Маусым айынан бастап маркетплейстер жаңа төлем жүйесіне көшеді

3092

Онлайн саудадағы "бозторғай жұмыртқалаған" заман тарих қойнына кетіп барады.

Маусым айынан бастап маркетплейстер жаңа төлем жүйесіне көшеді Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

"5 затқа тапсырыс беріп, біреуін таңдаймын": бұл схема енді жұмыс істемейді

Маркетплейстер мен бизнес өкілдері бүгінде "онлайн базарлардың" жаңа жұмыс ережелерін талқылап жатыр. Әңгіме негізінен, тауарды толықтай тегін қайтару моделінен біртіндеп бас тарту туралы. Тауарды кері жеткізу шығындарын клиенттерге көбірек жүктеу жоспарлануда. Осылайша, сауда алаңдары нарықты агрессивті жаулау режимінен үнемдеу режиміне орала бастады, деп жазды inbusiness.kz.

Ұзақ жылдар бойы сатып алушылар өзіндік бір цифрлық тұтыну "жәннатында" рахаттана өмір сүрді. Қаласа бір киімнің бес өлшеміне, аяқ киімнің немесе техниканың түр-түріне жай ғана "көру" үшін тапсырыс беруге болатын еді. Одан кейін арасынан тек бір тауарды алып, қалғанынан немесе тіпті барлығынан бас тартуға рұқсат етілді. Маркетплейстердің өзі осы мінез-құлық моделін ұзақ уақыт бойы ынталандырып келді: басты діттегені – кез келген жолмен Қазақстан және басқа елдердің нарығын жаулау еді.

Бұл жағдай әсіресе киім мен аяқ киім сегментінде өнімін сататындардың қабырғасына қатты батыпты: онда кейбір санаттардағы қайтарылған тауар көлемі барлық тапсырыстардың жартысына жуықтады. Салдарынан, логистикалық жүйенің қомақты бөлігі іс жүзінде тауарды сатуға емес, оның қойма, тапсырыс беру пункті және кері бағытта әрлі-берлі тасымалдауға жұмыс істеді.

Ал әрбір қайтару – бұл қосымшадағы жай ғана "тапсырыстан бас тарту" батырмасы емес. Бұл толыққанды операциялық тізбек:

• тауарды қайтадан орау керек;

• декларациясын, өзге құжаттарын ресімдеу қажет;

• кері тасымалдау керек;

• жай-күйін мамандарға тексерту қажет;

• қоймаға қайтару керек;

• қайтадан сатуға дайындау қажет.

Сарапшылардың мәліметінше, жекелеген жағдайларда, әсіресе, ірі заттарды кері жеткізу шығыны тауардың құнымен теңескен. Мысалы, бағасы қымбат емес, қолжетімді чемоданды тасымалдау сатушыға өнімнің өз бағасымен бірдей қып-қызыл зиян әкелуі мүмкін.

Ірі компаниялар айналым мен бизнесінің ауқымының арқасында бұл шығындарды ішінара өтей алады. Ал шағын бизнес, соның ішінде кішігірім дүкендер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және авторлық тауар өндірушілер үшін бұл шығын көтере алмас шоқпарды белге байлағандай болып, адымын аштырмауда. Әсіресе қолөнер сегментінде табыс-маржа жоғары емес, ал, әрбір сәтсіз жеткізілім бірнеше тауарды сатудан түсетін пайданы жоққа шығарады.

Сатып алушылар үшін енді не өзгереді? Бұл ретте интернетте сатып алынған тауардан 7 күн ішінде бас тарту құқығы сақталады. Заңгерлер тұтынушыларды қорғаудың негізгі нормаларын ешкім жоймайтынын еске салды. Дегенмен, егер тиісті шарттар сервис ережелерінде алдын ала жазылған болса, онда маркетплейстер бұдан былай кері қайтару құнын ұстап қалу мүмкіндігіне ие болады, деп жазды "Пруфы".

Тыңшылық гаджет, БАД пен "сұр" импорт: қатаң тыйымға тағы не ілікті

Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Маусым айынан бастап ресейлік маркетплейстер, соның ішінде Wildberries пен Ozon кейбір тауарларға тапсырыс беруге мүлдем тыйым салады. Келесі айдан бастап Ресейде тауарлардың жекелеген санаттарының айналымы бойынша қағидалар қатайтылады және бұл ірі маркетплейстердің ассортиментіне міндетті түрде кері әсер етеді.

Позициялардың бір бөлігі ашық саудадан түпкілікті жоғалады, басқалары үшін қосымша шектеулер мен құжаттарға қойылатын қосымша талаптар енгізіледі. Интернет-сауда жөніндегі сарапшы Сергей Вишневский мен тұтынушылар құқығы жөніндегі заңгер Елена Пахомова таяуда маркетплейс сатып алушыларының себеттерінен қандай тауарлар жойылып кетуі мүмкін екенін түсіндірді.

Сергей Вишневскийдің мәліметінше, бақылауды күшейту ең алдымен қауіпсіздікке, медицинаға және арнайы техникалық құралдарға қатысты тауарларды қамтиды.

Бірнеше тауар санатына тыйым салынады:

• арнайы және әскери құралдарға теңестірілетін құрылғылар;

• лицензияларды, тіркеу куәліктерін талап ететін тауарлар;

• тіркелмеген шетелдік медициналық техникалар;

• таңбалауы (маркировкасы) жоқ тауарлар;

• заңды кодтары жоқ өнімдер;

• РФ қашықтықтан сауда жасау ережелерін бұзатын позициялар.

Бұл сатып алушыларға қалай әсер етеді?

Сергей Вишневскийдің пікірінше, тұтынушы тап болатын басты өзгеріс – виртуалды сөрелерде бұрын үйреншікті сатылып келген, бірақ жартылай "сұр" импортпен (заңды тауарға қосылып) тасылатын тауарлардан тазарту.

Бірінші кезекте жасырын бақылауға және тыңдауға арналған арнайы құрал деп танылуы мүмкін гаджеттер, аксессуарлар мен құрылғылар, тіркелмеген шетелдік медициналық бұйымдардың жекелеген түрлері, шығу тегі белгісіз күмәнді "медициналық" аппараттар мен аспаптар, құрамы белгісіз және "барлық ауруды бірден емдейді!" деген ауандағы агрессивті маркетингі бар БАД-тар қысқартуға ұшырауы мүмкін.

Заңгер Елена Пахомованың дерегінше, маусым айынан бастап ресейлік маркетплейстер селлер-саудагерлердің құжаттарын мұқият тексеруге міндетті болады. Ал растау құжаттары болмаған жағдайда – оның тауар карточкаларын бұғаттайды. Сарапшылар қашықтықтан сатуға ресми түрде тыйым салынған өнімдерге ерекше назар аударылатынын ескертті: мысалы, құрамында никотині бар өнімдердің бір бөлігі, қауіпті тұрмыстық химия санатына жататын заттар.

Сарапшылар платформаларға қадағалаушы органдардың қырына ілігіп, айыппұл төлегенше, даулы тауарды саудадан алып тастай салған оңайырақ екенін қаперге салды. Құзырлы құрылымдардың ауқымды тексерістерімен бизнесті тұралатып алғаннан гөрі сауда-саттықтың бір бөлігін құрбан ету тиімдірек.

Заңгерлер сатып алушыларға ерекше тауарлардың мәртебесін: сертификаттардың, тіркеу құжаттарының болуын және өндіруші туралы ақпаратты алдын ала тексеруді, күмәнданған жағдайда – өнім мәртебесі ашық, адал дүкендерге ғана жүгінуді ұсынады.

Бос карточкалар мен жасырын шығындар: маркетплейстердегі бизнес неге азып барады

Ресейлік алаңдар қиын заманды бастан өткеруде. Mpstats ("Точка Банкіне" тиесілі) хабарлауынша, Wildberries-тегі нақты саудасы бар селлерлердің үлесі бір жыл ішінде 20%-дан 14%-ға дейін күрт құлдырады. Қалғаны маркетплейсте ештеңе өткізе алмаған және оны жай сөре ретінде пайдаланып, тауарын елге паш етуді місе тұтуға мәжбүр.

2023 жылдан бері алғаш рет сатушылардың жалпы саны да азая бастады. "Точка Банкінің" мәліметінше, 2025 жылы ресейлік маркетплейстердегі сатушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,75%-ға құлдырады. Сауда жасау қиындап барады, делінген зерттеуде.

Mpstats сарапшыларының есебіне сәйкес, Wildberries-дің топ-500 тауар позициясындағы бір жылда ең құрығанда 1 тауарын сата алған саудагерлердің үлесі 20,33%-дан 13,62%-ға дейін құлады, бұл туралы Forbes хабарлады.

Талдау маркетплейстегі карточкалар саны бойынша ең ірі 500 тауар тобының іріктемесіне негізделген және өткен жылдың көктемінен 2026 жылдың көктеміне дейінгі кезеңді қамтыпты.

Құжаттан белгілі болғандай, 2025 жылдың 1 сәуірінен 2026 жылдың 1 сәуіріне дейінгі аралықта саудасы бар карточкалардың саны өткен жылғыдан 4,7%-ға – 2,19 миллионнан 2,09 миллионға дейін төмендеді, деп нақтылады сарапшылар. "Саудасы бар карточкалар" немесе "саудасы бар сатушылар" деп, сарапшылар кем дегенде 1 тапсырысты тіркеген карточкалар мен сатушылар саналады.

Бұл ретте әдеттегі тауар топтарындағы азды-кем саудасы бар карточкалардың медианалық үлесі өткен жылға қарағанда екі еседен астамға – 6,02%-дан 2,62%-ға дейін қысқарыпты. Wildberries өзіндегі ассортименттің өскенін – жаңа тауарлар мен карточкалардың пайда болғанын хабарлады. Дегенмен, саудасы бар карточкалардың саны мен нақты тауарын өткізе алған селлерлердің үлесі шынымен де төмендеп жатыр, деп көрсетілген зерттеуде.

Wildberries, әрине, мұндай тұжырыммен келіспейді. РВБ-ның (Wildberries&Russ біріккен компаниясы) баспасөз қызметі Forbes басылымына түсініктемесінде, әлгі сарапшылардың шолуы селлерлер бизнесінің шынайы көрінісін көрсетпейтінін мәлімдеді. Санаттардың шектеулі іріктемесі тек платформаның өзінде ғана бар құпия, әрі егжей-тегжейлі деректерден алшақ екенін, ал, жекелеген тауар карточкаларының немесе тауар тобының динамикасы негізінде ондаған мың сатушының жұмыс нәтижелері туралы қорытынды жасау дұрыс еместігін нықтады компания.

Баспасөз қызметі сондай-ақ, Wildberries-тің бұған дейін жүргізген зерттеуіне сәйкес, маркетплейсте жұмыс істегеніне 1 жыл толғаннан кейін әрбір оныншы сатушы миллион рублден астам табысқа шығатынын мәлімдеді. PRO Wildberries кәсіпкерлерді дамыту орталығының зерттеуі соны көрсеткені туралы бұған дейін, 2024 жылдың наурызында Russian Business басылымы хабарлаған болатын.

Бұл ретте екі тұжырым да шындық болуы мүмкін. Табысты сатушылар байыған үстіне баюда, олар айналымның ауқымды бөлігін өз уысында шоғырландыра алады. Ал, қалғандары біртіндеп ығыстырылып жатыр. Өткен жылы бір сатушыға шаққандағы медианалық табыс 574 500 рублді ғана құрады, деп жазды forbes.ru.

VPN бұғаттау және трафиктің төмендеуі: e-commerce алпауыттары аудиториясынан айрылуда

CNews-тің жазуынша, бизнесін бастағысы келетін жаңадан тіркелген сатушылардың саны шамамен 18%-ға (17,8%) құлады. Егер 2022 жылдың басында шағын және орта сатушылардың үлесі 27–37%-ды құраса, 2026 жылдың басында бұл көрсеткіш 15–28%-ға дейін түскен.

"Маркетплейстардың бағаны мәжбүрлі түрде төмендету, үнемі түрлі акция, жеңілдіктер ұсынуға мәжбүрлеу тәжірибесі селлерлердің қабырғасын қайыстырып отыр. Маркетплейстер мен кәсіпкерлікті дамытудың халықаралық қауымдастығының мәліметінше, сатушылардың үштен біріне 50%-дан асатын ірі жеңілдіктер беруге тура келген. Селлерлердің шығындары өсті, сауда алаңына кіру ақылары жоғарылады, платформалар комиссияларды арттырды", – деп мәлім етті ресейлік "CNews" басылымы.

Тіпті аудитория да болып жатқан жағдайларға кері реакция білдіре бастады. Digital Budget дерегінше, биылғы сәуір айында ресейлік маркетплейстер пайдаланушыларының 10%-на дейінгісінен айрылды. Оларды РФ-та, Қазақстанда және ТМД көлемінде қытайлық "онлайн-базарлар" жаппай ауыстырып жатыр.

Ең күрделі ахуал Wildberries-те тіркеліпті: мобильді құрылғылардан келетін трафик 10%-ға, ал, компьютерлерден кірушілер саны 6%-ға қысқарды, деп нақтылады сарапшылар.

"Коммерсантъ" дереккөзінің хабарлауынша, 2026 жылы Wildberries VPN-трафикті шектеп тастауына байланысты қатты зардап шекті. Оның пайдаланушыларының бір бөлігі Ресейде тыйым салынып, бұғатталған шетелдік ресурстарға еркін кіру әрі анонимділікті сақтау үшін жаппай VPN қолданады.

Құзырлы құрылымдардан қаймыққан маркетплейстің өзі VPN-і іске қосулы тұрған кезде платформаға кіруге қатаң тыйым салып тастап, өзі отырған бұтақты өзі шапқандай болды. Ресейлік жалғыз маркетплейстағы сауда-саттық пен "ви-пи-ен" беретін қауіпсіздік арасында тұтынушылардың бір бөлігі соңғысын таңдаған. Өйткені өзге сауда алаңдары, соның ішінде қытайлық платформалар VPN-ге қатысты тыйым салмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу