Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді - Тоқаев

1607

VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясы өтті. 

Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді - Тоқаев Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында сөз сөйледі, деп жазады inbusiness.kz.

"Мен бір жыл бұрын, осы ғимаратта халыққа жолдауымды жарияладым. Еліміз үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсындым. Бастамаларымыз жұрттың шынайы қолдауына ие болды. Оған былтырғы референдумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды", - деді Мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды.

"Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ, Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды.

Реформаларымыз "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі.

Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев референдумды қосқанда бір жылда 5 саяси науқан өткізілгенін атап өтті.

"Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті. Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр", - деді ол.

Мемлекет басшысы сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтты.

"Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз, деді ол.

"Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті.

Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді", - деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу