Мәулен Әшімбаев: Көру қабілеті бұзылған балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау – мемлекеттің негізгі міндеті

376

Білім беру жүйесінде инклюзивті ұстанымдарды арттыруға арналған заң жобасы әзірленіп жатыр. 

Мәулен Әшімбаев: Көру қабілеті бұзылған балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау – мемлекеттің негізгі міндеті Фото: dknews.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев көру қабілеті бұзылған балаларға дұрыс сапалы білім алуына мүмкіндік жасау мемлекеттің негізгі міндетінің бірі екенін баса айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенаторлар зағиптардың және көру қабілеті бұзылған адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы заңын қарады.

"Конституциямызда да барлық азаматтарға тең жағдай жасау туралы тиісті нормалар бар. Соны да орындауымыз керек. Бұдан бөлек бұл – біздің адами парызымыз. Сол себепті министрліктің (ред. – Оқу-ағарту министрлігі) осы бағытта біраз жұмыс атқарғанын білеміз. Бұл саладағы мәселелерді бір жүйелі, толыққанды шешу үшін депутаттардың ұсынысымен тиісті заң жобасы дайындалып жатыр. Білім беру жүйесінде инклюзивті ұстанымдарды арттыруға арналған заң жобасы. Біз оны созбай, биылғы сессияның аяғына дейін қабылдасақ та дұрыс болар еді", – деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың пленарлы отырысында.

Айтуынша, бұл салада көптеген мәселенің бар екені жасырын емес.

"Әлі де тиісті мамандарды дайындауға байланысты сұрақтар бар. Осындай мектептердегі арнайы сыныптардың материалдық-техникалық базасына қатысты сұрақтар да жоқ емес. Осы заң қабылданғаннан кейін соларды шешуге үлкен үлесін қосады деп сенеміз. Сондықтан бұл жерде барлығы шешілді деп айтпай, бірге жұмыс істеп, тиісті заңды алдағы уақытта қабылдауымыз керек. Министрліктің дәйекті қадамдары қажет екені анық. Біздің депутаттар да өз тарапынан белсенді жұмыстарын бастап жатыр", – деді Сенат спикері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу