Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан журналист Е.Сейілханның YouTube арнасына сұхбатында Қазақстандағы екі әйел алу мәселесіне қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол бұл мәселенің қоғамда орныққанын, бірақ реттелмейтін проблема санайды және мұны заңмен жүйелеуді ұсынды.
"Қараңыз, елімізде "де-юре", заң жүзінде тоқал алуға тыйым бар. Заңсыз саналады. Алайда ол үшін жаза, жауапкершілік қарастырылмаған. Тек тыйым ғана бар. Сондықтан "де-факто", яғни, іс жүзінде қоғамда бұл құбылыс кеңінен таралған. Біраз азаматтың екінші, үшінші, төртінші әйелдері бар екенін білеміз", – деді Құспан.
Мәжілісмен өзінде тоқал жоқтығын айтты. Дегенмен осы істі реттемей, жылы жауып қоя салуды жөн көрмейді.
"Қазіргілердің әрекеті – құтырғандықтың белгісі. Байқайсыз ба, егде еркектердің өзі кілең жас қыздарды алады. Сондықтан мен бұл құбылысқа жан-тәніммен қарсымын. Бірақ мен, сіз қарсы екен, заңмен тыйым салынған екен деп, тоқтап қалған адам жоқ. Сондықтан мұны заңдастыру қажет деп есептеймін", – деді мәжілісмен Абзал Құспан.
Депутаттың байламынша, егер Қазақстан байырғы тоқал институтын заңдастырса, ең алдымен әйелдің және одан туған баланың құқықтық қорғалуы күшейеді.
"Әйел құқығын шынайы қорғауымыз керек. Ал, тоқалдар құқықтық тұрғыда қорғалмаған. Баласына алимент ала алмайды. "Балама жағдай жасап бер!" деп іс жүзіндегі күйеуінен заңды түрде талап ете алмайды. Сондықтан бұл институтты заңдастыруымыз қажет. Заңмен реттеу керек!", – деп нықтады Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Қазіргі кезде қандай заң қабылдаймын десе де Мәжілістің өз еркі. Жаңарған Конституция сондай құзыр-құқық береді. Тәжірибе бойынша соңғы сайланған 8-ші шақырымдағы қазіргі Парламент қабылдаған заңдардың 80 пайызға дейінгісі – депутаттық бастамашылық, яғни, депутаттардың өзі жазған. Демек, Құспан әріптестері арасынан бір шоғыр қолдаушысын тапса, топ болып, тиісті заңды енгізе алады.
Бұл мәлімдемесі қоғамда үлкен талқы тудырған соң Абзал Құспан өз ұстанымын қосымша нақтылады. Ол жұртшылық бұл ұсынысын жаңсақ түсінген деп санайды. Нақтылағанда, мәжілісмен бұл тақырыптың өзіне тікелей қатысы жоқ екенін, яғни, тоқалы жоқтығын нықтады.
Сондай-ақ тоқал алу арманы да жоқ көрінеді. Зайыбының ата-анасынан ақ батасын алғанын және өмірінің соңына дейін бір ғана әйелмен бірге болуға ниетті екенін ерекше атап өтті.
Абзал Құспан көпшілік арасында "некесіз қатынаста жүрген әйелдің құқығы да, мәртебесі де шектеулі, ал, балалары отағасының қолдауынан тыс қалады" деген пікірге үн қосқанын жеткізді. Депутат көп әйел алушылықты немесе некесіз қатынасты дәріптемейтінін, керісінше оған түбегейлі қарсы екенін қосты.
Қалай болғанда, мәжілісменнің мәлімдемесі ел арасында қызу айтыс-тартыс туғызып жатыр. Мысалы, депутатқа үн қосқан белгілі зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлының әлеужеліде жазғаны елді елең еткізді. Ғалым тоқал алу деген апанға өзі де құлап кетіп, енді өзгелерге бұл "апанға түспеңдер!" деп айқалап ескерткісі келетінін жеткізді.
"Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі – менмін. Біз әдетте нәпсінің қалауын ұрпақ, Отан, ұлт сияқты биік ұғымдармен көлегейлейміз. Ұрпақ керек болса, бір әйелден де өрбітуге болады. Нәпсіңе ие болсаң, энергияңды сыртқа шашпасаң, ұрпағың көп болады. Бұрын тоқал алуға деген қажеттілік болған, қазір – нәпсінің қалауы, құмарлық, қала берді – мақтан. Мен "тоқал алмаңдар!" деймін. Өз ащы тәжірибемнен айтып отырмын. Отбасының шырқын бұзбаңдар. Алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, солар-ақ туып береді", – деді Жәлелұлы.
Ол кезінде халықтың басын көбейту ұранымен тоқал алушылықты насихаттағанын жасырмады.
"Көп жігіт менің сөзіме ерді. Менің сөзім оларға демеу болды. Елдің алдында жүрген соң әр сөзіңе жауап беруің керек. Мен осылай өзімнің қате айтқан сөзіме жауап беріп отырмын. Егер менің әсерімнен отбасы бұзылса, иіліп тұрып кешірім сұраймын. Мен – өз идеямның құрбанымын. Бұл идея іс жүзінде өзінің дұрыс еместігін көрсетті. Бұрын тоқалды бәйбішелер өздері алып беретін. Бұл мәселе өмірлік қажеттілігі болғандықтан ғана даналықпен шешілетін. Ол заман енді келмеске кетті. Заман өзгеріп кетті. Ол ғасырдың идеясы қазір өтпейді", – деп түйді Омар Жәлелұлы.
Қоғам қайраткері Асылхан Дәрібаев қазақ тарихында болған, әсіресе, жаугершілік заманда әйелдерді аман қалған ер-азаматтың қорғауына, қанатының астына тапсыруды көздеген тоқал институтын бүгінгі бейбіт өмірдің арзан әңгімесіне айналдырмауға шақырды.
"Қазақ еріккеннен, жайдан жай тоқал ала бермеген. Отағасының ұрпағы текті болуы үшін тоқалды бәйбішесі өзі таңдап әперген, оның өзінде негізінен бәйбіше бала туа алмаған жағдайда ғана тоқал іздеген. Бірнеше жыл бойы бәйбіше өзінің сәби сүйе алмайтынына көзі жеткенде ғана тоқал алуға рұқсат еткен. Яғни, бұл мәселеде әйелдің келісімі басшылыққа алынған. Онда да қалың малын толыққанды беріп, ел-жұрт алдында ашық жолмен, ар-намысты жолмен істеген. Мұның бәрі ұрпақтың, ұлттың амандығы үшін жасалған шешім болған. Ал, қазіргі бейбіт заманда, зайырлы қоғамда екі әйел алушылықты заңдастыру туралы сөз – қасиетті дәстүрді күл-талқан етіп, өткенге топырақ шашу, жеке бастың құмарын халық даналығымен, дәстүрімен бүркемелеу деген сөз", – деді сарапшы.
Оның пікірінше, тоқалды заңдастыру идеясы – қоғамдағы рухани әлсіздіктің, тектілік кодының әлсіреуінің айғағы. Пікір иесі әдеп-этиканы айтпағанда, мемлекет мінберінен айтылған сөздің ең құрыса, жауапкершілігі болуға тиіс деп есептейді.
"Егер парламенттік мінберден жарияланған әрбір сөз шындыққа емес, құмарлық пен танымсыз идеяға сүйенсе, ол қоғамның рухани гравитациясын бұзады. Тоқал мәселесін заңдастыру туралы пікірдің түбі – адамның өз нәпсісін заң деңгейіне көтеру деген сөз", – деп түйді Дәрібаев.
"Қара шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің директоры, тарихшы Тұрар Шәкен кейбір адамның тоқал мен ойнасты шатастырып жүргеніне назар аудартты.
"Бұл қоғамның шырқын бұзу. Тоқал деген ұғымның өзін ашыналар мен біреудің отбасын бұзатын ұябұзар, ойнастарға теліп жүр. Бұл дұрыс емес! Тоқал деген бәйбішенің рұқсатымен алынатын, шаңырақта заңды орны бар екінші әйелі. Шариғат тұрғысынан да бәйбішенің рұқсаты керек. Ал, бүгінде бәйбішеге көрсетпей, ер-азаматтар оның сыртынан, тығылып жүріп жас қыздармен ойнастық жасап, бала тудырады. Отбасылы бола тұра, көлденең жүріс жасайды, дүниеге некесіз ұрпақ әкеледі. Халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға тиіс депутаттар мұны заңдастырса, қазақтың болашағына шабылған балта болады", – деген ойын білдірді ұлт жанашыры.
Тұрар Сәттарқызы біреудің әп-әдемі отбасын бұзғандарды "несін айтасың, ол өз бақытын тапты, бақытты болуға лайық" деп ақтайтындар көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді және мұны өте қауіпті тенденция санайды.
Отбасы институты мен ұлттық құндылықтарымыздың құнын түсірсек, ел болашағы бұлыңғыр болады. Өйткені мұндай бастамалардың отбасы институтының құлдырауына, ұрпақ тәрбиесіне тигізер кері ықпалы зор болуы мүмкін.
Адвокат, заң саласының маманы Ләззат Ахатова екінші әйел алуды заңдастыру елде мұрагерлік дауларын ушықтыруы мүмкін екенін ескертті. Ол бірнеше жыл бұрын Қызылордада болған "кейсті" суреттеді. Бір ірі кәсіпкер қайтыс болып, артында әйелі 5 баламен қалды. Бір баласы ауру.
"Заң бойынша оның мүлкінің мұрагерлері – әйелі және балалары. Заңды некедегі әйелі қайғыдан есін жинап, марқұм күйеуінен қалған бизнеске ие болып, балаларыма бөліп берем деп жүргенде, қызық басталды. Күйеуінің басқа әйелден қызы бар екен. Аяқ астынан мұрагерлікке талас басталып кетті. Сот барысында анықталғандай, тоқалдың қызы анасының бұрынғы заңды некесінен туғанымен, оның әкесімен ажырасқан соң, қайтыс болған кәсіпкердің өз келісімімен, соның атына жаздыртқызған. Марқұм ол баланы көзі тірісінде менің балам деп мойындаған. Сол даумен айналысқан адвокаттар тобы, біздердің миымыз атала болып еді сонда", – дейді қорғаушы.
Өйткені қыздың заңды әкесі қызының басқа еркектің фамилиясына заңсыз өтіп кеткеніне, ол жайында өзі бейхабар болғанына шағымданып, сотқа қарсы талапарыз беріпті. Ахатова бәйбішенің, яғни заңды әйелінің балаларының құқығы үшін күрескен сол топта енді тоқал мәселесін заңдастыруды ұсынып жүрген Абзал Құспан әріптесі де болғанын, сол істі бірге жүргізгенін қосты.
Пікірталас жалғасуда.