Мәжілісмен шекара заставасын салып жатқан компанияның былығын әшкереледі

1000

Депутаттың дерегінше, құрылтайшылар тізімінде марқұм Болат Назарбаевтың қызы да болған. 

Мәжілісмен шекара заставасын салып жатқан компанияның былығын әшкереледі Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында шекара заставасындағы мәселені көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстанның аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 50 шекара заставасын салу жоспарланған болатын. 2022 жылы 20 шекара заставасын салу бойынша жұмыстарды сатып алуға тендер жарияланды, 53 894 млн теңгеге мердігерлік ұйымдар "Kapital construction" ЖШС-мен және "TOLAGAI-2050" ЖШС-мен жалпы шарттар жасалды. Жасалған шартқа сәйкес "TOLAGAI-2050" ЖШС 40 350 млн теңге сомасындағы 15 шекара заставасын салуға тиіс еді. Жұмысты орындау мерзімі – 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Алайда жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылды. Бұдан бөлек жүргізілетін жұмыстардың сапасына шағымдар түсіп жатыр", - деді депутат.

Айдос Сарым келтірген ақпаратқа сәйкес, биылғы 1 қазанда "TOLAGAI-2050" ЖШС тек 13 960 млн теңгені игерген, бұл шарттың жалпы сомасының 35%-ы игерілді деген сөз.

"Осы нысандар бойынша "TOLAGAI-2050" ЖШС шартты орындау мерзімін тағы 9 айға ұзартуды сұрайды, бұл жобаның айтарлықтай қымбаттауына алып келуі мүмкін. "TOLAGAI-2050" ЖШС компаниясының атауы Алматы қаласы мен Павлодар облысындағы суару желілерін реконструкциялау, Сайрам су қоймасындағы механикалық тазарту және т.б. жобалар бойынша жаңалықтарда бірнеше рет сынға ұшыраған компания  болып көрсетілді. Компания 80-нен астам азаматтық және әкімшілік сот тергеп-тексеруіне қатысты, оның 10-нан астамы 2023 жылы өтті, оның ішінде мемлекеттік сатып алу рәсімінде міндетін адал орындамаушы деп танылды", - деп жалғастырды ол.

Мәжілісменнің сөзінше, 2022 жылғы 3 ақпанға дейін осы компанияның құрылтайшылар тізімінде марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болған.

"Шекара заставаларын салу елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудің негізгі бөліктерінің бірі болып табылатынын ерекше атап айтамыз. Құрылыс мерзімдерінің бұзылуы елдің аумақтық тұтастығын бұзу, есірткі тасымалы мен басқа да тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымы, жеке тұлғалардың Қазақстан аумағына заңсыз көшіп-қону қаупінің артуына алып келуі мүмкін", - деді халық қалаулысы.

Депутат Айдос Сарым "TOLAGAI-2050" компаниясына қатысты тергеп-тексеру жүргізуді сұрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу