Мәжіліс депутаттарының сайлауына 6,1 млрд теңге жұмсалады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
986

Бұған дейін парламент өзін-өзі 5 рет таратты. 

Мәжіліс депутаттарының сайлауына 6,1 млрд теңге жұмсалады

Келесі жылы елімізде жергілікті мәслихат пен парламент мәжілісінің сайлауы өтеді. Zertteu Research Institute қорының дерегінше, саяси сайысқа 6,1 млрд теңге жұмсалады. Қомақты қаржы 2021 жылғы бюджет жобасында қаралған.

Естеріңізде болса, өткен аптада саясаткер Ермұхамет Ертісбаев "таңдаулы" БАҚ-қа сұхбат беріп, мәжіліс сайлауы 2021 жылғы қаңтарда өтетінін мәлімдеді. Негізі бұл ол айтпаса да белгілі нәрсе еді. Өйткені ҚР Конституциясы 49 - бабының екінші тармағында: "Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады", – деп жазылған. Бұған дейінгі мәжіліс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда өткенін және оның бірінші сессиясы 25 наурызға тағайындалғанын еске түсірсек, VI шақырылымдағы мәжіліс депутаттарының өкілеттілігі 2021 жылғы 24 наурызда аяқталатынын түсіну қиын емес. Ата заңымыздың 51- бабы бірінші тармағында: "...Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде 2 ай бұрын өткізіледі", – деп нақтыланған. Бұл – 2021 жылғы 24 наурызда өкілеттілігі аяқталатын мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылғы 24 қаңтардан кешікпей өтуге тиіс деген сөз.

Еліміздің "Сайлау туралы" Конституциялық заңында көрсетілгендей, мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы мәжіліс депутаттарының өкілеттілігінің мерзімі аяқталардан 5 ай бұрын жарияланады. Яғни Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы мәжіліс сайлауын 24 қазаннан кешіктірмей белгілейді. Осылай болса, 2 аптадан соң елімізде мәжіліс сайлауының кампаниясы басталады.

Басталады дейміз, сайлауалды кампания ресми болмаса да, әлдеқашан басталып кеткен cекілді. Бұлай деуге Nur-Otan партиясының праймериз ұйымдастыруы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы депутаттарының халықтың кредитін кешіру, зейнет жасын 60 жасқа дейін қысқарту туралы елді елең еткізер мәлімдеме жасауы, "Ақ жол" демократиялық партиясының халыққа несиені 7-8 пайызбен беру бастамасын көтеруі, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының құрамына танымал журналистердің қабылдануы негіз болып отыр.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында 5 мәжіліс сайлауы кезектен тыс ұйымдастырылды. Ең соңғы рет мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылы өтті. Қорытындысында Nur Otan партиясы – 82,2%, "Ақ  жол" демократиялық партиясы – 7,18%, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы – 7,14%, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 2,01%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 1,18%, "Бiрлiк" саяси партиясы – 0,29% дауыс жинады. Осылайша парламентке Nur Otan – 84, "Ақ жол" – 7, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы – 7 мандатпен енді. Қалған 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланды.

Қазір елді мәжіліс сайлауы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін бе деген сауал алаңдатып отыр. Бұл сұраққа Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр: ""Жекелеген оппоненттер, блогерлер мажоритарлық жүйеге оралуды ұсынып, мәжілістің кезектен тыс сайлауы туралы сөз қозғап жатыр. Нақты деректері,  дәйектері жоқ. Тек талқылау ғана. Билікті әдеттегідей сылдыр сөзбен сынап отыр. Ұсыныс жоқ. Азияның дамушы елдері мажоритарлық сайлау жүйесіне жүгінсе, дамыған елдер сайлауды партиялық тізім бойынша ұйымдастырып жатыр. Алдағы мәжіліс сайлауы Конституцияда бекітілген мерзімде және қазіргі тәртіп бойынша өтеді, – деп нақты жауап берді.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, алдағы сайлауға "Бiрлiк" партиясы қатыса ма, қатыспай ма белгісіз. Себебі 2016 жылдан бері бұл партия туралы ешкім ештеңе естіп жүрген жоқ. ЖСДП былтыр 3 рет басшысын ауыстырып, қайта-қайта дауға ілінді. Қазір бұл партияның немен айналысып жатқаны белгісіз. Осыған дейін жайбарақат жүрген "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы белсенді бола бастады. Алайда партия жетекшісі-сенатор Әли Бектаев мәжіліске партия тізімімен баруды жоспарлап жүрген жоқ сияқты. Бұл жолы тағы да Nur Otan, "Ақ жол" және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы бәсекелесетін сыңайлы.

"Еліміздегі 6 партияның үшеуі ғана нақты әрекет етіп жатыр. Жаңа партия тіркеу үшін 40 мың емес, 20 мың адамның қолы жеткілікті екенін біліп отырса да, осыған дейін ұрандатып жүргендер партия құру бастамаларын ақиқатқа айналдыра алмады. Сайлау қаңтарда болатын болса, ешкім партия құрып үлгермейді. Себебі осыған дейін қамданған жоқ", – деді Данияр Әшімбаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу