Мәскеудің Қарамырзаны ширек ғасырға соттауы әлемде қарсылық туғызды

3739

Кеше Мәскеу қалалық соты саясаткер, публицист Владимир Қара-Мырзаны қатаң режимдегі колонияда 25 жылға бас бостандығынан айырды.

Мәскеудің Қарамырзаны ширек ғасырға соттауы әлемде қарсылық туғызды Фото: © РИА Новости / Алексей Никольский

Ресейлік саясаткер Владимир Қара-Мырзаның екі арғы атасын да сталиндік режим атышулы 58-ші баппен қудалап, ату жазасына кескен. Оның атасын лагерьге қамаған. Енді олардың немересін Мәскеу режимі 25 жылға түрмеге қамап отыр. 

Ресейлік пропагандистік "Царьград" арнасының хабарлауынша, интернет пайдаланушылар "Какой национальности Кара-Мурза-младший?" деген сауалға жауапты белсенді іздеп жатқан көрінеді.

"Саясаткердің өзі бұл тақырыпқа ашық жауап берген емес. Бірақ оның генеалогиялық тегі Латвиядан тарайтыны белгілі. Мысалы, латвиялық революционер Вольдемар Бисениекс Қара-Мырзаның арғы атасы болып келеді. Ал латвиялық агроном Янис Бисениекс оның ағайыны. Дегенмен, орта ғасырларда Русьте Қара-Мырза деген ірі татар-моңғол әулеті болған. Орыс тарихшысы және әдебиетшісі Николай Карамзин – солардың ұрпағы. Кіші Қара-Мырза да сол рудан", – деп мәлім етті "Царьград".

Оның әкесі, ресейлік журналист, кеңестік радиожүргізуші Владимир Кара-Мурза 2019 шілдеде дүние салды. Ол да өзін "орыспын" деп атаудан бас тартыпты. Бұл туралы саясаткердің өзі "Радио Свобода" толқынындағы 2016 жылғы сұхбатында айтты.

"Сол күні оның туған күні еді. Санақ жүргізушілер келді. Соның бірі оның тегіне тиісті: "Неге сіздің фамилияңыз біртүрлі қораш, орысқа жат – Кара-Мурза. Сонда ұлтыңыз кім?". Әкем тосылған жоқ: "Мен полинезиялықпын" деп тақ еткізді. Әлгі сауатсыздар солай деп жаза салды. Содан кейін "Вечерканың" ("Вечерняя Москва" күнделікті газетінің) кезекті саны шықты. Оқып отырсақ, былай деп жазыпты: "Мәскеуде мұнша украин және жалғыз полинезиялық тұрып жатыр". Шек-сілеміз қата күлдік", – деген еді саясаткер В.Қара-Мырза. 

Кеше Мәскеу қалалық соты саясаткер, публицист Владимир Қара-Мырзаны қатаң режимдегі колонияда 25 жылға бас бостандығынан айырды. "Новичокпен" уландырылған саясаткердің соңғы кездері күрт нашарлаған денсаулығын ескеріп, сарапшылар "ол темір тордан еркіндікке сол бойы шыға алмай қала ма?" деп қауіптенеді. 

"Қара-Мырзаның үкіміндегі цифрға қарамаған жөн. Оның денсаулық жағдайын және оны қазірден абақтыда ұстаудың жантөзгісіз шарттарын ескерсек, Владимирге өлім жазасы кесілді деуге болады. Бұл қатаң үкім азаматтың батылдығы, адалдығы және принципшілдігі үшін шығарылып отыр", – деп, өкінішін адвокаты арқылы білдірді Карелиядағы колонияда қамауда отырған тағы бір ресейлік саясаткер Андрей Пивоваров.

Мәскеу соты В.Қара-Мырзаны "мемлекетке опасыздық жасағаны", "ресейлік армия туралы фейктер таратқаны" және "жағымсыз ұйымға басшылық еткені" үшін айыптап, 25 жылға үкім кесті. Бірақ мемлекетке сатқындық жасайтындай оның не істегені сол бойы түсініксіз қалды. Тергеушілер оның Путин режимін сынаған сөздерін теріп кеткен. 

Ресейлік RT пропагандистік арнасы "өз дереккөздеріне" сілтеме жасап, саясаткердің "ұзақ жыл НАТО-ға мүше елдердегі ұйымдарға көмектескенін" хабарлады. Бірақ ол айып та дәлелденбеді. Дәйектеме ретінде Қара-Мырзаның украиналық ақпарат құралдарына сұхбаты, Еуропадағы аудитория алдындағы сөздері мен дәрістері алынған. Судья еш ойланбастан осы баптар бойынша прокуратура сұраған ең жоғарғы жазаны бере салды.  

Аса ауыр үкімді саясаткер қайсарлықпен қарсы алды.

"Мен барлығын дұрыс істеп, ақ, адал жолмен жүргенімді түсіндім. 25 жыл – азамат, патриот, саясаткер ретінде өзім сенетін құндылықтар аясында жасағандарым үшін берілген ең жоғарғы балл деп санаймын. Демек, мен бәрін дұрыс істедім", – деді соңғы сөзінде Владимир Қара-Мырза. Ол қылмыс емес, "саяси көзқарастары, Украинадағы соғысқа қарсы шыққаны, Путин диктатурасымен көп жылғы күресі үшін темір торға тасталғанын", сондықтан істегеніне өкінбейтінін, қайта оны мақтан тұтатынын атап өтті. 

Сот отырысына 25 мемлекеттің 40 дипломаты қатыспақ болған. Бірақ сот залындағы орындар әлдекімдермен толтырылыпты. Сөйтіп, орын жоқтығы алға тартылған. 

Сарапшылар режимнің одан өш алып отырғанын айтады. Себебі, Владимир Қара-Мырза кезінде „Магнитский заңы“ бойынша Ресейге қарсы персоналды халықаралық санкциялардың қабылдануына ықпал етті, жәрдемдесті.  

Оған өзі де темір қапаста отырған Алексей Навальный қолдау білдірді. 

"Владимир Қара-Мырза саяси астармен қудалануда. Оған және оның отбасы мүшелеріне қолдау көрсеткім келеді. Оның денсаулығына қатты алаңдаймын. Мен оны екінші рет уландырылғаннан кейін көрдім, биліктің оның денсаулығын жоюға шақ қалғанына куә болдым. Оған кесілген 25 жыл мерзім – өш алудың нышаны. Билік оған екі рет улағанда өлмегені үшін өшікті", – деп мәлімдеді А.Навальный колонияның өзіне қатысты шағымы қаралған отырыста. 

"Владимир Қара-Мырзаға нағыз жабайы үкім шығарылып отыр. 25 жыл бас еркіндігінен айыру – санкциялар үшін өш алу. Өйткені ол санкциялар қаншама ұрыларды, адам өлтірушілерді тынышынан айырды, өмірін бүлдірді. Владимирді көп жылдан бері білемін, ол парасатты, патриот азамат. Бүгінде көкжиектен күн сәулесі сығаламайтындай көрінеді, бірақ түнек мәңгілік емес", – деді өзі де тар қамауда тарығып отырған саясаткер Илья Яшин.

Кремль Кеңес одағының ең түнекті, тоталитарлық заманындағыға ұқсас мұндай масқара үкімге түсініктеме беруден бас тартты. 

"Сіздер білесіздер, біз сот шешімдеріне ешқашан түсініктеме бермейміз. Бұл жолы да түсініктеме бермейміз", – деп жалтарды Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Петербор заң шығару жиынының депутаты, оппозиционер Борис Вишневский сот үкімін сорақы деп атады. 

"Владимир Қара-Мырзаға шығарылған сорақы, құбыжық үкім – оның өміріне жасалған үшінші қастандық. Владимир – адал, арлы, батыл адам. Жалғыз өзі мыңға татитын еліміздің үлкен патриоты. Өзін патриотпын деп айғайлап жүргендер оның тырнағына тұрмайды, себебі олар Отанды басшылықпен шатастырады. Владимирді құтқару керек. Оған қуат пен тағат-төзім берсін деп тілейміз. Түнек түріледі, тор күйрейді", – деп жазды депутат өз телеграм-арнасында.

Ресейлік саясаттанушы Татьяна Становая бір қорқынышты жайтқа назар аудартты. 

"Мұны "Коммерсантқа" сұхбатында адвокат Вадим Прохоров та ескертті. Ресейде тұңғыш рет мемлекетке опасыздық жасау туралы баптың жаңа, кеңейтілген редакциясы қолданылып отыр. Салдарынан, енді мемлекетке опасыздық жасау үшін әлдебір аса құпия деректерді шетелге берудің де қажеті жоқ. Бұл үшін Кремль өзіне қастық пейілде деп санайтын кез келген шетелдік мемлекетпен немесе ұйыммен қарым-қатынас жасаудың өзі жетіп жатыр. Бұл "РФ қауіпсіздігіне қарсы бағытталған қызметте шетелдік мемлекетке немесе ұйымға жәрдемдесу" деп танылады. Бұл дегеніміз, тіпті ынтымақтастық болмаса да, кез келген қызмет, соның ішінде мысалы, мақала жариялау, сұхбат беру, сынау шет мемлекеттерге РФ ұлттық қауіпсіздігінің осал тұстарын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді деп танылады. Тиісінше, бұл мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағып, соттауға сылтау", – деп алаңдаушылық білдірді Т.Становая.

Бұл қазақ арыстарын, КСРО-дағы басқа да ұлттық азшылықтың бетке ұстар асылдарын Мәскеу саясатын сынағаны үшін "Жапон шпионы", "неміс шпионы" деп атып-асқан заманды елестетеді.

Еуропалық Одақтың Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Еуропаның бұл қуғын-сүргінді қатаң айыптайтынын мәлімдеді.

"ЕуроОдақ Владимир Қара-Мырзаны саяси астарлы айыптармен 25 жыл колонияға қамау шешімін қатаң айыптайды. Ресейлік соттың қатал үкімі ашыныс туғызады және сот билігі саяси мақсатта, белсенділерге, құқық қорғаушыларға және Ресейдің Украинаға қарсы агрессивті, заңсыз соғысына наразылық білдірген кез келген адамға қысым көрсету үшін пайдаланылатынын кезекті рет паш етті. Бұл „сот процесі“ әділ, жария, білікті және тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттарына сәйкес келмеді. Сот процесіне бақылаушылар жіберілмеді. Бұған қоса, Ресей Владимир Қара-Мырзаға медициналық қызметтерді қамтамасыз етуге тиіс", – деді Жозеп Боррель.

Біріккен ұлттар ұйымы да бұл шешімді айыптады.  

"Адамдардың құқықтарын жүзеге асыру үшін ешкім де бас бостандығынан айрылмауға тиісті. Мен РФ билігін Владимир Қара-Мырзаны еш кідірусіз, бірден босатуға шақырамын", – деді БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк (Volker Turk). Ұйымның ұстанымынша, "ресейлік оппозициялық саясаткерге шығарылған 25 жылдық түрмеге қамау мерзімі заң үстемдігі мен азаматтық азаттыққа жасалған соққы болып табылады".

Украинадағы соғыс басталғанда Қара-Мырза "Ресейдің соғысқа қарсы комитеті" аталған саясаткерлердің, бизнесмендердің және ғалымдардың тобына кірді. Олар халықаралық қоғамдастықты РФ саяси басшылығын қантөгіс соғысты бастағаны үшін "әскери қылмыскер" деп тануға шақырды. Комитет негізінен, Украинаға арналған гуманитарлық көмек жинаумен және Ресейді тастап шыққан эмигранттарға көмектесумен айналысты. Комитет мүшелерінің барлығы дерлік, Ходорковский, Каспаров, Чичваркин, Алексашенко, Гуриев және басқасы шетелге қоныс аударды. Жалғыз Қара-Мырза ғана Ресейде қалып, режиммен іштен күресуге бекінді. 

Күн сайын қаталдана түскен көршінің саяси режимі өз жолына кесе-көлденең тұрған тұлғаларды аяусыз жапыруға ден қойғанға ұқсайды.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу