Мәжіліс декреттегі әкелердің құқығын қорғайтын маңызды құжатты қабылдады

354

Бұған дейін заң жобасы 2025 жылғы 19 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәжіліс декреттегі әкелердің құқығын қорғайтын маңызды құжатты қабылдады Фото: ЖИ

Мәжілісте қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері туралы заң екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров таныстырды. Қабылданған заң аясында кәмелет жасына толмаған балаларға нақты күтім жасаған уақыт енді жұмыс істемейтін әкелердің жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелетін болады. Сонымен қатар депутаттардың ұсынысы бойынша жұмыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-аналарға (жынысына қарамастан) қатысты еңбек шартын бұзуға тыйым салынады. Осыған байланысты "жалғызбасты аналар" ұғымы "жалғызбасты ата-ана" деп өзгертіледі.

"Сондай-ақ, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер енгізіледі. Заң жобасы бойынша жұмыс барысында депутаттармен келесі түзетулер енгізілді: ұжымдық келісімшартқа жұмысқа байланысты апаттар жағдайларын қоса алғанда, жәрдемақы және өтемақылар төлеу тәртібі туралы норма енгізілді; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау маманы ұйымның бірінші басшысына тікелей бағыныштылығы белгіленіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге жауапкершілік басшыға жүктелуі айқындалды", – деді депутат.

Бұдан басқа, Үкіметтің бастамасы бойынша заң жобасымен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялауға қатысты түзету қарастырылады. Мәслихаттардың құзыретін Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалар негізінде әзірленген "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру қағидаларын әзірлеу және бекіту мәселелерімен толықтыру қарастырылады.

"Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулысын іске асыру үшін Әлеуметтік кодекске жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкеге жас балаларды күту уақытын еңбек өтіліне есепке жатқызуға қатысты нақтылаулар енгізілді. Заң жобасы шеңберінде қаралатын мәселелер аясының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заң жобасының тақырыбын "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді", – деп атап өтті Ерлан Саиров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу