Мәскеу жаңа жылда Киевті алуға үлкен соғыс бастауы ықтимал

3412

Украина Қарулы күштерінің (ЗСУ) бас қолбасшысы, генерал Валерий Залужный өз елін нағыз азап келесі жылы күтіп тұрғанын болжады.

Мәскеу жаңа жылда Киевті алуға үлкен соғыс бастауы ықтимал

Залужныйдың британдық The Economist басылымына сұхбаты көптеген адамды тіксінтті. Өйткені ол негізінен пессимизмге толы. Әйтпесе, осының алдында АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты (Institute for the Study of War) оккупанттар биылғы 24 ақпаннан бері басып алған аумақтың 54%-ын ЗСУ-дың азат еткенін жариялаған.

Бұл әскери сарапшылардың "қыстың соңына дейін қалған аумақтар, соның ішінде Қырым да босатылады" деген оптимистік жорамалдарына тамыздық болды. Оның бәрін ЗСУ бас қолбасшысы бұзып отыр. 

Валерий Залужныйдың бағалауынша, биылғы ақпанда Киевті құлатып, елді тез бағындыруға құштарланған РФ армиясы он айға жуық уақыт ішінде үш жылдай әзірлеген ресурстарын сарқып алды. 

"Қазіргі кезде біздің ойымызша, олар әскери іс-қимылдарды уақытша тоқтатып, үзіліске қол жеткізу үшін бәрін жасауда. Осы мақсатта біздің әйелдеріміз бен балаларымыз қақаған қыста қатып өлуі үшін бейбіт қалаларды үстемелете атқылап жатыр. Бұл оларға бір ғана қарапайым мақсат үшін қажет: олар ресурс жинағысы, сөйтіп, бастапқы мұратына қол жеткізу үшін қуатты жаңа соққы жасағысы келеді. Ал бұған уақыт керек. Сонымен бірге олар басқа міндет бойынша жұмыс істеуде: өздеріне соққы жасатпау үшін біздің армияға қайта топтасуына тосқауыл қоюға барын салып жатыр. Міне, осы себепті 1500 шақырымдық алғы шептің өне бойында жаппай ұрыс салуда. Шайқас бір жерде қарқынды, бірінде сұрапыл, ал бірінде бәсеңдеу жүруде, бірақ мұның бәрі саны аз украиналық әскерлерді байлап, матап тастайды. Бұдан Украина Қарулы күштерінің титықтаған жайы бар", – деді бас қолбасшы.

Ол Ресей жағының "шамамен Орал аумағында" жаңа ресурстарды – жаңа әскерлерді, қаруларды дайындап жатқанына сенімді екенін әңгімеледі.

Фолловерлер мен донаттар жиюға еліккен әскери шолушылардың, қаптаған блогерлердің оптимистік, рух көтеретін тұжырымсымақтарына сеніп қалған Украина және шетелдік, батыстық аудитория ЗСУ-дан жаңа жеңістер күтіп, ол болмаған соң, тіпті айыптай бастаған екен. Залужный желіккендердің көңілін су сепкендей басты: қазіргі міндет – жаңа аумақтарды босату емес. "Байтал түгіл бас қайғы" жағдай туып, бұған дейін азат етілген территорияларды ұстап қалу мұңға айналуы мүмкін. 

"Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – бірінші кезекте қазіргі шепті ұстап қалу және ары қарай позицияларды, бекіністерді жоғалтпау болады. Бұл өте маңызды. Бір шегінсең, ол жерлерді кейін босату – уыстан шығармауға қарағанда он-он бес есе қиынға түсетінін білемін. Өйткені шабуылдаушылардың шығыны бірнеше есе көп. Ендеше біздің бүгінгі міндетіміз – бір табан шегінбей, тіресу. Бұл біздің стратегиялық міндетіміз", – деді В.Залужный.

Оның айтқан келесі міндеті украиналықтардың көңіліндегі қауіпті қалыңдата түсті: екінші стратегиялық міндет – келесі жылғы жаңа соғысқа дайындалу болады.

Валерий Залужныйдың тұспалдауынша, ол соғыс 2023 жылғы ақпанда басталуы ықтимал. Ресей оған тың күштермен және резервтермен кіреді. Украина да соған талаптануы қажет. Алайда ЗСУ бас қолбасшысы "өзінің барлық әскері қазіргі уақытта ұрыстарға жұмылдырылғанын, олар қансыраған күйде екенін" күрсіне жеткізді. Оларды қайсарлық, отаншылдық, қаһармандық және білікті командирлеріне деген сенім алға жетелейді. 

В.Залужныйдың байламынша, егер Ресей Киевке қарай жаңа шапқыншылықты 2023 жылғы қаңтарда бастаса, бұл Украина үшін ең нашар сцераний болмақ. Резервтер жасап, дайындалып үлгермейтін түрі бар. Егер ақпанда басталса, азды-кем әзірленуге мүмкіндік болады. Егер жаңа соғыс наурызда болса, оған ЗСУ үлкен дайындықпен кіре алады екен. Генералдың пайымдауынша, қарсылас кең ауқымды басқыншылықты "Донбастан өрбітпейді, бірден Киевті алуға тырысады, оңтүстіктен шабуылдауы мүмкін". Бұл үшін оның 1,2–1,5 миллион жауынгерден тұратын резерві бар. Яғни, Украинаға қайтадан өз астанасын отарлаудан қорғап қалу үшін жанын салып, қасық қаны қалғанша арпалысу қажет болуы ықтимал. 

Залужный келесі жылы ұлы шайқаста аман қалу үшін қанша танк, артиллерия, снаряд және басқасы қажет болатынын есептегендерін хабарлады. Оны батыстық серіктестеріне жеткізбек.

Бірақ Батыс өзінде қару тапшылығы басталғанын мәлімдеді. Мысалы, қарқынды ұрыс кезінде ЗСУ алғы шепте бір күнде 6 мыңнан астам снарядты шығындайды екен, ал АҚШ пен Еуропа осынша оқ-дәріні бір айда әзер өндіруі мүмкін.

Украина өзіне миллион снаряд қажет болатынын мәлімдепті. Мұны естігенде Ұлыбританияның қорғаныс штабының бастығы, адмирал Энтони Радакин бас шайқаған: "Онда біз барлық қорымызды сарқып, Еуропадан айырылып қаламыз. Егер сіздер миллион снарядты шығындап қойсаңыздар, бізде Еуропаны қорғауға ештеңе қалмайды". Содан Киев ең құрыса 50 мың снаряд жолдауды сұрапты. Мұны естігенде, әскери шығындардың есеп-қисабын жасайтын лауазымды тұлғалар шалқасынан түсе жаздаған. 

В.Залужный АҚШ Штабтар бастықтарының біріккен комитетінің төрағасы Марк Миллиге ауыр жағдайды түсіндіруге тырысатынын мәлім етті. 

"Мен оған мұның бәрі қанша сомаға түсетінін егжей-тегжейлі айтып беремін. Егер біз сонша қаруды ала алмасақ, онда әрине, ақырына дейін айқасамыз. Бірақ кино кейіпкерлерінің бірі айтқандай, ол ақырдың қандай болатынына еш кепілдік бере алмаймын. Салдарларын болжап білу мүмкін емес", – деді ол.

Украиналық әскери сарапшылардың түсіндіруінше, егер Украина тізе бүксе, оның әскері, барлық ер-азаматтары амалсыз жау қолына қосылады да, осылай қуаттанған алапат армия ары қарай басқа елдерге лап қоюы мүмкін. Негізсіз емес: РФ 2014 жылдан бері өзіне қосып алған Украинаның Қырым автономиясының, Луганск және Донецк облыстарының (ЛХР/ДХР) тұрғындары бүгінде ресейлік әскер қатарында жан сала соғыс салып жүр.

The Economist журналисті: "Онда сіздерге қосымша мобилизация жүргізуге тура келетін шығар?" деп сұрады. Бұған жауап қатқан Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы қосымша мобилизация еш көмектесе алмайтынын, себебі жүздеген мың жаңа солдаттарды қаруландыруға қару-жарақ, БМП, БТР, танктер жоқтығын, сондықтан олардың босқа опат болуы мүмкін екенін аңғартты. Ол Батыстан F-16 сияқты ұшақтарды алудан үмітін үзгенін білдірді.

Сөз соңында ЗСУ бас қолбасшысы Валерий Залужный дұшпанды жеңе алатынын нықтады және отарлаушыларды 2022 жылғы 23 ақпандағы шекараға дейін ығыстыру үшін Батыстан не керек болатынын нақты жеткізді: 300 танк, 600-700 БМП, 500 гаубица қажет көрінеді. 

Ал әзірге өз қолында бар қару тек бір ғана бағытта шабуыл жүргізуге жетеді екен.

Ресейлік аудитор сарапшы, экономист, әскери-саяси тақырыпқа маманданған Newsader арнасының негізін қалаушы Александр Кушнарьдың байламынша, Валерий Залужныйдың бұл сұхбаты оның құрық бойлатпас әскери қулығынан туған бір айла-шарғысы болуы мүмкін.

"Атақты "Соғыс өнері" туындысының авторы, қытай стратегі Сунь-Цзы: "Егер сен әлсіз болсаң, күшті болуға ұмтыл. Егер күшті болсаң, әлсіз сияқты көрін" деген өсиет қалдырыпты. Бұл сұхбатының әр сөйлемін қарсылас лупамен оқып, зерделейтінін Залужный жақсы біледі. Сондықтан ол өз армиясының осал тұстарын жауының алдына жайып салмас еді. Мұндай аңғалдықты ол бұған дейін бірде бір рет көрсеткен емес. Украина ақпараттық соғысты да өте сауатты жүргізуде. Британдық басылымға сұхбат бермес бұрын ол өз кеңесшілерімен бірнеше күн мұқият дайындалғаны сөзсіз. Сұхбат аяқ астынан берілген жоқ. Тиісінше, бұл сұхбатта сасқалақтаған не қажыған адам айта салатын, сөйтіп, дұшпанның жеңуіне ықпал ететін кездейсоқ бір сөз таба алмайсыз", – деді А.Кушнарь.

Оның пікірінше, осы сұхбат арқылы Украина өз дегеніне жетуге тағы қадам жасады. Сондай-ақ қару беруде сараңдық, сақтық танытып отырған Батыстағы серіктестерін түртпектеп, қару жеткізілімін арттыруға итермеледі. Сұхбат берудегі бір мақсаты – Ресейді шатастыру, теріс ақпарат негізінде адасқан қимыл жасауға арандату болуы да мүмкін. Мұның шындық немесе жалған екенін келесі жыл көрсетері сөзсіз. Ресей тарапы әзірге кең ауқымды жаңа шапқыншылыққа дайындалып жатқанын жарияламады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу