Мәскеуде Құран өртеп жатқандар жазалануы қажет

3285

Мұсылмандарды жақтырмайтын және тең санамайтын болса, Ресей үшін мұсылман жамағатының жанын қиғаны әділетті ме? 

Мәскеуде Құран өртеп жатқандар жазалануы қажет Фото: mk.ru

Мәскеудегі паркте Құранды өртеу фактісі бойынша Ресейде бір қылмыстық іс қозғалды. Бірақ Рунетте, телеграм-арналарда таралып жатқан видеоларда халық Ислам әлемі қасиет тұтатын кітаптың бірнеше рет өртелгеніне назар аудартады.

"Очередное сожжение Корана. На "святом" озере" делінген видеолардың бірінде.

РФ ішкі істер министрлігінің Мәскеу қаласы бойынша Бас басқармасы осыған байланысты мәлімдеде жасады.

"Астаналық полицияның қызметкерлері Шығыс округ аумағындағы құқыққа қайшы іс-қимылдарға күдіктінің жеке тұлғасын анықтап жатыр. Интернет желісіне мониторинг жүргізу барысында полицейлер Кұранды қорлау бейнеленген видеороликті тапты. Оқиға Мәскеудің Шығыс округі аумағында болған деп болжанып отыр. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кешенін жүргізіп жатыр. Оның барысында барлық жағдайлар анықталады, күдікті анықталып, ұсталады", – деп хабарлады ведомство.

Алайда РФ ІІМ тіпті қылмыстық істің қандай бап бойынша қозғалғанын да айтпады. Сондықтан пікір білдірушілер бұл мәлімдеме көңіліне алаң түскен ресейлік мұсылман жамағатын жұбатып, алдаусырату үшін айтыла салынған өтірік болуы мүмкін деп шүбә келтіруде.

Өткен бейсенбіде Құранды өртеу мезеті бейнеленген видеоны rusfoines9v бүркеншік есімі бар тиктокер жариялады. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол видеода: "Москва для русских! Знайте свое место!" деген жазу және "Триозерье" хэштегі жазылған. Ал фондық әуен ретінде Қазақстанда да танымал ресейлік әнші Стас Михайловтың "Святая Русь, здесь живу я и молюсь!" деген әні таңдалыпты.

РФ құзырлы органдары бүгінде ол роликтің қолжетімсіз екенін, тиктокердің өзі жойғанын хабарлаған. Бірақ мұнысы жалған: бейнежазба rusfoines9v парақшасында сол бойы тұр.

Би-Би-Си дау Мәскеуде жаңа мешіт салуға қарсы биылғы ақпандағы наразылық акцияларынан басталғанына назар аудартты.

Айтпақшы, әдетте "Бейбітшілік болсын" деген жазу көтеріп, пикетке шыққан жалғыз адамның өзіне бірнешеуі жабылып, тепкілеп, қолын бұрап алып кететін ресейлік күш құрылымдары биылғы 2 сәуірде бірден жүздеген адамның мешіт құрылысына қарсы санкцияланбаған митингіне үнсіз жол беріп, көз жұма қараған.

ВВС мәліметінше, 2 сәуірде Мәскеудің оңтүстік әкімшілік округінде, "Царицыно" музей-қорық аумағындағы "Живоносный Источник" икона Божией Матери шіркеуі жанында негізінен еркектерден тұратын қалың тобыр жиналды. Олар өздерін "жергілікті аудан тұрғындарымыз" деп таныстырған және жергілікті биліктен "Қасиетті көлдің" жанында мешіттің құрылысын бастауға рұқсат бермеуді талап еткен. Олардың байламынша, ол маңда тек шіркеу ғана тұра алады.

Бұдан әрине, "діни шовинизм" нышандарын байқауға болар еді. Алайда әдетте, халқының үніне пысқырмайтын билік бұл талапты лезде орындады. Сол күні Мәскеу мэриясы ол жерде мешіт салуға енді рұқсат етілмейтінін, бұл жобаға қаланың басқа бөліктерінен бір орын бөлінуі мүмкін екенін жариялады.

"Қасиетті көл мен православ шіркеуі жанында мешіт салынбайды. Мешіт құрылысына Косино-Ухтомский ауданында, "Косино" метро станциясынан алыс емес жерде, Мәскеу айналма автокөлік жолының (МКАД) және Мәскеулік жүрдек диаметрдің (Московский скоростной диаметр) ар жағында жер телімі бөлінетін болады", – деп мәлімдеді РФ астанасының мэрі Сергей Собянин.

Оның айтуынша, мешітті салуға басқа орын табуды сұрап, оған Мәскеу және барша Ресей патриархы Кириллдің (Владимир Гундяев) өзі шығыпты. Сондай-ақ Ресей мүфтилері кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдиннің де келісімі алынған.

Тағы бір тіксінтетін жайт бар: Мәскеу мэрі жаңа мешіттің ауданы 40 мың емес, 2,5 мың шаршы метр ғана болатынын мәлім етті. Салыстырсақ, Мәскеудің көрнекті орны саналатын "Федерация" заңғар ғимараттар кешенінің бір ғана "Восток" мұнарасы 196 мың шаршы метрді алып жатыр. Яғни, мешітке бір ғана "небоскребқа" бөлінгеннен 79 еседей аз жер учаскесі берілмек.

Бұған дейін өзін ресейлік барша мұсылмандардың қорғаны ретінде паш етіп келген Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров бұл жағдайдан түңілгенін жасырмады. Ол алдымен 3 сәуірде мәлімдеме жасап, мешітке қарсы шерулерге сескенбей шығып жүрген қол-аяғы балғадай мәскеулік еркектерге майданға, окоптарға аттануға кеңес берді.

"Егер осы митингтердің барлық қатысушылары шынымен де орыс жерін қорғау идеясына бүкіл жан-тәнімен берілген болса, онда алға: қолдарына автомат алсын да, окоптарға аттансын! Алғы шептен орыс жерінің кең-байтақ көкжиегін көзбен де шола алмайсың. Оның бәрін күн сайын қорғау қажет. Автоматты қолыңа ал, иығыңмен алдағы мұсылманды кері ысыр да, өзіңнің нағыз патриот екеніңді іс жүзінде паш ет. Әйтпесе, мұсылмандар сенің орныңа күн сайын орысшыл Донбас үшін шайқасуда", – деді Р.Қадеров телеграм-арнасындағы мәлімдемесінде.

Әрине, оның шерушілерді көрші бейбіт елде қан төгуге айдап салуын еш құптауға болмайды. Бұл амалы, қауқары таусылған жанның қарекетіне ұқсайды. Әйтпесе, беделі мен қуаты болса, автократиялық мемлекетте әлгі заңсыз жиындарды әп-сәтте таратып сала алатын еді. Оның үстіне егер ол Украинаны шабуылдап жатқан барша мұсылманды соғыс даласынан бір мезетте алып кетсе, бұл Мәскеуге анағұрлым қуатты, тиімді ықпал етер еді. Бірақ оған да бара алмады.

Өкінішке қарай, биліктің өз жағына шыққанын, талабын орындата алатынын түсінсе керек, наразылық білдірушілер енді діни төзімсіздікті ары қарай ушықтырып, Ислам әлемінің қасиетті кітабын өртеуге кірісті. Мұндай сорақылық солтүстік көршінің жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған.

Жаңа мешіттің құрылыс орны көшірілген Косино-Ухтомский ауданының тұрғындары наразылық акцияларын өткізді. Олардың дәйектеуінше, бұл ауданда мешіттің пайда болуы оған мұсылман жамағатының көптеп жиналуына ықпал етеді, ал бұл "көлік кептелісіне және салмақты экологиялық шығынға" соқтырады-мыс.

Өз қатарларына мейлінше көп адамды тарту үшін ресейліктер сүйікті құралына – фейкке жүгінді: ресейлік әлеуметтік желілерде "шағын мешіт емес, тұтас Ислам орталығы тұрғызылады және ол шамамен 60 мың адамды сидырады" деген жалған ақпарат, қауесет белсенді таратылып жатыр. Тіпті ресейлік басылымдар да әлдебір анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап, мешіт орнына діни ағартушылық орталық салу жоспарланған деп отқа май құя түсуде.

Бұған қоса, қарсы жақ осы жоба "ауданға орталықазиялық мигранттардың қаптауына, қылмыстық ахуалдың ушығуына" түрткі болады деп үрей тудыруда.

Мұнымен де шектелмеген олар Мәскеуде жаңа мешіт салуға қарсы петиция жариялады, оған ондаған мың адам қол қойған.

Бұл оқиға спортшыларды да екіге жарды. Себебі, наразылық акциясына спортшылар қатысуда. Мысалы, солардың арасында ММА күрескері Максим Дивнич әсіребелсенділік танытып, қарсылығын қаттырақ білдіріп, митингшілерді бастап жүрді. Оның бұл теріс қылығы Ислам дінін ұстанатын ММА күрескерлерінің өткір реакциясын тудырды.

"Дивнич сияқты әбілеттер қанша жерден қарсыласып бақса да, Мәскеуде де, Ресейде де мешіттер мен мұсылмандар барған сайын көп болады!", – деп мәлімдеді UFC чемпионы Ислам Махачев.

Рамзан Қадыров Құранды қорлау оқиғасына өзінің телеграм-арнасы арқылы үн қатты. Ол мұны мұсылмандарға да, православтарға да қажет емес арандатушылық, провокация деп бағалады.

"Қасиетті Құранды қорлау, мұсылмандардың ар-намысын аяққа таптау толқыны Ресейге жетті. ...Байыбына бара бастадық. Тексерудің алғашқы нәтижелері қазірден бар. Мен ФСБ басшылығымен және мамандарымен байланыстамын. Олар таратылған роликтің ақпараттық ізін індете іздеп жатыр. Менің мамандарым да жұмыс істеуде. Мәскеу мэриясы төл ресурстарын іске қосты. Техникалық мамандар анықтағандай, мессенджерлерде тарала бастағаннан бұрын видео алдымен Украинаға жолданыпты. Қазіргі уақытта украиналық провокатордың тұлғасы анықталуда, ол лайықты жазасын алады", – деді Р.Қадыров.

Таз ашуын тырнадан алады деген, бүгінде ресейдегілер биліктің былықтарынан бастап, қатардағы әлеуметтік проблемаларға дейін, бәрінің айыбын Украинаға, Батысқа жаба салуға жаман үйренді. Бәлкім, Құранды жаққан мәскеулік ұсталса, оны Украинаның тыңшысы деп жариялай салуы да ғажап емес. Сонда Мәскеу көшелеріне, мешіт құрылысына қарсы шеруге қаптап шыққандар да украиналықтар ма? Бұл сұраққа бас қатырған ешкім жоқ.

Жалпы, ұлттық бірлік пен мемлекеттік тұрақтылықтың бір ұстыны – діни татулық болса керек. Діни алауыздыққа ұрынған елдің болашағы бұлыңғыр екенін әлемдегі өзге елдердің қайғылы тәжірибесі көрсетіп отыр. Оны қайталамау маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу