Мәскеу украиналық балаларды қалай орысқа айналдырып жатыр?

1909

Ресей көрші елден мыңдаған жеткіншекті еркінен тыс әкеткен. Олар "Украина жасасын!" дегенді доғарып, бүгінде көрші мемлекетке "сүйіспеншілігін" байқатып жүр-міс.

Мәскеу украиналық балаларды қалай орысқа айналдырып жатыр?

"Ассошиэйтед пресс" зерттеуі көрсетіп бергендей, Ресей қазір украиналық балаларды асырап алуға және оларды орыс етіп тәрбиелеуге ашық әрекеттеніп жатыр. Агенттік тілшісінің ойынша, бұл – соғыстың ең қауіпті мәселелерінің бірі.

Мариуполь сияқты тас-талқаны шыққан қалалардың жертөлелерінен және  Донбасстағы ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аймақтардағы балалар үйлерінен мыңдаған бала табылды. Олардың ішінде Ресейдің әскери шабуылы кесірінен ата-аналарын жоғалтқандар мен арнайы мекемелерде немесе патронаттық отбасыларда тәрбиеленген "мемлекет балалары" да бар.

Ресейге сенсек, бұл балалардың ата-аналары, қамқоршысы жоқ немесе бар болса да олармен байланысу мүмкін емес. Бірақ "Ассошиэйтед пресс" жергілікті биліктің украиндық балаларды келісімсіз Ресейге немесе Ресейдің бақылауындағы аумақтарға депортациялағанын және жеткіншектерге әке-шешелеріңе керек емессіңдер деп өтірік айтқанын, тіпті оларды үгіт-насихатқа пайдаланғанын, ресейлік отбасыларға тапсырып, РФ азаматтығын бергенін анықтады.

AP агенттігі бұл зерттеу материалын Украинадағы және Ресейдегі ата-аналармен, балалармен, билік өкілдерімен жүргізілген ондаған сұхбатқа, электрондық пошталар мен хаттарға, ресейлік құжаттар мен ресейлік мемлекеттік БАҚ деректеріне сүйеніп, әзірлегенін мәлімдеп отыр.

Ата-анасы бар ма, жоқ па, соғыс перзенттерін басқа елде немесе мәдениетте тәрбиелеу геноцидтің белгісі және қарсылас елдің ұлттық ерекшелігін өшіру әрекеті болуы мүмкін. Прокурорлар бұл проблемаға бала асырап алуды қолдаған Ресей Президенті Владимир Путиннің де тікелей қатысы болуы ықтимал екенін айтады.

"Бұл ұрыс даласында бірден бола салатын нәрсе емес. Сіздің жауапкершілікті ең жоғары деңгейден іздеуіңіз жөн тәрізді", – дейді АҚШ-тың соғыс қылмыстары мәселелері бойынша Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Стивен Рапп АР тілшісіне берген сұқбатында.

Рапптің айтуынша, ата-анасы қайтыс болса да, олардың балалары Ресейге депортацияланбай, Украинада пана тауып немесе асырап алынуы керек.

РФ заңнамасы шетелдік балаларды асырап алуға тыйым салады. Бірақ мамыр айында Путин ата-ана қамқорлығынсыз қалған украиналық балаларды асырап алуды және оларға азаматтық беруді жеңілдететін жарлыққа қол қойды. Мұның нәтижесінде оларды Украинада тірі қалған туыстарының қайтарып алуы қиынға соқпақ.

Ресейде, сондай-ақ украиналық балаларды асырап алуға қолайлы отбасылардың тізімі дайындалды. Оларға әрбір бала үшін ақша төленеді, ал бала мүгедек болса, жәрдемақы көлемі 1 000 долларға дейін жетуі мүмкін және де Ресей украиналық жетімдерге арналған жазғы лагерлер ашып, оларда "патриоттық тәрбие" сабақтарын өткізіліп, тіпті ресейлік отбасыларды Донбасс балаларымен табыстыру үшін сенім телефондары іске қосылған.

"Бұл – өте қорқынышты оқиға. Қаладан жүздеген бала әкетілді. Олардың ата-анасы бар ма, әлде өгей әке-шешесі немесе өзге де қамқоршысы бар ма, біз біле алмадық. Өйткені, орыс әскерлері оларды күштеп алып кетті", – дейді Мариуполь әкімінің кеңесшісі Петр Андрющенко.

Украинаның балалар үйлеріндегі талай жеткіншек жетім емес. Украина үкіметі БҰҰ-ға мәлімдегендей, "жетім емес, ауруы жоқ бұл балалар ата-аналары қиын жағдайға душар болғандықтан" мемлекет қарамағына тапсырылған.

Не десекте, Ресей украиналық қорғансыз балаларды жаңа үйлермен, медициналық ресурстармен қамтамасыз етуді жомарттық актісі ретінде насихаттап, мемлекеттік БАҚ-тарда жергілікті шенеуніктердің оларды құшақтап сүйіп, Ресей төлқұжаттарын беріп жатқанын көрсетіп жүр.

Ресейге депортацияланған украиналық бүлдіршіндердің нақты санын анықтау өте қиын. Алайда, Киев таратқан кейбір деректерге қарағанда, олар шамамен 8 мыңға жетіп қалды. Ресей болса, олардың жалпы санын атамай отыр.

Наурызда Ресейдің балалар құқықтары жөніндегі омбудсмені Мария Львова-Белова елде 1000-нан астам украиналық бала бар екенін айтты және де ол жазда 120 ресейлік отбасының қамқорлыққа алуға өтініш білдіргенін, бұған қоса 130-дан астам украин баласына Ресей азаматтығы берілгенін мәлімдеді. Содан бері Ресейге көрші елден тағы талай бала жеткізіліп, 234-і қазанда эвакуацияланған.

Львова-Белованың айтуынша, жаны жаралы балалар нашар ұйықтап, түнде жылап, жертөлелер мен бомбадан қорғайтын орындардың суретін салады. Сондықтан олар қазір Ресейдің көмегіне өте мұқтаж екен. Тағы бір сөзінде омбудсмен алғашқы кезде Мариуполь жертөлелерінен Ресейге әкелінген 30 баланың Украинаның әнұранын орындап, "Украина жасасын!" деп айқайлағанын мойындады. Бірақ Львова-Белованың айтуынша, қазір бұл балалардың наразылығы "Ресейге деген сүйіспеншілікке ұласып кеткен".

Айта кетсек, Львова-Белованы да АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Канада және Австралия санкциялық тізімге енгізген еді.

Тамызда Мәскеудің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің ресейлік патронаттық отбасыларға алғыс білдірген постында: "Біздің балалар... Енді олар біздікі" деген жазба жарияланды.

Ресей Украина балаларын ұрлады деп алғаш рет айыпталып отырған жоқ.

2014 жылы Мәскеу Қырым түбегін аннексиялағаннан кейін Лугансктен келген 80-нен астам бала бақылау-өткізу пункттерінде тоқтатылып, ұрланған. Сол үшін Украина сотқа шағымданды, ал Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі соты ол балалар Ресейге "медициналық көмексіз немесе қажетті құжаттарсыз" әкетілді деген тоқтамға келді. Бірақ еуропалық соттың үкімі шықпай тұрып, украиналық балалар еліне қайтарылған.

Адам құқығын қорғаушы Катерина Рашевская Қырымда "Үміт пойызы" бағдарламасы бойынша ресейліктер асырап алған 30 шақты украиналық баланы білетінін айтты. Қазір сол жеткіншектердің кейбірі орыс әскерінің қатарында жүруі мүмкін. Себебі 2015 жылдан бері "Жас армия кадеттері" ұлттық қозғалысы Қырым мен Ресейде жастарды армияға әзірлеп келеді.

Биыл наурыз айынан бері кем дегенде 96 бала Украинаға қайтарылды. Бірақ Украина үкіметі Ресейде тағы мыңдаған баланың жеке басын анықтағанын айтып отыр.

Сонымен қатар Ресейде аты-жөні жарияланбаған тағы талай украиналық бала болуы мүмкін.

"Біз Ресей Федерациясынан оларды қайтаруды талап ете алмаймыз, өйткені кімнің оралуы керектігін өзіміз де білмейміз", – дейді Рашевская.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс болса, ұрланған балалар оқиғасын "өте қорқынышты, бірақ өкінішке орай, таңқаларлық емес" деп сипаттады.

Ресей балаларды депортациялауын Украинадағы төрт аумақты аннексиялағанымен ақтап алғысы келеді. БҰҰ мен бүкіл әлем қыркүйектің аяғында ол облыстарда өткізілген референдумдарды жалған деп атады. Осы облыстардың бірі – Луганск губернаторы Сергей Гайдай Ресей үкіметін украиналықтарды ата-ана құқығынан айыратын құжаттар жасады деп айыптады және де Гайдай да украиндық балалар Ресей әскеріне алынады деп қауіптеніп отыр.

Оккупацияланған территориялардағы Мәскеуге бағынышты шенеуніктер Ресейдің бұл ісіне наразы емес. Донецктегі балаларға арналған мекеме басшысы Ольга Волкова сәуірде 225 баланы Ресейдің теңіз жағалауындағы Таганрог қаласы маңындағы ауданға эвакуациялаған.

"Егер украиналық туыстары болса, балалар олармен байланыста шығып, хабарласып, ақыры кездесе алады", – дейді Волкова АР агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу