Құрамында журналистер мен қоғам қайраткерлері енген жұмыс тобының мүшелері аталған құжатқа наразы екендігін жасырмады, деп жазады inbusiness.kz.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанында құрамына 60-тан астам медиасала өкілдері, сарапшылар мен журналистер кірген жұмыс тобының мүшелері бірнеше ай бойы БАҚ туралы заң жобасының мәтінін талқылаған. Олар заңның заман талабына сай болуы мен медиасаланың дамуына ықпал етуі үшін ұсыныстар та әзірлеген. Алайда заң жобасының соңғы нұсқасы жұмыс тобының үмітін су сепкендей басты. Құжаттың бұл нұсқасы жұмыс тобымен келісілмеген әрі Ашық НҚА порталында жарияланды.
"Жаңа жылда Ашық НҚА порталында заң жобасының атауы өзгертіліп берілді. Бізге уәде етілген өзгерістер болған жоқ. Одан кейін жұмыс тобының мүшелері әр бап бойынша өздерінің пікірлерін білдірді. Ол кезде де "иә, ұсыныстарыңыз ескеріледі" деген уәделер берілді. Өкінішке қарай, біз ведомствоаралық комиссияның шешімінен хабарсыз болдық. Заң жобасы ашық порталға жарияланғанын бір-ақ білдік. Сонда маусым айынан бері өткізілген түрлі онлайн, офлайн кездесулердегі жұмыс тобының айтқан сөздері, ұсыныстары ескерілмеді", - деп атап өтті журналист, медиатренер Халима Тәжіқұл.
"Media Qoldau" заң қызметі өкілі Гүлмира Біржанованың сөзінше, порталда жарияланған заң жобасы қолданыстағы екі заңның бірігуінен пайда болған.
"Қолданыстағы заң 1999 жылы қабылданды. Заңның ескіргенін бәріңізге де белгілі. Алайда біз БАҚ туралы жаңа заң жобасын көріп тұрғанымыз жоқ. Тек қана қолданыстағы екі заңның – қолданыстағы БАҚ туралы заң мен телерадио хабарларын тарату туралы заңның кейбір түзетілген нормалармен бірігуін көріп отырмыз. Бізге жаңа заң қажет", - деді ол.
Ал, "Құқықтық медиаорталық" ҚҚ жетекшісі Диана Окремова құжаттың олқы тұстарына тоқталды.
"Заң жобасы мәтінінің жұмыс тобымен келісілмегені үлкен жаңалық болды. Бұл туралы тіпті жұмыс тобына айтылмады. Құжат мәтіні сайтқа орналастырылып, оны ведомствоаралық комиссия мақұлдап та үлгерген. Бұл министрлік үшін жұмыс тобының қызметі маңызды емес екендігінің белгісі", - деп атап өтті спикер.
Диана Окремованың айтуынша, құжат басында заңның журналистиканың кәсіби саласын реттейтіндігі айтылған.
"Бірақ заң масс-медиа туралы деп аталады. Ал масс-медиа дегеніміз – бұл бұқаралық ақпарат құралдары, желілік басылымдар және интернет-ресурстар. Яғни, іс жүзінде заң бүкіл интернет кеңістігін қамтиды. Ол журналистерге емес, барлық Интернет пайдаланушыларына бағытталған. Бұдан басқа ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы істер бойынша талап қою мерзімін енгізу туралы норма да бар. (...) Соңғы нұсқада бұл норма алынып тасталыпты. Одан басқа мемлекеттік ақпараттық тапсырыс мәселесі де бар. Министрлік қаражатты бөлетін және оның барлық әрекеттері ашық болатын тәуелсіз оператор болады деп уәде берді. Не өзгерді? Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс "грант" сөзіне ауыстырылды, бірақ ашықтық кепілдіктері туралы бірде-бір сөз жоқ. Біз бұл жүйе құпия болып қала ма деп қорқамыз", - деді Диана Окремова.
Келесі тармақ редакцияның тапсырмаларын ерекше жағдайларда орындау деп аталады. "Құқықтық медиаорталық" ҚҚ жетекшісі бұл да күтпеген тосынсый болғанын айтып отыр.
"Мұндай мәтінді ешкім күткен жоқ. Ерекше жағдайлар әскери іс-қимыл ғана болуы міндетті емес, бұл техногендік және әлеуметтік сипаттағы кез келген төтенше жағдайлар. Бұл норманың енгізілуі журналист барлық әрекеттерін лауазымды тұлғалармен келісетінін, материалды келісуі керек екенін білдіреді. Іс жүзінде олар лауазымды тұлғалардың рұқсатынсыз өздерінің кәсіби міндеттерін орындай алмайды деген сөз", - деді Диана Окремова.
Өз кезегінде баспасөз мәслихатына онлайн қосылған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері жоғарыда аталған ескертпелер мен ұсыныстар ескерілетінін атап өтті.