Масктың жаңа байлық машинасы үшін талас басталды

3255

Илон Масктың компаниясы акциялардың орасан зор сұранысын тудырды.

Масктың жаңа байлық машинасы үшін талас басталды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Bloomberg агенттігі хабардар дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлағандай, көлемі 75 миллиард доллар болатын рекордтық IPO-сы аясында SpaceX роуд-шоу басталған бойда-ақ қолжетімді акциялар санынан әлдеқайда көп өтінім қабылдап та үлгерді.

Ғарышқа зымыран ұшыру, спутниктік байланыс және жасанды интеллект салаларында жұмыс істеп, табыс табатын Илон Масктың (Elon Musk) компаниясының IPO-сында 1 акциясының құны 135 доллардан сатылады деп жоспарлануда.

Соншаға сата алса, бұл корпорацияның капитализациясын астрономиялық деңгейге – 1,7 триллион доллардан астам көрсеткішке шығаруы мүмкін.

Орналастырудың түпкілікті бағасы 11 маусымда бекітіліп, келесі күні – 12 маусымда биржалық сауда-саттық басталады деп болжануда. Дегенмен, мәміле әзірге алғашқы кезеңде тұр. Талқылаулар жалғасуда және оның параметрлері әлі де түзетілуі мүмкін.

Акциялардың IPO бағасын алдын ала анықтау арқылы Маск Уолл-стриттің қалыптасқан дәстүрлерін тағы да бұзды, деп мәлім етті Reuters. Өтінімдерді жинау және биржаға шығару басталғанға дейін құнды қағаздардың құнын белгілеу тәжірибесі АҚШ-тағы ірі IPO-лар арасында кездесе бермейді. Сонымен қатар, мұндай үлгі Еуропа мен Азияда кеңінен таралған. Әдетте компаниялар алдымен баға дәлізін жариялайды, инвесторлар үшін бірқатар тұсаукесерлер өткізеді және тек содан кейін ғана сұраныс деңгейіне байланысты, түпкілікті бағаны жоғарғы шекараға жақын немесе одан жоғары етіп белгілейді.

Қазақстандықтар қалай миллиардерден олжа ала алады?

Тарихи IPO-ны ұйымдастырушылар қатарында Goldman Sachs, Morgan Stanley, Bank of America, Citigroup және JPMorgan Chase сияқты қаржы алыптары, сондай-ақ тағы 18 банк бар.

Ресми түрде "Space Exploration Technologies Corp." деп тіркелген компания Nasdaq және Nasdaq Texas алаңдарына SPCX тикерімен шығуды көздеп отыр.

Біз азаматтарымызға отандық және шетелдік биржаларда акциялармен сауда жасау мүмкіндігін ұсынатын қазақстандық банктерге хабарласып: "Қазақстандықтар сіздердің платформаңыз арқылы ғасырдың осынау оқиғасына ортақтаса ала ма?" деп сұрадық. Жауап көңіл көншітпеді.

"Америкалық нарықтағы IPO-лар, соның ішінде SpaceX те қазіргі уақытта қолжетімсіз. Қазақстандық нарықтағы IPO-лар олар өткізілген кезде қолжетімді болады. Таяу арада күтілетіндердің ішінен ҚТЖ ("Қазақстан темір жолы") IPO-сы бар: шамамен алғандағы мерзімі – ағымдағы жылдың соңы", – деп хабарлады бізге банктердің бірінде.

Дегенмен, қазақстандықтардың халықаралық брокерлер арқылы акция орналастыруға қатысу мүмкіндігі қалады. Бірақ бұл жерде де гәп бар.

Мәселен, Fidelity халықаралық брокері SpaceX IPO-сына қатысу үшін ең төменгі шекті 500 000 доллардан 2 000 долларға дейін төмендетті. Осылай 250 есе құлдыратқанына қарамастан, бұл сома Қазақстандағы жеке инвесторлардың көпшілігі үшін әлі де қомақты шығын саналады.

Сонымен қатар, бұл жерде тез ақша тапқысы келетіндер брокерлердің қырына ілігеді. Алғашқы 15 күнде акцияларды сатқаны үшін айыппұлдар салынып, өмірлік бұғаттаумен жазалану қаупі бар.

Fidelity компаниясы SpaceX IPO-сына қатысушылар үшін арнайы ережелер енгізді: егер клиент құнды қағаздарды сатып алғаннан кейінгі алғашқы 15 күнтізбелік күн ішінде кері сатса, ол алыпсатарлар (спекулянттар) санатына жатқызылады. Бірінші рет ереже бұзғаны үшін IPO-ға қолжетімділікті 6 айға бұғаттау қарастырылған.

Ережені қайталап бұзу шектеу мерзімін 1 жылға дейін ұзартады. Үшінші жағдай инвестор аккаунтының өмір-бойға бұғатталуына әкелуі мүмкін. Акциялармен санкциясыз еркін сауда жасауға тек 16-шы күннен бастап рұқсат етіледі. Бұл да жұмсақ шарт саналады: FINRA реттеушісінің стандартты лимиті 30 күнді құрайды.

IPO-дан кейін акцияларды ерте сатуға қатысты ұқсас тыйымды Robinhood, SoFi, Schwab және E*Trade брокерлік компаниялары да қолданады. Андеррайтерлер құнды қағаздарды IPO-да тек ізінше тез сату үшін ғана алатын инвесторларды жақтырмайды. "Флиппинг" (flipping) деп аталатын мұндай стратегия көбіне болашақ IPO-ларға қатысуға тосқауыл қоюға соқтырады. FINRA ережелеріне сәйкес, орналастырудан кейінгі алғашқы 30 күн ішінде акцияларды сату ресми түрде флиппинг болып есептеледі.

2011 жылдан бастап қолданылатын 5131-ші ереже бойынша егер андеррайтерлер орналастыруға қатысушылар үшін алдын ала арнайы санкцияларды талап етпесе, брокерлерге флиппингтік акцияларды сатудан комиссия ұстауға тыйым салынады. Сондықтан кірісінен қағылатын брокерлік компаниялар өздеріне түсетін жүктемені жиі клиенттерге аударып, осындай төл шектеулерін белгілейді.

Fidelity ұсақ инвесторлар үшін қақпаны ашады

Fidelity компаниясының ІРО-ға қатысудың ең төменгі шегін жарты миллион доллардан 2 000 долларға дейін төмендету туралы шешімі бұрынғы кедергіні іс жүзінде жойып, оны 99,6%-ға қысқартты. Нәтижесінде, әлемдегі миллиондаған жеке инвесторларға жылдың ең ірі биржалық дебютіне жол ашты.

Алайда әлеуетті табыстылықты акцияларды лезде қайта сатуды шектейтін брокерлердің ережелері тұсаулайын деп тұр. Мұндай стратегия инвесторлардың бәріне бірдей тиімді емес, орналастырудан кейінгі 15-30 күн ішінде акциялардың құны тек өсіп қана қоймай, айтарлықтай құлдырауы да мүмкін, салдарынан IPO-ға қатысушылар шығынға отыруы ықтимал.

"SpaceX орналастырылатын құнды қағаздардың 30%-ына дейінгісін бөлшек инвесторларға бөлді. Бұл дәстүрлі түрде жеке секторға арналған стандартты көлемнен әлдеқайда жоғары. Бұл қарапайым адамдарға 1,77 триллион доллар тұратын империяның иесі атануға бірегей мүмкіндік береді", – деп хабарлады beincrypto.com.

Реттеуші органдардың құжаттамасына сәйкес, SpaceX бір данасы $135 бағасымен шамамен 555,6 млн акцияны саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, компания 74,4 миллиард доллардан астам қаражат тартудан үмітті.

Егер андеррайтерлер қарастырылған опциондарды жүзеге асырса, тартылған қаражат көлемі $85,7 млрд-қа дейін ұлғаюы мүмкін. Қазірдің өзінде бұл IPO-ны әлемдік қор нарығы тарихындағы ең ірі әлеуетті орналастыру деп атап жатыр, ауқымы жағынан ол тіпті Saudi Aramco-ның IPO-сынан да асып түсуге қауқарлы.

Шектеулі фри-флоут және ашқарақ алыптардың қыспағы

Қолжетімділікке қатысты жомарт уәделер мен кіру шегінің 250 есеге төмендеуі қарапайым адамдардың сол акцияларды сатып ала алатынына еш кепілдік бермейді. Орналастыру аясында нарықтың ханталапайына барлық 13 млрд құнды қағаздың тек шамамен 555,6 миллионы ғана тасталады.

Осылайша, еркін айналымға (фри-флоут) акциялардың жалпы көлемінің тек 4%-ға жуығы ғана түседі. Ұсыныстың мұндай қатаң тапшылығы сауда-саттықтың алғашқы күндерінде-ақ бағаның қатты құбылуына ("әткеншек" әсеріне) әкеп соғуы ғажап емес.

SpaceX неге сонша рекордтық көлемде бағаланып отыр? Ол биік баға тек үмітке сүйенген: бағалау жүргізген Goldman Sachs сарапшылары инвесторларға: "осы компанияның ЖИ технологияларынан түсетін табысы 2030 жылға қарай 100 есе өседі" деген болжамын жариялады. Дәл осы өршіл үміт $1,78 трлн деңгейіндегі капитализацияның негізіне айналды.

Алайда сарапшылар мұндай ғаламат болжамдардың әзірге ешқандай тұғыры жоғын және компанияның табыстылығы шығынға белшеден батып отырған аралас xAI бөлімшесінің қаржылық жағдайына қатты тәуелді екенін ескертті.

Бетке теуіп тұрған тәуекелдерге қарамастан, Уолл-стриттің институционалдық алыптары тарапынан қызығушылық көрігі тек қызып жатыр. JPMorgan басшысы Джейми Даймон VIP-клиенттерге арналған мәміленің тұсаукесеріне дайындықты жеке бақылауына алды. Банк әлемнің 90 қаласында 2 500-ден астам ірі қатысушының басын қосқан, ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған ғажайып онлайн-сессия ұйымдастырды. Ол жиын өзгелер үшін жабық өтті.

Осындай жасырын роуд-шоуларды Bank of America да өткізді. Сарапшылардың пікірінше, әлемдік институционалдық инвестқорлар арасындағы мұндай сұрапыл дүрбелең жеке инвесторлар ала алатын акциялардың нақты көлемінің азаюына ұласуы әбден мүмкін. Өйткені солар басымдыққа ие: азулылардан қалған сүйек-саяқ ұсақ инвесторларға тасталады. Әрине, егер қалса.

Сонымен бірге, SpaceX алдағы орналастыруға Қытай мен Гонконг инвесторларының қатысуына тыйым салып тастады. Дегенмен, сарапшылар бұл қадам IPO үшін елеулі қауіп тудырмайды деп есептейді. Freedom сарапшысы Наталья Мильчакова атап өткендей, шектеулер ең алдымен ұлттық қауіпсіздік саласындағы американдық заңнама талаптарымен байланысты.

"Америкалық ғарыш компанияларының Қытаймен өзара іс-қимылына қойылған қолданыстағы шектеулер де қосымша фактор болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, SpaceX шешімі қисынды көрінеді және АҚШ-тың қазіргі реттеушілік тәжірибесіне толық сәйкес келеді", – деді ол.

Freedom сарапшылары бұл тыйым компания акцияларын сатып алуға мүдделі шетелдік инвесторлардың санын біршама азайтуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда бұдан IPO-ға төнетін елеулі қауіп пен қиындықты байқап отырған жоқ.

Наталья Мильчакованың айтуынша, әлемдік инвестициялық қоғамдастықтың SpaceX-ке деген қызығушылығының орасан екені соншалық, ҚХР мен Гонконг инвесторларының жоқтығын ешкім байқамайды. Сонымен қатар, Маск компаниясының қызметі АҚШ-тың стратегиялық технологияларымен және қорғаныс секторымен тығыз байланысты. Осыны ескерсек, нарық мұндай тыйымның болатынын алдын ала күтсе керек.

Миллиардтаған шығындар мен Масктың тәбеті: таяқтың екінші ұшы

Нарықта инвесторлардың алаңдаушылығын тудыратын бірқатар факторлар да сақталуда. Таяуда SpaceX шығындары көрсетілген тоқсандық есептілігін жариялады. Илон Маск 366 күн мерзімге (lock-up кезеңі) өзінің жеке акциялары пакетін сатпауға қатаң міндеттеме алып, дауыс беру құқығының 85%-ын өз бақылауында қалдырды.

Өткен жылдың қорытындысында SpaceX түсімі $18,7 млрд-ты құрады. Сонымен бір мезгілде, корпорация есепті кезеңді $4,94 млрд көлеміндегі шығынмен аяқтады. Салыстырсақ, 2024 жылы $791 млн деңгейінде таза пайда алған болатын.

Компания табысының негізгі қайнары жерсеріктік байланыс қызметін көрсететін Starlink бөлімшесі болып қалуда. Өткен жылы ол компанияға шамамен $11 млрд түсім әкелді.

Сондықтан SpaceX өз тәбетін біраз басты: IPO алдында компанияның бағалануы осы жылдың сәуір айында айтылған бастапқы 2 трлн доллардың орнына 1,7 трлн долларға дейін төмендетілді. Бұл ретте компания IPO барысында шамамен 75 млрд доллар тарту жоспарынан бас тартқан жоқ: әлгі азайту тек капитализацияны бағалауға ғана қатысты болды.

Біз бұл материалдың тек ақпараттық сипатта екенін ескертеміз: ол жеке инвестициялық кеңес немесе аталған құнды қағазды сатып алуға ұсыныс болып табылмайды. Құнды қағаздарға, әсіресе шетелдік активтерге инвестиция салу қосымша тәуекелдер тудыратынын есте сақтаңыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу