Мәскеудегі лаңкестік шабуылға кімдердің тапсырыс бергені белгілі болды

12161

Сарапшылар Тәжікстанның неге радикалдар ошағына айналып бара жатқанын анықтады.

Мәскеудегі лаңкестік шабуылға кімдердің тапсырыс бергені белгілі болды Фото: Бейнежазбадан

Ауғанстанның билігі "ИГИЛ-Даиш" (Қазақстанда тыйым салынған) лаңкестік ұйымының бір қанаты Орталық Азия елдерінде жасырынғанын мәлімдеді.

Ауған елінің тізгінін қолына алған тәліптер қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған) Қатардағы саяси кеңсесінің басшысы Сухейль Шахин аталған террористік ұйымының "Уәллаят Хорасан" ("Вилаят Хорасан") атауымен танылған ауғандық қанаты бүгінде Ауғанстаннан тыс жерде тығылып жүргенін жеткізді. Олар Мәскеу түбіндегі "Крокуста" ұйымдастырылған терактіні өз мойнына алды.

"Хорасанның бірқатар мүшелері сол бойы Ауғанстанда қалуы мүмкін. Бірақ енді "Хорасан" Орталық Азияда, Иранда, Үндістанда, Пәкістанда орнықты. Қазіргі кезде олар негізінен Ауғанстаннан тыс жерлерде жасырынған. Оның үстіне бәрі бірдей Ауғанстанның азаматтары емес", – деді Сухейль Шахин.

Оның айтуынша, тәліптер хорасандықтармен күреседі және Ауғанстанды олардан арылтып шығуға күш салады. Өйткені "Талибан" төл ықпал аймағында өзіне балама күштің болғанын қаламаса керек.  

Осының алдында ресейлік "РИА Новости" күш құрылымдарындағы дереккөздеріне сілтеме жасап, "Крокуста" лаңкестік акті жасады деген күдікке іліккендердің "Уәллаят Хорасанға" Telegram-арнасы арқылы тартылуы мүмкін екенін жазды.

Ресейлік "Важные истории" порталы Телеграм мессенджерінде "Вилаят Хорасан" қоғамдастығының криптоәмиянын тапты.

"Мәскеу түбінде лаңкестік акті жасала сала, ол криптоәмияннан бірден 2 525 доллар шешіп алынған. Ұсталған Шамсидин Фаридунидің айтуынша, олардың карталарына сонша қаражат түскен. "Вилаят Хорасан" террористік тобының тәжікстандық қанатына тиесілілігі бірқатар фактор бойынша байқалатын телеграм-чаттардың тұтас желісін анықтадық. Тәжік тілінің иегерінің көмегіне жүгіну, сондай-ақ шығыстанушы Руслан Сулеймановпен кеңесу арқылы олардың бір бөлігінің мазмұнымен таныса алдық. Чаттарда "ИГИЛ-Даиштың" жақтаушы-симпатизанттары, маманның айтуынша, сауатсыз және түсініксіз бір сленг қосылған тәжік тілінде өзара тілдеседі", – деп мәлім етті портал.

Шығыстанушы Руслан Сулеймановтың байламынша, лаңкестік ұйымның табынушылары орыс, парсы және араб сөздері қосылған тәжік тілін пайдаланады. Аталған чаттарда, онлайн-эфирлерде олар әлдебір тұлғаларының уағыздарын тыңдайды.

23 наурызда тұтқындалған Фаридуни Телеграмда уағыздарды тыңдағанын, содан кейін онымен белгісіз біреу хабарласып, адамдарды жаппай қырып салуға үгіттегенін, сондай-ақ соны жүзеге асыратындар тобына 500 мың рубль төлеуге уәде еткенін айтты.

"Важные истории" телеграм-чаттар арқылы содырлардың қатарын толықтыру әрі қарай жалғасып жатқанын жазады. Сондай-ақ донат жинайтын криптоәмиянға сілтеме жарияланған. Қаржы жинайтын телеграм-канал орыс және тәжік тілдерінде жүргізіледі екен. Бұл ретте ресейлік басылымның мәліметінше, лаңкестік ұйымның қаражаты жиналған криптоәмиян Ресейдің өзінде ресми жұмыс істейтін ByBit криптобиржасының әмияны болып шықты. Лаңкестік акті жүзеге асырылған соң, әмияндағы белсенділік тоқтады.

"Важные истории" ақша жинаған "ИГИЛ-Даиш" арнасының администраторлары донаттардың бір бөлігін төлемдерге арналған "ЮMoney" (YooMoney) ресейлік сервисі арқылы жинағанын қосты. Оған донаттар "Сбербанк" есепшоттарынан да түсіп тұрған.

Шығыстанушы, Берлиндегі Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров "ИГИЛ-Хорасан" – "ИГИЛ-Даиштың" орталықазиялық тармағы болып табылатынын айтты.

"Өкінішке қарай, тәжікстандық азаматтардың лаңкестік қозғалысқа белсенді қатысуы қайран қалдырмайды. Орталық Азия елдерінде жамағаттың бір бөлігі радикалдана түсуде. "ИГИЛ-Даиш" сияқты лаңкестік ұйымдар мұны өз пайдасына жаратуға үйренді. Бұл проблема өңірдегі ең кедей ел – Тәжікстанда ушықты. Биылғы наурыз айының басында ел Президенті Эмомали Рахмон діни қайраткерлермен кездесуде соңғы үш жылда 24 тәжік азаматының 10 елде терактілер жасағанын немесе соны жоспарлауға қатысты деген күдікке іліккенін мойындауға мәжбүр болды. Небәрі 10 млн ғана тұрғыны бар шағын ел үшін бұл шектен тыс көп сан", – деді шығыстанушы Т.Умаров.

Ол бұған биліктің де айыпты екенін қаперге салды.

"Тәжіктердің радикалдануының себебі белгілі. Тәжікстан – Ауғанстанды қоспағанда, Орталық Азияда салыстырмалы түрде алғанда таяуда, 1992-1997 жылдары азаматтық соғысты бастан өткерген жалғыз республика. Сол соғыс құрбандарының нақты саны белгісіз. Бағалаулар бойынша 60 мыңнан 100 мыңға дейін адам қаза тапқан. Тәжікстанның көптеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тіпті Орталық Азияның деңгейі бойынша да тым төмен саналады. Жан басынан шаққандағы ІЖӨ бойынша Тәжікстан әлемде 162-орында және қайыршы Гаитимен көрші тұр", – деді сарапшы.

Оның айтуынша, әрбір видео әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып, әрбір адам пікірін ашық білдіре алатын цифрландыру дәуірінде халық көріп-біліп отырған "алапат қайыршылық пен теңсіздік әділдіктің жоқтығы сезімін өршітеді".

"Кейінгі жылдарда транзитке дайындалған билік елді өзге ойлы азаматтық қоғам өкілдерінің қалдығынан және билікті қолдамайтын беделді тұлғалардан тазартты. Салдарынан, елдегі билікке қарсыларға жалғыз жол қалды – радикалды экстремизм. Халықаралық террористік ұйымдар өз жақтаушыларын тауып, қатарын толықтыру үшін Тәжікстанда барынша қолайлы орта қалыптасып жатқанын түсінді", – деді Темур Умаров.

Шығыстанушы ғалымның мәліметінше, "ИГИЛ-Даишпен" сыбайлас ақпарат құралдары Тәжікстан азаматтары үшін өз конттенттерін арнаулы түрде тәжік тіліне аударып, кириллицаға түсіреді. Өйткені Тәжікстан – бүкіл парсы тілдес елдер арасында кириллицаны қолданатын жалғыз ел. Сарапшының айтуынша, халықаралық лаңкестік ұйым сондай-ақ телеграм-арналар желісін және ТикТоктағы аккаунттарын тәжік тілінде жүргізетін көрінеді.

Бұл белсенділік өз "жемісін" беруде. 2018 жылғы шілдеде тәжік тауларында әлдекімдер АҚШ, Нидерланды, Швейцариядан келген велотуристер тобын аяусыз қырып кетті. Ол үшін жауапкершілікті "ИГИЛ-Даиш" өз мойнына алды. Бірақ тәжікстандық билік оған Рахмон режимі 2015 жылы тыйым салған оппозициялық "Тәжікстанның исламдық жаңғыру партиясын" айыптады.

2019 жылғы 6 қарашада, Конституция күнінде Ауғанстан жақтан шекараны бұзып өткен жиырма шақты содыр төрт машинамен құйғытқан күйі 300 шақырым жүріп өтіп, Өзбекстанмен шекарадағы Ишкобод шекаралық бекетін шабуылдады. Бірқатар сарапшы олардың артында жергілікті радикалдар тұруы мүмкін деп жорамалдады.

Бұдан бөлек, лаңкестік ұйым тәжік түрмелерінде екі рет бүлік ұйымдастырды. Олардың барысында ондаған сотталған адам және күзетшілер қаза тапты.

Бертінде Иранда зираттағы еске алу салтанаты кезінде екі тәжік-террорист өздерін жарып жіберді. Салдарынан жүзге жуық бейбіт тұрғын жантәсілім етті. Содан бұрын тәжікстандық азаматтардың қатысуымен Ауғанстанда лаңкестік актілері болды. Германия мен Түркия олардың теракт жасау талаптарының алдын ала алды.

Барған сайын ұлғайған проблемамен жалғыз күресе алмасын түсінген Тәжікстан бүгінде қауіпсіздік саласында баяғыдай Ресеймен шектелмей, әртүрлі елмен ынтымақтасуда. Тәжікстанда сонау тәжік-ауған қақтығысынан бері Мәскеудің аса ірі әскери базасы орналасқан. Украинадағы соғысына бар күшін сарқа бағыттап жатқан РФ-тың қуатты көмек көрсетуге қауқары қалмай барады.

Душанбе кейінгі кезде Қытаймен ықпалдасуда. Ханзу елімен бірігіп, Ауғанстанмен шекарада жан-жақты жарақталған полиция базаларын құрып жатыр. Америка Құрама Штаттары Тәжікстанға шекаралық бақылауын күшейтуге және лаңкестікпен күресінде көмектесе бастады. Үндістан тәжіктің авиабазасын жалға алды. Иран бұл елде әскери дрондарды құрастыру кәсіпорнын ашып жатыр.

Алайда ең басты проблема кешенді шешілмеген күйде қалды. Тәжік қоғамы әрі қарай радикалдануда. Елдің ауқатын көтермей, тұрмысын жақсартпай, демократияны дамытпай, халық арасында кең ауқымды тәрбие мен түсіндіру жұмыстарын, қарсы пропаганданы өрістетпей, жай ғана күш қолдану шаралары радикализацияға тосқауыл қоя алмайды. Керісінше, билікке өшіккендер санын арттырады.

Сарапшылардың байламынша, әлеуметтік-экономикалық іске қырсыз билік репрессияны қатайтудан басқа амал таппады.

Ресейлік тәуелсіз басылымдар "Крокустағы" терактіден кейін Ресейде тәжіктерге, жалпы Орталық Азия елдерінің азаматтарына қарсы кемсіту-дискриминация, қорлау, қудалау күшейгеніне нақты дәлелдер келтіріп жатыр. Бірақ Тәжікстанның еңбек мигранттарының Ресейден басқа барар жер, басар тауы да жоққа тән.

Ресей еңбек мигранттарының адал жұмыс істеуіне қажетті жағдайды күрделендірді. Жаңа бюрократиялық талаптар енгізуде. Енді олар пробациядағы қылмыскерлер тәрізді, ішкі істер органдарына дүркін-дүркін барып, жүріс-тұрысы туралы ақпаратты баяндап тұруға міндеттелуі мүмкін. Жұмыс орнын ауыстырса, не жұмыстан шығып қалса, ол туралы ІІМ-ді құлақтандыруға міндетті. Осы және басқа талаптарды бұзса, Ресей аумағында болу рұқсаты дереу күшін жояды.

Орталық Азия елдерінен жұмыс іздеп баратындар міндетті түрде саусақ таңбаларын қалдырып, дактилоскопиядан өтуге тиіс. Яғни, елге кірген әрбір мигранттың саусақ іздері федералдық базаға енгізіледі. Салдарынан, әлдебір қылмыс орнында, айталық, супермаркетте әлдеқалай мигранттың саусақ ізі қалса, ашылған істер санын арттыру үшін жала жауып, соны айыпты деп тани салуы мүмкін.

Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі, Өзбекстан жағы Ресейдегі өз азаматтарын қажеттіліксіз сыртқа шықпауға шақырды. Қырғызстан елшілігі өз азаматтарын Ресейге сапарлаудан бас тартуға кеңес берді. Қазақстан ғана үнсіз.

Осы жағдайда дін мигранттардың жаралы жанына демеу болады. Жан-жақтан анталап, жиіркенішпен, өшіге қараған жаулық көзқарастағы ортада жалғыз қалмауы үшін мигранттар бір-біріне сүйеу болып, шағын қауымдастықтарға бірігеді. Ол қауымдастық радикалдар тобы болып шықпаса, жақсы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу