Ринат Зайытов танымал қазақстандық бизнесменнің әйелімен ажырасуына араласты

5620

Депутат шу көтерген соң Бас прокурор бұл істің мән-жайын айтып берді.

Ринат Зайытов танымал қазақстандық бизнесменнің әйелімен ажырасуына араласты Фото: abai.kz

Биылғы қыркүйек айының соңына қарай мәжілісмен Ринат Зайытов бастаған бір топ депутат Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловтың атына "зілді" ауандағы депутаттық сауал жолдаған болатын.

Мәжілісмендер "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа жолдауларында астын сызып тұрып айтатын тапсырмаларының бірегейі – ашықтық пен әділеттілік" сақталмай отырғанын меңзеді.

"Бұған тоқтау қоятын Бас прокуратура, Жоғарғы сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес! Сонда, жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған 2 отбасы, сот шешімін орындата алмай жүрген жәбірленушілер, т.с.с. мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ? Білсеңіздер айтыңыздаршы! Қазақта: "Байды Құдай ұрарда, байлығына мас болар, Биді Құдай ұрарда, бұқараға қас болар" деген ескерту бар. Халықтан қашпаңыздар!", – деді Ринат Рифхатұлы.

Мәжілісмен бұлай қаһарына мінуіне себеп болған "арызданушының материалы мен оларға байланысты шыққан үкімдерін қоса жолдайтынын" мәлімдеді. Материалдар депутат Зайытовтың Бас прокуратураға жолдаған депсауалына тіркеліп жіберілген.

Анықталғанындай, әңгіме Павлодар облысында есімі жергілікті жұртшылыққа белгілі бизнесмен Евгений Глинскийдің әйелі Анджелика Глинскаямен ажырасып, ортақ мүліктерін бөлісуіне қатысты екен.

Контрагенттерді тексеруге арналған Statsnet сервисінің мәліметінше Евгений Юрьевич Глинский "КАЗСПЛАВ-ПАВЛОДАР" ЖШС компаниясының басшысы. Бұл кәсіпорын алюминийден және алюминий қорытпасынан құрылыс конструкцияларын және басқа да бұйымдарды шығарумен айналысады. Ашылғанына сегіз жылға жуық уақыт өткен. Кеңсесі Павлодар қаласындағы Естай көшесінде орналасқан.

Павлодар қалалық сотының шешімінде оған қарсы зайыбы Анжелика Михайловна Глинскаядан талап арыз түскені мәлімделген.

Бұл хикаяда детективке бергісіз шытырманның бәрі бар. Бұрынғы ғашықтардың қаһарлы қарсыласқа айналып, аяусыз шайқасуы, тұрмыстық озбырлық, ұрлық, құжаттарды қолдан жасау, шетелге кету, Беларусь билігінен көмек сұрау және басқасы. Бірақ оқиғаның шытырман сипат алғаны сонша, қос тараптың бір-біріне таққан айыбының қайсысы анық, қайсысы жала екенін айыру қиын.

Айта кететін жайт, әйелі тарапынан кәсіпкерге тағылған айыптар әзірге нақты дәлелденбеген көрінеді. Бұл ретте сот органдары бизнесменнің жағына шығыпты, ал, депутат оның әйелінің сөзін сөйлеген екен.

Анжелика Глинская биылғы шілдеде "Время" газетінде өз атынан шағын пікірін жариялап, "Үйдегі ұрысты сыртқа шығаруға мәжбүр" (Придётся вынести сор из избы) екенін жеткізді. Онда ол өзін "үйбикесі" (домохозяйка) деп таныстырады. Ол отбасылық дүние-мүлікті бөлуге қатысты сотқа жүгінуге өзі бастамашы болғанын әңгімеледі.

"Бірінші инстанция – Павлодар қалалық соты біздің жағдайымызда оңтайлы болатын шешім қабылдады. Судья жауапкердің Павлодарда танымал және табысты бизнесмен екенін де, сондай-ақ кезінде ортақ іс болған кәсіпорынды дамытуға менің үлес қосқанымды да ескерді. Уақытында мен өзімнің және ата-анамның пәтерлерін сатып, түскен ақшаны бизнесті дамытуға салғанмын. Осымен нүкте қоя салуға болатын ба еді, алайда Павлодар облыстық соты шығарған шешімінде жауапкердің бірінші инстанциядағы соттың үкіміне қарсы апелляциялық шағымын сөзбе-сөз дерлік көшіріп алды", – дейді Анжелика Глинская.

Оның айтуынша, бірінші инстанциядағы соттың шешімінің күшін жойған Павлодар облыстық соты олардың қала сыртындағы "саяжайлық үйін" көппәтерлі үй деп таныпты. Сот күйеуіне – үйдің бірінші қабатын, әйеліне – екінші қабатын берді. Су құбырларының крандарынан бастап, кәріз жүйесінің желісі, қазандық сияқты коммуникациялар бірінші қабатта, экс-күйеуінің қолында қалып қойыпты.

"Сот өзінің бұл шешімі бойынша тек коммуникациялары ғана ортақ, дербес екі пәтердің пайда болуына әкелетінін түсінбегені ме? Бұрынғы жұбайым осыдан кейін қабаттар арасындағы ішкі қатынасты, баспалдақтарды жауып тастады. Осылайша, маған барлық коммуникация қолжетімсіз болып қалды. Су мен жылу да берілмейді. Бірақ қорқыныштысы сол, екінші жыл қатарынан маған өз үйіме даладағы өрт сөндірушілерге арналған тік баспалдақпен кіруіме тура келді. Басқа жолы қалмады. Содан маған үйдегі ұрыс-керісті жалпақ жұрттың назарына шығарудан басқа амал қалмады. Басқаша қалай әділдікке жетуге болатынын білмеймін", – деді Анжелика Глинская.

Ол Павлодар облыстық сотының шешіміне биыл кассациялық шағым түсіруге талаптаныпты. Алайда "ол үшін алты нөлі бар үлкен сомадағы мемлекеттік баж төлеуін талап еткен" соң, бас тартқан екен.

Енді оған көмектесуге мәжілісмен талаптанып көрді. Айта кететін жайт, Конституция мен заңға сәйкес, биліктің үш тармағы арасындағы өкілеттік бөлісу бойынша заң шығарушы билік (Парламент) сот билігінің ісіне араласа не қысым көрсете алмайды.

Бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға жауабында Анжелика Глинскаяның прокуратураға да талай жүгінгенін мәлім етті.

"А.М.Глинская бұрынғы жұбайы Е.Ю.Глинскийге қатысты шара қолдануды сұрады. Сондай-ақ бұрынғы жұбайының озбырлығы, ұрлығы, құжаттарды қолдан жасауы фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеп-тексерудің сарсаңға салынғанына шағымданды", – деп хабарлады Б.Асылов.

Біз Бас прокурордың Мәжіліс депутаттарына жолдаған және Мәжілістің өзі ашық жариялап отырған жауабын келтіргенді жөн көрдік. Бас прокуратураның дерегіне жүгінсек, Анжелика Михайловна Глинская және Евгений Юрьевич Глинский арасындағы неке Павлодар қалалық сотының 2022 жылғы 8 сәуірдегі шешімі бойынша бұзылды.

"А.М.Глинская жалпы сомасы 43 млн 241 мың 671 теңгені құрайтын мүлікті оның меншігіне беру арқылы ортақ мүліктің үлесін анықтау және бөлу, Е.Ю.Глинскийдің меншігіне өзіне 338 млн 550 мың 718 теңге өтемақы төлей отырып, 720 млн 343 мың 106 теңге сомасындағы мүлікті беру туралы сотқа талап қойды. Өз кезегінде Е.Ю.Глинский А.М.Глинскаяның талаптарымен келіспей, қарсы талап қойды. Ол А.М.Глинская анықтаған ортақ мүліктің кейбір бағалау құнымен, сондай-ақ мүлікті бөлу тәсілімен келіспеді. Е.Глинский қарсы талап арызында оның және А.Глинскаяның үлестерін неке кезінде алынған ортақ мүлікте тең деп тануды сұрады", – деп баяндады Бас прокуратура.

Павлодар қалалық сотының 2023 жылғы 17 наурыздағы шешімімен А.Глинскаяның талап арызы, сондай-ақ Е.Глинскийдің қарсы талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Тізімдегі мүлік бойынша "елуде елу" қағидатымен әр тараптың үлестері анықталды. Сот үкімімен, бұрынғы әйелінің меншігіне құны 44 518 000 теңге тұратын тұрғын үй, бұрынғы ерінің меншігіне 40 997 789 теңге сомасында мүлік берілді.

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 қазандағы қаулысымен соттың шешімі өзгертілді: Анжелика Глинскаяның апелляциясы қанағаттандырусыз қалдырылды.

"Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы 2024 жылғы 15 қаңтарда А.М.Глинскаяның өкілі Ю.Богатыреваның өтінішхатын беруде кассациялық сотқа шағымданудан бас тартты. Осылайша, соттар арыз иесінің дәлелдеріне құқықтық баға беріп, сот актілері заңды күшіне енді", – делінген Бас прокуратура жауабында.

Бірақ мүлік бөлісуге қатысты азаматтық іске нүкте қойылғанымен, даулы өзге істер және айыптаулар бойынша мәселе қалыпты.

"Біріншіден, 2023 жылғы 29 қарашадан бастап Павлодар қаласының Солтүстік ПБ іс жүргізуінде Е.Глинскийдің жасаған озбырлық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 389-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2023 жылғы 4 қазандағы сот шешімі негізінде Е.Глинскийге жартысы (ғимараттың 1-қабаты), А.М.Глинскаяға екінші жартысы (ғимараттың 2-ші қабаты) берілді. Содан 2023 жылғы 10 маусымда Е.Глинский үйдің жартысына ішкі қалқа орнатты. Бұл үйдегі оның бөлігінен А.Глинскаяның келісімсіз өтуіне мүмкіндік бермейді. Осыдан кейін Е.Глинский полиция қызметкерлерінің қатысуымен (бейне жетонға жазба жүргізілді) А.Глинскаяның заттарын алып шықты. А.Глинская Е.Глинскийдің әрекетімен келіспейді", – деді Бас прокуратура.   

Себебі, әйел сот шешімі болғанымен, үйге үлестік меншік құқығы тіркелмегенін алға тартты. Заңнамаға сәйкес, тиісті жоспар мен техникалық шарттарды алып, үйді үлеске бөлудің тәртібі айқындалған. Тек сол рәсімдерден кейін Е.Глинский бұрынғы әйеліне көшу туралы талап қоюға құқылы. Сондай-ақ бұрынғы әйеліне өз еркімен шығуға уақыт беруі керек.

Ол сот орындаушысының қатысуымен сот шешімін орындаудан бас тартса ғана қалқа тұрғызып, үйдің өз бөлігін жабуға және экс-жұбайының заттарын шығарып тастауға құқылы болады.

"Алайда Е.Глинский белгіленген тәртіпті сақтамай, өз ниеті туралы хабардар етпей, оның жоқтығын пайдаланып, екінші қабатқа кіреберіс жолды жауып, жылытудан, сумен жабдықтаудан ажыратып тастады, әрі ол оның жеке заттарын лақтырып тастаған. Сондықтан Глинская оны өз әрекетімен озбырлық жасады деп есептейді. Сондай-ақ А.Глинскаяның заттарын шығару кезінде соңғысының 750 000 рубль мөлшеріндегі қаражаты жоғалған. Оның пікірінше, оны бұрынғы күйеуі Е.Глинский ұрлады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда", – деп түсіндірді Бас прокуратура.

Бұл аз болса, 2023 жылғы 3 қарашада Павлодар қаласының ПБ Оңтүстік полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 385-бабының 1-бөлігіне сәйкес, құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, содан бері істі жүргізуде екен.

Бас прокуратураның дерегінше, Павлодар облысы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-ға қарсы талап арыз негізінде әкімшілік істі қарау барысында Павлодар қаласында орналасқан өнеркәсіптік базаны тіркеу ісінің материалдарында өтінішті қолдан жасау фактісі анықталды. Нотариус растаған ол өтініш Е.Глинскийге аталған базаны арендаға беруге құқық береді.

Осы факті бойынша жауап алынған бизнесмен Евгений Глинский ажырасқаннан кейін сот шешімімен өнеркәсіптік базаны бұрынғы әйелімен өзара бөліскенін түсіндірді. Бұған дейін әйелінің оның атына бірнеше рет сенімхат жазып бергенін, сондықтан жалған құжат жасау туралы ештеңе түсіндіре алмайтынын жеткізді.

"2023 жылғы 14 желтоқсанда А.Глинскаяның және Е.Глинскийдің қолжазбаларының (почерк) еркін үлгілері алынды. 2023 жылғы 29 желтоқсанда сот-қолжазба сараптамасы тағайындалды. Сараптама қорытындысында А.Глинскаяның қолжазбасын кімнің орындағанын анықтау мүмкін болмады. Қосымша сот-қолжазба сараптамасының қорытындысынан белгілі болғанындай, А.Глинскаяның атынан қолды оның өзі немесе Е.Глинский емес, басқа бір адам қойған. Тергеп-тексеру жалғасуда. 2024 жылғы 9 қыркүйекте іс бойынша жазбаша нұсқаулар берілді", – деп хабарлады Бас прокуратура.

Тағы бір "хикая" ақшаның ұрлануына қатысты. Павлодарлық Солтүстік полиция бөлімі тағы бір қылмыстық істі жүргізуде. Ол 2024 жылғы 19 қаңтарда Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігінің 1) тармағы бойынша "А.Глинскаяның ақшасын ұрлау фактісі" бойынша қозғалған.

"Анықталғандай, 2023 жылғы 27 қыркүйекте Глинская Ресей Федерациясына кетіп, сонда екі аптаға жуық тұрған. 2023 жылдың 6 қазанында А.Глинскаяға қызы Надежда телефон соғады. Қызының айтуынша, Е.Ю.Глинский бұрынғы әйелінің заттарын көшеге лақтырып тастаған. 2024 жылғы 18 қаңтарда А.Глинская үйден 750 000 рубль сомасында қаражаттың ұрланғанын анықтады. Ақша қаңылтыр банкаға салынған және асүй бөлмесіндегі газ баллонының жанында, асүй жиһазының астына жасырылған. Өз кезегінде Е.Глинский 750 000 рублін ұрлағанын жоққа шығарады. 2024 жылғы 6 мамырда Беларусь Республикасының Тергеу комитетіне құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма жіберілді", – деп хабарлады Бас прокуратура.

Бірақ белгілі кәсіпкердің ресейлік валюта толы қаңылтыр банкіні алып кеткенін көрген куә жоқ. Ол қаржыны Анжелика Глинская Беларусьте тұратын анасынан алса керек. Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылғы 9 шілдеде халықаралық тапсырманың материалдары алынды. Соған сәйкес А.Глинскаяның анасы қызына 600 000 рубль мөлшерінде ақша аударғанын растады.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Жалпы алғанда, 2023 жылдан бастап, 2024 жыл бойы А.М.Глинская прокуратура органдарына 40-тан астам рет жүгінді. 8 рет Бас прокуратураның және Павлодар облысы прокуратурасының басшылығының жеке қабылдауларында болды. Соның ішінде 3 рет – 2023 жылғы 9 қарашада, 2024 жылғы 9 ақпанда және 2024 жылғы 25 сәуірде облыс прокуроры ол әйелді жеке қабылдады. Бұдан бөлек, 2024 жылғы 11 қыркүйекте Анжелика Глинская жоғарыда айтылған дәлелдері бойынша Президент Әкімшілігі мен Бас прокуратура қызметкерлерінің бірлескен қабылдауында да болды", – деп хабардар етті Бас прокуратура.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу