Мәскеуде ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановқа бюст қойылды

Ескерткіш Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі қазақстандық павильонда орнатылған. 

Мәскеуде ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановқа бюст қойылды Фото: gov.kz

Бұл – қазақ халқының көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына орай көрсетілген құрметтің бір парасы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ұлт көсемінің ерлігіне тоқталды. 

– Бөкейханов Ресей империясы Мемлекеттік Думасының жұмысына қатыса отырып, қазақ пен басқа да байырғы халықтардың мүдделерін қорғады. Ол көпұлтты бірлік пен прогреске сенді және оның мұрасы бүгінгі күнде елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік қағидаттарында көрініс тауып отыр, – деді ол. 

Елші бюстті орнатуға бастамашы болған қазақстандық кәсіпкер Жанболат Надыровқа және барлық осы игі іске атсалысқандарға алғысын білдірді. Ол бұл оқиғаны "қос халықтың ортақ тарихына қосқан үлесіне құрмет" деп атады.

– Әлихан Бөкейханов ұрпақ үшін өмірі мен қызметі үлгі бола алатын халқымыздың көрнекті өкілі, мұндай адамдарға ескерткіштер орнату қажет деп санаймын. Енді Мәскеуге келуші қазақстандық қонақтар ХШЖК-ға барып, атақты жерлесімізге өз құрметтерін білдіре алады, – деді Жанболат Надыров. 

Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі қазақстандық павильонының басшысы Тамара Бабакова кәсіпкердің сөзін қоштай түсті. Ол павильонға келушілердің саны көп екенін айтты. 

– Бөкейхановтың бюсті өткен, қазіргі және болашақ кезең арасындағы байланыстың символына айналады, – деді ол. 

Іс-шараның қадірлі қонағы, Әлихан Бөкейхановтың немере інісі, профессор Нұрым Бөкейханов Алаш арысының қазақ халқы үшін берері көп болғанын өкінішпен еске алды. 

– Оның бастамасымен Абайдың барлық өлеңі жинақталды. Ол тұңғыш абайтанушы болды, көрнекті ақын мен философтың мұрасын халыққа жеткізді, – деді Нұрым Бөкейханов.

Еске салайық, 1920-1930 жылдары Әлихан Бөкейханов Мәскеуде тұрып, ғылыми және әдеби қызметпен айналысқан. 1937 жылы ол қуғын-сүргінге ұшырап, атылды, 1989 жылы ғана қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты ақталды. Әлихан Бөкейханов Мәскеудегі Дон қорымындағы ортақ қабірде жерленген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу