Мәскеудің ең жақын досы Түркияға кетіп қалды

741

Бұған Алматыда қабылданған шешімнің де игі ықпалы болғаны жарияланды.

Мәскеудің ең жақын досы Түркияға кетіп қалды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Анкарамен, Бакумен және Вашингтонмен қарым-қатынасын нығайтып, Трамптың TRIPP жобасын ілгерілетуде. Бұрынғыдай кеңестік және ресейлік әскери өніммен шектелмей, енді шетелдік қару-жарақ сатып алуды ұлғайтқан.

Мәскеуде ҰҚШҰ саммиті өтіп жатқанда, Армения болашақ бағытын таңдады

2026 жылғы 11 қараша Арменияның сыртқы саясатындағы елеулі дата ретінде тарихта қалмақ. Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммиті өтіп, оған қатысушылар Ереванның дауыс беру құқығынан айырған тұста Никол Пашинян ешкімге жалтақтамастан, жұмыс сапарымен Түркияға аттанды. Оның үстіне, сапары туралы Facebook-тегі төл парақшасында алдын ала хабарлап, бұл қадамын ашық жария етті.

Армения Үкіметінің басшысы Анталияда өткен БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында мемлекет және үкімет басшыларының саммитіне қатысты. Сондай-ақ Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті.

Келіссөздер барысында армян-түрік қарым-қатынасын қалыпқа келтіру, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру және TRIPP жобасын іске асыру арқылы өңірлік коммуникацияларға кедергілерді жою мәселелері талқыланды, деп жазды inbusiness.kz.

Айта кетерлігі, Қарабақта соғыс басталған 1990-жылдардан бері екі елдің басшылары бірде-бір рет жүздеспеген екен. Тек 2025 жылғы 20 маусымда Никол Пашинян Ыстамбұлға тарихи сапар жасап, Түркия Президенті Ердоғанмен алғаш рет кездесті. Осыдан кейін екі ел арасындағы байланыс жанданды, Армения көшбасшысының Түркияға барыс-келісі жиіледі. Осы сапар Ереванның Анкарамен диалогты жүйелі дамытуға ниетін тағы бір мәрте айғақтады.

Келесі күні, 12 қарашада, Пашинян Ирландия астанасы Дублинге жұмыс сапарымен барды. Мұнда ол Еуропалық саяси қоғамдастық (ЕСҚ) атты жаңа ұйымның IX саммитіне қатысып, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізді. Тараптар мемлекеттік шекараны жаңаша делимитациялау, көлік және транзиттік қатынас жолдарын ашу, сауда, энергетика және өзара сенімді нығайту шараларын пысықтады.

Кездесуде TRIPP жобасына айрықша назар аударылды. Тараптар теміржол және автомобиль инфрақұрылымын жобалау мәселелерін қарастырды. Бір ғажабы, 90-шы жылдардан жабық болған екі ел ортасындағы шекарадан – Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға өткен жылдың қарашасынан бері 105 мың тонна жүк жеткізіліпті.

Осы арқылы Түркия, Әзербайжан және Грузия ортасында қысылған Армения қырық жылға жуықтаған экономикалық блокададан ақыры құтылғанға ұқсайды.

Осы күндері Ереван Вашингтонмен стратегиялық әріптестікті де ілгерілетуге күш салды. Армения Президенті Ваагн Хачатурян TRIPP жобасы жөніндегі негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Бұдан бөлек, 12 қарашада ел Парламенті TRIPP Development Company компаниясын құруға мүмкіндік беретін жаңа заңналамық түзетулерді қабылдады. Жаңа трансұлттық компаниядағы Арменияның үлесі 26%-ды, ал, АҚШ-тың үлесі 74%-ды құрайды.

TRIPP жобасы аясында Армения аумағында мультимодальды транзиттік инфрақұрылым салынады. Бұл инфрақұрылым Әзербайжанның негізгі аумағы мен оның Армения территориясындағы Нахчыван Автономиялық Республикасы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етті, сондай-ақ өңірдегі транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге тиіс. Жобаны армян-америкалық бірлескен TRIPP Development Company компаниясы жүзеге асырады.

Қазан айында Армения билігі жобаны нақты іске асыру кезеңіне көшкенін мәлімдеді. Бүгінде Сюник облысында теміржол, автомобиль жолдары мен энергетикалық инфрақұрылымның жобалық құжаттарын әзірлеуге дайындық жүргізілуде.

Пашинян ҰҚШҰ-ға оралудан бас тартты

Арменияның ҰҚШҰ-дан алшақтауы күні кешегі Мәскеу саммитінен әлдеқайда бұрын басталған еді. 2024 жылғы ақпанда Армения Премьер-министрі Никол Пашинян елдің ҰҚШҰ қызметіне қатысуын доғару туралы шешім қабылдағанын жариялады.

Оның түсіндіруінше, мұндай қадамға осы ұйымдағы одақтастардың Армения алдындағы міндеттемелерін орындамауы, соның ішінде 2021–2022 жылдары елдің егемен аумағында болған оқиғаларға ешқандай реакция білдірмеуі себеп болды.

Саясаттанушылар сол жылдары Таулы Карабах аумағын толық босатып, армян әскерилерін тықсырған әзербайжандық Қарулы күштердің тіпті Арменияның әлем мойындаған территориясына да дендей еніп кеткенін еске салды. ҰҚШҰ келісімі бойынша осы кезде ұйымға мүше елдер көмекке әскер жіберуге тиіс еді.

Алайда Мәскеу Ереваннан ондай сұрау түспегенін алға тартып, ақталады. Ресей тіпті Армения аумағындағы базаларда орналасқан әскерилерімен де көмекке келмеген.

Содан бері "бұртиған" Ереван әскери блок өткізетін іс-шараларға қатысудан бас тартып, отырыстарға өз өкілдерін жіберуді тоқтатты. Сондай-ақ ҰҚШҰ-ны қаржыландыруды доғарды. 2026 жылғы сәуірде Пашинян Арменияның ұйым жұмысына белсенді қатысуды қайта жандандыру үшін ешқандай қадам жасамайтынын тағы да растады.

Армения заң жүзінде ҰҚШҰ мүшесі болып қала бергенімен, елдің Сыртқы барлау қызметінің сыртқы қауіпсіздік қатерлеріне арналған биылғы баяндамасында республиканың ұйымдағы мүшелігін қайта жандандыру мүмкіндігі жоққа шығарылған. Бұл жайтқа newsarmenia.am басылымы назар аудартты.

Енді Армения басшылығы ҰҚШҰ-ға оралмауға тас бекінгендей. Ел көшбасшысы республиканың бұл ұйымға деген қызығушылығы түбегейлі сарқылғанын ашық мәлімдеді.

"ҰҚШҰ-ға мүшелікті сақтау мүдделі емеспіз, ынта-ықыласымыз толық таусылғанын біржола және түпкілікті түрде тіркеп қойса болады. Біз енді ҰҚШҰ-ға қайтуға мүдделі емеспіз!" – деп шорт кесті Пашинян.

Арменияның Сыртқы істер және халықаралық сауда министрі Арарат Мирзоян да Үкіметтің бұл ұстанымын қайта қарауға ниетті емесін мәлім етті.

"Біз бұл ұйымның жұмысына қатысуды әлдеқашан тоқтаттық, мүшелігімізді де доғардық. Ұстанымымызды өзгертпейміз және ҰҚШҰ-ға қайта оралу мүмкіндігін қарастырып жатқан жоқпыз", – деді министр Ереванда өткен баспасөз мәслихатында.

Айтпақшы, 23 қазанда ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков та Арменияның ұйымнан іс жүзінде шығып кеткенін мәлімдеген болатын. Оның сөзін ТАСС агенттігі жариялады.

"Олар (Армения) біздің негізгі іс-шараларымызға, оқу-жаттығуларымызға және басқа да жиындарымызға қатыспайды. Меніңше, бұл жерде ұйым жарғысының 25-бабын қолдануға болады. Негізінде, олар ҰҚШҰ құрамынан іс жүзінде өздері-ақ шығып кетті", – деді ұйымның Бас хатшысы.

ҰҚШҰ Жарғысының 25-бабына сәйкес, мүше мемлекет мүшелік жарна бойынша қарызын өтемейінше, ұйымдағы лауазымдарға кандидаттар ұсыну құқығынан, сондай-ақ дауыс беру құқығынан айырылады.

11 қарашада, Мәскеу саммитінде дәл осы тетік іске қосылды. Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың мәлімдеуінше, Армения дауыс беру және ұйымның жауапты қызметтеріне өз өкілдерін ұсыну құқығынан айырылды. Кремль бұл шешімді қаржылық себептермен түсіндірді: Армения осы ұйым бюджеті алдындағы берешегін 2 жылдан бері өтемеген.

Әйтсе де, Мәскеудегі саммитте Арменияны ҰҚШҰ құрамынан шығару мәселесі талқыланған жоқ. Ұйымның Бас хатшысы Таалатбек Масадыков берешегін өтеген жағдайда Ереванның толыққанды құқығы қалпына келетінін жеткізді. Мәскеу де Арменияның келісімдер аясындағы негізгі құқықтары сақталатынын мәлімдеді. Бірақ енді оған Ереванның өзі еш мүдделі емес көрінеді.

ҰҚШҰ-ның орнына Франция, Үндістан және АҚШ келе ме?

Бүгінде Армения төл қорғаныс саясатын түбегейлі түрде қайта құрып, әскери-техникалық ынтымақтастық бағыттарын әртараптандыруға көшті. Ереванның негізгі жаңа серіктестері қатарында Франция, Үндістан және АҚШ бар.

Армения Парижбен броньды техника мен радиолокациялық жүйелер жеткізу саласындағы байланыстарын нығайтты. Үндістаннан түрлі қару-жарақ сатып алу көлемін ұлғайтты. Сонымен қатар америкалық әскерилермен бірлескен оқу-жаттығулар өткізуде.

Бұған қоса, армян-әзербайжан шекарасында қайта қақтығыс болмауы үшін онда Еуропалық Одақтың ұзақ мерзімді бақылау миссиясы іске кірісті. Еуропа ол шекарада Кеңес заманынан бері тұрған Ресей әскерилерін ауыстырды.

Пашинян мұндай өзгерістерді жаңа заманға сай "көпқабатты қорғаныс жүйесін қалыптастыру" қажеттігімен түсіндірді. Ал, бұған дейін ҰҚШҰ-ға ғана сүйенген "бір қабатты қауіпсіздік моделін" ол "тым қарабайыр, примитивті" деп бағалады.

"Қауіпсіздік – көпқабатты құбылыс. Қауіпсіздік пен орнықтылықтың жан-жақты жүйесі бір ғана құрамдас бөліктен тұра алмайды. Әйтпесе, түптің түбінде оның дәрменсіз әрі өміршең емес екені анықталады. 2022 жылға дейін қолданыста болған қауіпсіздік формуласы қарабайыр, примитивті еді. Өйткені ол: "біздің қауіпсіздігімізді ҰҚШҰ қамтамасыз етеді" деген бір ғана тұжырымға негізделді", – деді Армения лидері.

Пашинянның мәліметінше, бұған дейін Арменияның ҰҚШҰ-ға мүше болуының өзі заманауи шетелдік қару-жарақты сатып алуға елеулі кедергі келтірген. Салдарынан Арменияның дамыған елдерден қару-жарақ алу мүмкіндігі барынша шектеліп келді. Тіпті республика жүздеген миллион доллар ақысын алдын ала аударғанымен, ақысы төленген сол әскери өнімдер жеткізілмеген жағдайлар да болыпты.

Қару-жарақ сатушылар батыстық технологиялар мен алгоритмдердің Мәскеу қолына өтіп кетуінен қауіптенген. Бұған қоса, сатып алынатын қарудың қандай мақсатта қолданылатынына да күмәнмен қараған.

Ахуал 2022 жылғы қазанда Армения мен Әзербайжан арасында бекітілген "Алматы декларациясының" негізінде бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындағаннан кейін өзгере бастады.

"Алматы келісімінен кейін бүгінде әлемдегі қару-жарақ нарықтарының барлығы Армения Республикасы үшін ашылды", – деді Пашинян. Ендігі жерде Ереван өзін ҰҚШҰ сияқты бір ғана әскери-саяси блокпен шектемей, қажетті технологиялар мен қару-жарақты әртүрлі жеткізушілерден, соның ішінде НАТО өкілдеріне де алуға ұмтылуда.

Бұл – Арменияның сыртқы және қорғаныс саясатындағы елеулі бетбұрыс. Бір кездері қауіпсіздігінің басты кепілі саналған Мәскеумен арадағы әскери-саяси байланыстары әлсіреді, енді Ереван Анкарамен, Бакумен және Вашингтонмен диалогын күшейтіп жатыр. Ал, Түркия мен Еуропаға сапар жаңа геосаяси бағыттың айқын көрінісіне айналды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу