Мәскеудегі қазақ диаспорасы басшысының не үшін тұтқындалғаны белгілі болды

4125

Оған бір сөзі үшін Ресейде ұзақ жыл түрмеге қамалу қаупі төнді.

Мәскеудегі қазақ диаспорасы басшысының не үшін тұтқындалғаны белгілі болды Фото: 59.rosguard.gov.ru

Мәскеу қаласының Останкино аудандық соты РФ астанасындағы "Қазақ диаспорасы" мәскеулік қоры коммерциялық емес ұйымының басшысына қатысты үкім шығарып, бұлтартпау шарасын қабылдады.

Ресейлік тергеушілер оны "Ресей армиясы туралы фейк таратты" деп айыптады.

"Мәскеу қаласының Останкино аудандық сотының қаулысымен, РФ Қылмыстық кодексінің 207.3-бабының 2-тармағының "д" бөлімінде қарастырылған қылмысты (Ресей федерациясының қарулы күштерін пайдалану туралы көрінеу жалған ақпаратты жария тарату) жасағаны үшін айыпталған Джамалов Полата Онеровичке қатысты белгілі бір іс-қимылдарға тыйым салу түрінде бұлтартпау шарасы тағайындалды. Оған 1 ай 3 тәулік бойы, 2024 жылғы 11 қыркүйекке дейін белгілі бір іс-қимылдарды жасауына тыйым салынады", – деп қысқа айтылған мәскеулік Останкино аудандық сотының қаулысында.

Сот "белгілі бір іс-қимылдарға" не жататынын нақтыламады. Дегенмен, РФ Қылмыстық кодексінің 207.3-бабы – ең ауырының бірі саналады. Оған сәйкес, Ресейдің армиясына қатысты ресми ақпаратқа қайшы кез келген мәліметті (тіпті ол шындық болса да) таратушылар ұзақ жылға абақтыға қамалады.

Мәселен, оның сөз болған "д" бөліміне сәйкес, РФ қарулы күштері туралы ақпаратты "саяси, идеологиялық, нәсілдік, ұлттық немесе діни араздық мақсатында" таратқаны үшін "жұмсақ" дегенде 3-5 миллион рубль мөлшерінде айыппұл салынады. Қатаң дегенде, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5-тен 10 жылға дейін соттайды.

"Тергеу нұсқасы бойынша Джамалов өз іс-әрекеттерінің құқыққа қайшы сипатын және қоғамға қауіп төндіретінін түсінген. РФ халқына деген құрмет пен сенімге, РФ қарулы күштерінің және іс басындағы мемлекеттік биліктің беделіне нұқсан келтіру және дискредитациялау  түрінде қоғамдық қауіпті салдарлары сөзсіз болатынын болжап білген. Ол саяси, ұлттық жеккөрініш пен араздықты тудыру мотивтерін басшылыққа алып, "Интернет" желісінде шындыққа жанаспайтын жарияланым жариялаған", – делінген Останкино аудандық сотының хабарламасында.

Онда айыпталушының интернетте орналастырған қандай жарияланымы үшін сотталғаны айтылмайды.

Ұзақ жылдан бері мәскеулік Қазақ ұлттық мәдени автономиясының төрағасы болып келген Болат Өнерұлы Жамалов – Өзбекстанда туған қазақ. Ол қазіргі отаны саналатын Ресейді үнемі ашықтан ашық сынап келді. Мысалы, 2013 жылғы 15 қазанда Мәскеудегі Некрасов орталық ғылыми кітапханасында өткен "Что такое хорошо и что такое плохо? – ценностные ориентиры в современной России" атты пікірталастық дөңгелек үстелде Жамалов Мәскеу саясатын қатты сынады. Оның пікірінше, "қазіргі Ресей мемлекеті – "имитацияға" айналып кетті, онда экономикада да, қоғамда да деградацияланудың басқаруға көнбейтін процестері жүруде".

2014 жылы Ресей Қырымды алып, Донбаста шиеленіс өртін туғызғаннан кейін сыншыл Жамаловты оқу орындарына, конференцияларға, ақпарат құралдарына шақыру тыйылған.

2022 жылғы қанды қаңтар кезінде Болат Жамалов басым бөлігін ресейлік әскерилер мен әскери техника құраған ҰҚШҰ әскери контингентінің Қазақстанға енгізілуіне қарсы болып, олардың "басқыншыға" айналып кетуі мүмкіндігін болжады. Абырой болғанда, Қазақстан көшбасшысы жағдай тұрақтала сала, ҰҚШҰ "бітімгершілерінен" елден шығуын табанды сұрады.

Ақыры міне, енді Мәскеудегі қазақ диаспорасы төрағасының үстінен іс қозғалып, ол тұтқындалған. Бұл туралы Ресей тергеу комитетінің баяндамасына сілтеме жасап, ресейлік ақпарат құралдары хабарлады.

Бірқатар деректер бойынша Жамаловтың үстінен қылмыстық іс құпия түрде бұден көп бұрын, 2023 жылғы 11 қыркүйекте қозғалған екен. ТАСС агенттігі құқық қорғау органдарындағы дереккөздеріне сілтеп, бұл фактіні растады. Бұған Жамаловтың Facebook парақшасында орналастырған посты сылтау болыпты.

Ол жарияланымына Болат Өнерұлы бір құжаттың фотосын қоса тіркеген: онда 2022 жылғы тамыздың ортасына қарай Украинадағы соғыста 48 759 ресейлік солдаттың қаза тапқаны жазылған. Бюджеттік шығынның көлемін бағамдау мақсатында құжатты РФ қаржы министрінің орынбасары Ирина Окладникова вице-премьер Дмитрий Григоренкоға жолдаған көрінеді.

"8132 – арнайы әскери операция басталғалы, айына орта есеппен осынша солдат мерт болған. Ақша есепті жақсы көреді", – деген пікір жазды Жамалов.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі Мәскеудегі қазақ қоғамдастығы басшысының ұсталуына қатысты үн қатпады: елшілік сайтында бұған қатысты ешқандай түсініктеме жоқ.

Бұдан бұрын, былтырғы 2023 жылғы қазанда Қазақстанның РФ-тағы елшісі Дәурен Абаев Мәскеудің қазақ мәдени-қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерімен кездескен болатын. Жүздесуге Қазақ этномәдениетін сақтау және дамыту бойынша коммерциялық емес ұйымдар одағы Кеңесінің жауапты хатшысы ретінде Болат Жамалов, сонымен қатар "Еуразия әйелдері форумы" өңірлік қоғамдық ұйымының үйлестіру Кеңесінің төрайымы Раушан Қанапиянова, "Астана" халық достығын және ұлттық мәдениеттерді дамытуға жәрдемдесу қорының президенті Жарқын Өтешова, "Память" коммерициялық емес ұйым Кеңесінің төрайымы Гүлзифа Смирнова және басқалар қатысты.

Жиында Дәурен Абаев Қазақстан басшылығының Ресейдегі отандастарды қолдауға ерекше көңіл бөліп отырғанына сендірді. Ол Мәскеудегі қазақ диаспорасын "Қазақстан мен Ресейді рухани және мәдени жақындастыруға бағытталған жасампаз саясаттың басты буыны және ілгерілетушісі" болуға үндеді.

Өз кезегінде, жүздесуде сөз алған Жамалов Гёте және Сервантес институттарына ұқсастырып, Мәскеуде Абай институтын ашу бастамасын көтерді. Сондай-ақ ол "Қазақстанның достары қоғамдастығын" қайта қалпына келтіруді ұсынды. Бұрын мұндай ұйым түрлі кезеңде Қазақстанда тұрған және жұмыс істеген, бүгінде Ресей азаматтығын алған, қазаққа көзі түзу экс-отандастардың басын біріктірді. Ресейдің түрлі билік органдарында Қазақстанның өзіндік лоббиін құруға септескен. Соғыс басталғалы ресейліктер өзге мемлекетте туғанынан, тұрғанынан қаймығатын болды.

Сол кездесудің қорытындысында, қатысушылар РФ астанасында өмір сүріп жатқан қазақтардың көкейкесті мәселелерін талқылау және бірлескен жобаларын жүзеге асыру үшін тұрақты байланыс ұстап, жұмыс бабы бойынша тілдесіп тұруға келісіп тарасқан екен.

Ресейлік блогерлер Болат Жамаловтың қазақстандық "Отандастар" қоғамдық қорымен белсенді ынтымақтасқанын "айып" ретінде бетіне басып, "иноагент функцияларын атқарды" деп жазды. Шынында, "Отандастар" қоры тікелей Қазақстан Президенттің бастамасымен құрылған және шетелдегі қазақтарды қолдауға жауапты.

Ресейлік "Царьград" сайты Болат Жамаловқа 10 жылға дейін темір торға отыру қаупі төніп тұрғанын, оның уақытша оқшаулау изоляторына қамалғанын хабарлады. Одан уақытша босатылғанның өзінде мәскеулік қазақ диаспорасының басшысы шетелге кете алмайды, Мәскеуден тыс кетуіне тыйым салыныпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу