Мәулен Әшімбаев Түркістанда туризмді дамытуда Өзбекстанның тәжірибесін қарауды ұсынды

886

Тарихи қаланың туристік әлеуеті өте зор. 

Мәулен Әшімбаев Түркістанда туризмді дамытуда Өзбекстанның тәжірибесін қарауды ұсынды Фото: Түркістан облыстық туризм басқармасы

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркістанның туристік әлеуетін әлі аша алмай жатқанымызды айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Түркістанға баруға біраз қазақстандықтар да мүдделі, қызығушылық танытады. Түркиядан, Орталық Азиядан біраз бауырларымыз келуге тырысады. Мүмкіндігінің болмауы немесе рейстердің қымбаттығы салдарынан келе алмай жатады. Түркістанның туристік әлеуетін біз әлі аша алмай жатырмыз. Бірақ сол туристерді қабылдайтын инфрақұрылым да бар сияқты. Енді осы жұмысты туристік компаниялармен бірге жүйелі ұйымдастыру керек. Басқа мемлекеттердің де тәжірибесін қарау керек. Бұл жерде ұялатын ештеңе жоқ. Өзбектердің де тәжірибесін қарау керек. Самарқандқа жылына бірнеше миллион турист барады. Мысалы, Самарқандты әлемде көп жерлерде өздері насихаттайды, әртүрлі тетіктерді қолданады. Әртүрлі жерлерде Самарқанд туралы ақпарат таратады. Ташкент пен Самарқандтың арасында арнайы жылдам пойыздар да іске қосылды", - деді Сенат спикері.

Бұдан бөлек Әшімбаев Түркияны да мысалға келтірді.

"Түркия Анталияда туризмді дамыту үшін қаншама еңбек етті. Бұл да үлкен кешенді жұмыс. Соның арқасында Түркия үшін туризм негізгі табыс көздерінің бірі. Сол сияқты Түркістан да бізге үлкен табыстың, екінші жағынан Қазақстанды насихаттауға мүмкіндік беретін үлкен бір орталық болар еді", - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сенат төрағасы Түркістан айналасында туризмді дамыту үшін субсидия берілу керек деген пікірде. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу