокациялық станцияларын жөндеп, қызмет көрсетеді. Яғни, әмбебап әрі алып зауыт.
Демек, бұл нысанның маңызы әскери техниканы сақтаумен ғана шектелмейді. Ол – Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын сақадай-сай ететін ірі техникалық база.
Серпухов арсеналына соққы Мәскеу қорғанысын әлсіретуі мүмкін
Бұдан бұрын, 2024 жылғы наурызда Jonpy есімді зерттеуші Серпуховтағы "75 Арсенал" аумағынан әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары сақталатын ірі базаны анықтаған болатын.
Зерттеушінің бағалауынша, бастапқыда бұл жерде артиллериялық қойма ғана орналасқан. Кейін нысанның қызметі өзгертіліп, рөлі арттырылған, аумағы кеңейтіліп, әуе қорғанысы жүйелерін сақтайтын базаға айналыпты. Спутниктік суреттерде көптеген ангар көрінеді. Оларда "Бук", С-300 зениттік зымыран кешендері сақталуы мүмкін.
Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, сарапшы бұл нысанды Ресей аумағындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары мен зениттік зымыран кешендері сақталатын, әлемге белгілі болған ең ірі база деп бағалады.
Тағы бір OSINT-сарапшы – Athene Noctua 2024 жылғы маусымда Ресей Құрлық әскерлерінің әуе қорғанысы құралдары қорының шамамен 60%-ы "75 Арсенал" базасында сақталғанын жазды. Оның есебінше, барлығы 950 бірлік техникадан тұратын анықталған қордың 574 бірлігі осы жерде сақталыпты.
Сарапшы мұндай қорытындыға спутниктік суреттерді зерттеу арқылы келген: онда әскери техниканың өте көп шоғырланғаны көрсетілген.
Ендеше Серпухов маңындағы арсеналға жасалған ықтимал соққының салдары бір ғана әскери қойманың зақымдануымен шектелмеуі мүмкін. Егер онда шынымен де Ресейдің әуе қорғанысы құралдарының елеулі бөлігі сақталып келген болса, нысанның істен шығуы техниканы қалпына келтіру үдерісіне де кері әсер етуі ықтимал.
Еуропалық одақ та бұл кәсіпорынның әскери маңызына ерекше көңіл бөліп келді. 75-ші арсеналға сарапшылардың назарын аудартқан тағы бір жайт – санкциялар.
Таяуда, 2026 жылғы 12 қазанда Еуропалық одақ "75 Арсенал" АҚ-ның бас директоры Оксана Лаптеваны санкциялық тізімге енгізді. Шешімнің негіздемесінде кәсіпорынның Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіндегі айрықша рөліне баса назар аударылған.
"Аталған кәсіпорын РФ үшін стратегиялық маңызы бар сала саналатын Ресейдің қорғаныс өнеркәсібінің құрамына кіреді. "75 Арсенал" АҚ РФ Үкіметі тарапынан Ресейдің қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне кіретін ірі кәсіпорын ретінде ресми танылған. Осылайша, Оксана Лаптева Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне елеулі қолдау көрсетеді", – деп хабарлады Еуропалық одақ Кеңесі.