Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы

1110

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесі, Ақорда сайтында жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы Фото: akorda.kz

Құрметті отандастар!
Мен Конституцияға сәйкес, Парламент палаталарының төрағаларымен, Премьер-Министрмен кеңесіп, Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойдым. Депутаттарға белсенді әрі жемісті жұмысы үшін алғыс айтамын. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша атсалысты. Олар сайлаушылармен жиі кездесу өткізді. Шалғайдағы елді мекендерге барды. Сондай-ақ жұртты толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болды.

Жаңадан сайланатын депутаттар да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.  

Өздеріңізге мәлім, мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында болатынын жарияладым. Яғни, бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес.   

Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті.

Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады.

Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді.

Сонымен бірге сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады.

Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді.

Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі. Осы сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түседі деп сенемін. 

Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді.  Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес.     

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидаты толық іске асады.   

Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек.

Мен баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырамын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу