Мәжіліс үйін жөндеуге ондаған миллион теңге бөлінеді

20005

Төтенше жағдайға қатысты қайта қабылданған бюджеттің қызық жайттары анықталды. 

Мәжіліс үйін жөндеуге ондаған миллион теңге бөлінеді Фото: Мария Матвиенко

Қаржы министрлігі "2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы" Президент жарлығын іске асыру туралы" Үкімет қаулысының жобасын жария етті.

Оның тосын тұстарын, елеулі баптарын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Құжатқа сәйкес, Үкімет "2020 жылға арналған басымдықты республикалық бюджеттік инвестициялардың тізбесін" бекітпек. Оларға көп ақша – 1 трлн 139,2 млрд теңге бағытталады.

Оның 27 миллиард 409,7 миллионын Қаржы министрлігі әртүрлі ақпарат жүйелеріне шығындайтын болады. Мысалы, ведомствоның ақпараттық жүйелерін құруға және дамытуға 8,7 миллиард, Қазынашылық комитетінің ақпараттық жүйелерін дамытуға 7,1 миллиард, "Салықты әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі" ақпараттық жүйесін құру, ендіру және дамытуға 1,1 миллиард теңге жұмсалады.

Салыстыру үшін айтсақ, бүгінде көптеген ауыл мен кентті, тіпті қалалар көшелерін су басу қаупі бар. Батыс өңірлерде ауылдар құм көшкінінің астында қалды. Орман өрттерінің туындау қаупі бар. Осы орайда Ішкі істер министрлігінің төтенше оқиғалармен күрес органдарына "табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және салдарларын жоюға" бұдан екі еседен аз сома – 11,2 млрд теңге ғана бөлінбек.

Айтқандай, қысылтаң шақта Есеп комитеті де өзінің интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамытуға деп 121,9 миллион теңгеге қол жеткізді.

Коронавирус пандемиясы жайылғанға дейін халықтың наразы көңіл күйіне басу айтып, митингке шықпауға үндеумен аты шыққан Бас прокуратура "Электронды іс" ақпараттық жүйесіне 1 миллиард 586,3 миллион теңге алмақ көрінеді.

Басымдықты инвестициялық жобалар қатарына Парламент Мәжілісінің ғимаратын реконструкциялау кіріп отыр. Қарапайым қорғаныш құралдарына мемлекетте ақша жетпей жатқан күрделі шақта мұның не қажеті бола қалды? Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, бұл Мәжіліс ғимаратына, Мәңгілік ел даңғылында орналасқан №2 үйге жапсарлас баспа-типография тұрғызу үшін керек. Оған 93,2 млн теңге кетеді.

Биылғы қыста Нұр-Сұлтан маңындағы Қосшы кенті өрттен зардап шекті. Оған елордадан аттанған өрт сөндіруші көліктерге "тілсіз жаумен" күресу орнына қарға малтығып, қыс қаһарымен алысуына тура келген. Сондықтан қоғам белсенділері әлеуметтік желіде ауқымы жөнінен шағын қалаға айналған осы ауылда жеке өрт сөндіру депосын ашу мәселесін көтерген. Осыған байланысты 2020 жылғы нақтыланған бюджетте Ақмола облысының Целиноград ауданының Қосшы ауылында "ІІ типті 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының кешені" жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге және оны салуға әзірге 16,1 млн теңге қарастырылыпты.

Бүгінде "Қорғас" шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы жабық тұр. Дегенмен, оны өркендетуге биыл біраз қаржы беріледі. Мысалы, Қазақстан мен Қытай оның қасында көпір және бөген тұрғызылуда. Ол екі елдің ортақ меншігіне айналады. Сондықтан 2020 жыл бюджетінде "Қорғас" ШЫХО маңында, Қорғас өзенінде қорғаныш құрылғыларын тұрғызуға, "Қорғас-1" кеден ғимаратын салуға – 2 млрд 614 млн теңге, Қорғас өзенінде, ШЫХО, сондай-ақ Алматы облысының Панфилов ауданының Басқыншы, Қорғас ауылдары мен шекара заставасы маңында арна қалыптастырушы және қорғау құрылыстарына – 2 млрд теңге жұмсалады.

Нұр-Сұлтан қаласында іздеуші иттерді жаттықтырып, даярлауға арналған алаң, питомник, оқу-жаттығу полигонын және әкімшілік ғимаратты салуға 571,8 миллион теңге көзделген.

Карантин және көшедегі қозғалысты шектеудің қатаң шаралары сыртта рұқсатсыз жүріп, ұсталған адамдардың аты-жөнін анықтау ісін өзекті еткенге ұқсайды. Мысалы, бюджеттен қаржыландырылатын басымдықты инвестжобалар қатарында Ішкі істер министрлігінің "Тұлғаны биометриялық идентификациялау" автоматты ақпараттық жүйесі үшін 6 миллиард 11,5 миллион теңге қарастырылыпты.

Денсаулық сақтау министрлігі пандемияға қарсы шайқас барысында қысқа мерзімде госпиталь салуға мәжбүр. Жаңа бюджетте "республикалық деңгейде денсаулық сақтау нысандарын салуға және қайта қалпына келтіруге" 6 млрд 921,4 млн теңге шұғыл бағытталады. Елордада ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты салуға 6 миллиардтай қаражат бөлінеді.

Ең көп қаражат бір қызығы, қазіргі коронавируспен күреске қатысы жоқ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еншісіне тимек. Ол республикалық маңыздағы автокөлік жолдарын дамытуға қосымша 120 млрд теңге алады. Оның ішінде қарыз қаржы да болады. Жаңа республикалық жолдар кейін ақылы етіліп, ақша жинауы үшін жеке компаниялар қолына табысталады деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу