Мәжіліс депутаты: "Борат" фильмі – Қазақстан туралы емес

Бақытбек Смағұл киногердің коммерциялық табыс табуға құрылған ішмерез, жымысқы әрекеттерін жүрекке жақын қабылдамауға шақырды.

Мәжіліс депутаты: "Борат" фильмі – Қазақстан туралы емес

Өткен аптаның соңы әлеуметтік желіде Саша Барон Коэннің "Борат-2" фильмі мен оның жарнамасын талқылаумен аяқталған. Апта да осы тақырыппен басталды. Наразы қазақстандықтар түрлі шаралар қабылдау керегін айтса, СІМ ресми мәлімдеме арқылы фильмге жарнама жасаудың керегі жоғын жеткізді. 
Бүгін осы тақырыпқа Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл пікір білдіріп, өзіне хабарласқан адамдар осы мәселені түрлі жолмен "шешуді" ұсынғанын жазды. 

"Біріншісі – айта-айта жауыр болған тәсіл: Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Ұлыбританияға ресми наразылық нотасын жолдауы керек және қос державаның еліміздегі елшілерін шақырып алып, журналистер көзінше оларды "Борат" үшін ұялтып, нотаны қолына ұстатуы қажет. Бірден айтайын, бұл – тұйыққа апаратын жол. Өйткені Саша Барон Коэн – жеке тұлға, яғни АҚШ үкіметінің не ағылшын патшалығының ресми тұлғасы, лауазымды өкілі емес. Бұл мемлекеттер оған қарсы ештеңе істей алмайды. Қайта Қазақстанның "Боратқа" қарсы наразылық нотасын жолдауы – көргенсіз фильмге қосымша пиар. Ол сұмның өзі осы құжатты алақанын ысқылай күтіп отыр", – дейді депутат. 

Оның жазуынша "Бораттың" бірінші бөліміне қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдеме жасауы, жаппай наразылық білдіру, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Беларусь, Иордания, Кувейт, Бахрейн, Оман және Катардың оның прокатына тыйым салуы – жиіркенішті фильмге кедергі келтірген жоқ. Қайта танымалдығының артуына түрткі болды. Ал оның мазағын елемеген елдерді  киногер елеусіз қалдырған. 

Депутат жастар "Борат" сияқты шешініп, АҚШ пен Ұлыбритания туын таптап, қажет болса өртеуді ұсынғанын айтады. Бұған бірден тоқтау салдым деген халық қалаулысы өзіне үшінші – тым радикалды тәсіл "басын жұлып алуды" ұсынғандар болғанын да мәлім етті. 

"Әлеуметтік желілерде үндеу жасаған кейбір блогерлер, қоғам белсенділері, басқасы осыған шақырып жатқаны өкінтеді. Қазақ – бейбіт, бітімшіл халық. Біз жаһанға жауыздығымызбен емес, ғалымдығымызбен, өркениеттілігімізбен атымызды шығаруға тиіспіз", – деген депутат бұл мәселе бойынша Халықаралық тәжірибесі бар заңгерлермен ақылдасқаны туралы жазды. 

"Олар қазақстандық қана емес, жалпы кез келген туды сорақы мақсатта пайдаланғаны үшін соттасудан келер нәтиже шамалы дегенді айтады. Бұл бірнеше миллион долларды қажет ететін және ұзаққа созылатын процесс. Онда жеңу қиын", – дейді Бақытбек Смағұл.

"Сонда не істеуіміз керек?" деп сұрақ қойған халық қалаулысы көк байрағымызды сыйлауды өзіміз үйренуіміз керек, әлемге үлгі болуымыз керек, ту көтеріліп, әнұран орындалғанда қолын кеудесіне қоюдан қымсынбай, көк тумен қоқыс тасуды қою керегін айтады. 

Сонымен қатар батыстың әбден былғанып, бүлініп бара жатқанын, дәстүрлі отбасылық құндылықтар деградацияға ұшырағанын тілге тиек етті. 

"Біз бұдан сабақ алып, салт-дәстүрімізді, рухани ұстанымызды нығайтуға тиіспіз. "Борат" фильмінде айтылатын қатігездік, рухани құлдырау, инцест, жезөкшелік секілді лас нәрсенің Қазақстанға жоқтығын паш еткеніміз жөн", – деген депутат "Борат" фильмі – Қазақстан туралы емес деп топшылайды. 

"Шетелдік киносыншылардың пікірлерін оқыдым. Бәрінің айтар ойы бір жерде тоқайласады: бұл америкалық қоғамның "инфекцияға толы іріңді жарасын ірі планмен көрсететін" сатира. Мысалы, 2006 жылы шыққан "Борат" 2001 жылғы 11 қыркүйектегі жантүршігерлік террактіден кейін бірлігінен айырылып, қаққа жарылған АҚШ жұртшылығын келемеждейді. Онда ақымақтау америкалықтар троллинг екенін түсінбей, "Борат" сияқты мигранттарға өз құндылықтарын таңуға, әлі де болса қонақжайлылығы мен толеранттылығын көрсетуге тырысады, алайда бойларын психоз бен параноя жайлағанын аңғартып алады. Бұл жолғы жалғасы – сайлау алдында былыққа бөккен Америка қоғамын көрсетеді",– деген депутат 3 қараша күні Америкада президенттік аламан өткеннен кейін бұл фильмсымақ өзекті болмай қалатынын жазған. 

Сөз соңында депутат батыстың арамза киногерінің коммерциялық табыс табуға құрылған ішмерез, жымысқы әрекеттерін жүрекке жақын қабылдамауды сұрайды. 

Әрі өзіне әңгүдік "Бораттың" әпербақан сөздеріне қарағанда жерімізге көз сүзген көрші Қытайдың, не Ресейдің ресми тұлғаларының мәлімдемелері әлдеқайда қауіпті көрінетінін айтады. 

"Міне, дәл сондай мәлімдемелерді біздің Сыртқы істер министрлігі қалт жібермей, дер кезінде наразылық білдіріп, тыйып отыруы қажет", – дейді Мәжіліс депутаты.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу