Мажарстандағы парламент сайлауында оппозициялық партия алға шықты

145

Елді 16 жыл басқарған Орбан биліктен кетті.  

Мажарстандағы парламент сайлауында оппозициялық партия алға шықты Фото: cdn.ru

Дауыстарды толық санау 18 сәуірден кешіктірілмей аяқталуы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Мажарстанда Петер Мадьяр жетекшілік ететін "Тиса" оппозициялық партиясы сайлауда жеңіске жетіп қана қоймай, парламентте көпшілік мандатқа ие болуы мүмкін. 16 жыл билікте болған премьер-министр Виктор Орбан және оның "Фидес" партиясы жеңілісін мойындады.

Мажарстандағы парламент сайлауы партиялық тізімдер және бірмандатты округтер бойынша өтті. Дауыстардың шамамен 99%-ы саналғаннан кейін "Тиса" партиясы 199 орынның 138-ін алып, конституциялық көпшілікке қол жеткізуі ықтимал. Ал Фидес партиясы 54 мандатқа ие болды. Тағы 6 орын "Біздің Отан" атты партияға бұйырды. Елде парламентке өту үшін партиялар кемінде 5% дауыс жинауы тиіс.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, дауыстарды толық санау 18 сәуірден кешіктірілмей аяқталуы тиіс.

Виктор Орбан түпкілікті нәтижелер жарияланбай тұрып саяси қарсыласы Петер Мадьярды жеңісімен құттықтаған. Ол "Фидес" партиясы елде оппозицияда отырып қызмет ете беретінін жеткізді.

Дүйсенбіге қараған түні Петер Мадьяр Будапешттің орталығында өткен митингте сөз сөйледі. Оның сөзінше, бұл сайлауда "Тиса" партиясы мен Мажарстан жеңіске жетті.

"Біз барлығымыз Мажарстанды азат етіп, Виктор Орбанның режимін құлаттық", – деді Мадьяр.

"Тиса" партиясы көшбасшысының айтуынша, ел тарихында бұрын-соңды дауыс берушілердің мұндай жоғары көрсеткіші тіркелмеген.

Сайлау учаскелерінің жабылуына екі сағат қалғанда сайлаушылардың қатысу үлесі рекордтық деңгейге жеткені белгілі болды (74,23%).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу