Мәскеудегі парадқа Қазақстанның шығыны анықталды

18664

Ресейдегі шеруге қатысушыларға төменгі жалақыдан 8 есе көп қаржы шығындалмақ.

Мәскеудегі парадқа Қазақстанның шығыны анықталды

Үкімет "Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді облыстық бюджеттердің, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент бюджеттерінің пайдалану қағидалары" жобасын жариялады. Құжат 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Келесі жылы Ресей ХХ ғасырдың орта шенінде күндей күркіреп өткен соғыстағы жеңісті кең ауқымда атап өтпек. Алайда дамыған елдер түгіл, кейбір бұрынғы Кеңес одағы республикаларының басшылары да Мәскеудегі мерейтойлық іс-шараларға қатыспайтынын мәлімдеуде. Осыған орай жақында жыл сайынғы баспасөз конференциясында президент Владимир Путин мұның "қателік" болатынын ескертті. РФ басшысының байламынша, посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер көшбасшыларының жеңістің 75 жылдығын мерекелеу үшін Мәскеуге келуден бас тартуы қате қадам, себебі бұл "олардың майданда қаза тапқандарға лайықты құрмет көрсетпейтінін білдіреді". 

Әрине, нән сағатты Кремльдің айналадағы көршілеріне құқай мен қиянат көрсетіп, қарым-қатынасын әбден бүлдіріп, артынан аруақты араға салғаны әбестік.

Ал Қазақстан қатысудан бас тартпайды. Оның үстіне елімізден Мәскеудегі шеруге ауқымды делегация аттанбақ.

Оның құрамында тек Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері ғана емес, сонымен қатар лауазымды тұлғалар, кейбір өңір басшылықтары, медициналық қызметкерлер, ардагерлерге ере жүретін адамдар кірмек.

Олардың барлығының жол жүру, қонақүйде тұру және күніне үш мезгіл тамақтану шығыстары бюджеттен төленеді.

Ресми мәлімет бойынша дәл қазір қазақстандық делегация құрамына қанша адам кіретіні белгісіз. Өйткені облыстардың және үш мегаполистің әкімдері ҰОС ардагерлерінің қоғамдық бірлестіктерімен келісе отырып, 2020 жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде әр өңірден делегацияға қанша адам кіретінін анықтайды және тиісті тізім түзеді.

Бұл ретте бірден екі тізім жасалатыны мәлім болды. Оларға келесі жылы елордамыз Нұр-Сұлтанда және Мәскеу қаласында өтетін жеңіс парадына өңірлерден қатысушылар енеді.

Бір анығы, Мәскеуге жол тартатын делегация мүшелерінің барлығы бірдей ұшақпен ұшпайды. Осы тұрғыдан олар да екіге бөлінбек. Атап айтқанда, біріншілері – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары делегацияларының қатысушылары өз облыстары орталығынан Нұр-Сұлтанға және Ресей астанасына дейін және кері бағытта авиакомпаниялар қызметіне жүгінеді. Нұрсұлтандықтар да әуе көлігімен ұшады.

Ал екіншілері, яғни Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Алматы қаласы делегацияларының қатысушылары төл облыстары орталығынан және Алматыдан астанаға дейін және кері бағытта пойызбен жетулері тиіс. Тек елордадан Мәскеуге ғана ұшақпен барып қайтады.  

Үкімет қаулысы жобасында шеруге қатысушылар шығындары белгіленді. Мысалы, Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылатын жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге арналған парадқа өңірлерден келушілердің әрқайсысының 5 тәулік бойғы тұру және тамақтану шығындары өтеледі деп жоспарлануда. Соның ішінде тамағына күн сайын 2 АЕК (5 мың 302 теңге), ал қонақүйге түсуіне – тәулігіне 7 АЕК (18 мың 557 теңге) берілуге тиіс.

Бірақ Мәскеу қаласындағы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығы шеруіне баратындарға бюджетте әлдеқайда көп сома қарастырылуда. Ең алдымен, әр өңірден елордада жиналатын делегация мүшелеріне Нұр-Сұлтанда 2 тәулік бойы тамақтануына – күн сайын 2 АЕК және түнеуіне 7 АЕК-тен қаражат көзделеді.

Ары қарай Ресей астанасында олар 3 тәулік бойы болады деп күтілуде. Сондықтан әр қатысушыға әр күні ас ішуіне 80 долларға балама (шамамен 30 мың теңгедей) сомада қаржы аударылады.

Олардың әрқайсысы үшін Мәскеуде қонақүйде тұруына – тәулігіне 220 доллар төленеді.

Жатын орын брондауға арналған халықаралық Trivago агенттігінің мәліметінше, осы қаражатқа РФ бас қаласында бес жұлдызды қонақүйден жақсы бөлме жалдауға болады. Тәулігіне 220 долларға дейінгі сомаға Мәскеудегі Swissotel Красные холмы, Crowne Plaza Moscow, Рэдиссон Блу Шереметьево, Савой, Radisson Blu Olimpiysky, InterContinental Moscow–Tverskaya, Марриотт Новый Арбат, тіпті Қызыл алаң жанындағы Метрополь секілді салтанатты қонақүйлер қазақстандық делегацияға құшағын ашуға әзір деседі. Әлемді фашистік зұлматтан құтқарған ардагерлер қандай құрмет-қошеметке де лайық. Тек аз қалған майдангерлер атын жамылып, бұл игілікті шенділер мен әкімқаралар өзара бөліске салмаса болғаны.

Салыстыру үшін келтірсек, 2020 жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы көлемі 42 500 теңге көлемінде бекітіліп отыр. Бұл небәрі 110 долларға тең.

Қалай болғанда, қағидалар жобасында келтірілген есептемелерге сай, қазақстандық делегацияның әр мүшесінің Мәскеудегі жеңіс шеруіне қатысу шығыны бюджетке шамамен 350 мыңдай теңгеге түспек. Әйтсе де бұл сома өсуі не түсуі ғажап емес.

"Мәскеуде тамақтану және тұру шығыстарын төлеу төлем күніндегі Қазақстанның ұлттық валютасының шетел валютасына қатысты ресми бағамы бойынша жүргізіледі" делінген құжатта. Демек, келесі жылдың мамыр айы басындағы бағам негізге алынуы керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу