Мәжілісте өмірлік тәжірибесі аз адамдар жұмыс істеуі мүмкін

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1536

Парламенттің егде жастағы депутаттарына "тықыр" таянды.  

Мәжілісте өмірлік тәжірибесі аз адамдар жұмыс істеуі мүмкін

Осыдан 3 күн бұрын Мәжіліс депутаттары "Сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңдарға енгізілген өзгерістерді мақұлдап, құжатты сенатқа жолдады.

Жоғарғы палатаның елегінен өтіп, Президенттің қолы қойылса, қос құжат қолданысқа беріледі. Нәтижесінде "Сайлау туралы" заңға енгізілген түзету аясында партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота ұсынылады. Осылайша олардың биліктегі саны артады. Алайда бұл бастама тәуелсіз кандидаттардың мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысуына шектеу қояды. Ал "Саяси партиялар туралы" заңға енгізілген өзгеріс бұрынғыдай 40 мың адаммен емес, 20 мың адаммен саяси партия құруға мүмкіндік береді.

Осы заңдарға қатысты пікір қайшылығы көп. Қоғамды мәжіліс пен мәслихатқа 29 жасқа дейінгі жастардың сайланатыны алаңдатады.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың сөзінше, "Сайлау туралы" Конституциялық заңда әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыз квотаны  партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылды. Себебі әлем елдерінің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр.

"Халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді", – деді әділет министрі.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин билікке жастардың келуінен үміт күту керек екенін алға тартты.

"Біріншіден, көптеген елдерде партиялық тізімде жастарға арналған квота міндетті түрде бекітілген. Екіншіден, қай кезде, қандай қоғамда болса да, жастарға деген сенім өте зор. Әрине, жастардың өмірлік тәжірибесі аздау болуы мүмкін, бірақ олардың заманға сай идеясы, ұсыныстары өте көп", – деді Нұрлан Нығматулин.

Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбеновтің парламент депутаттарын  жасартуға қатысты өз ұстанымы бар. Ол партиялық тізім бойынша парламентке ұсынылатын депутаттардың жасын, 29-дан 35 жасқа ұлғайту керек деп санайды.

"Қазір адамдар оқуын 27 жасында бітіреді. Ер адамдар 28-29 жаста үйленеді, қыздар 24 жаста күйеуге шығады. Олар 29 жаста тәжірибе жинап үлгермейді. Ал 35 жаста жетістікке жетіп, есейеді. Мәслихатқа 29 жаста бара берсін. Мәжіліске жастарды жіберіп, тапсырманы есеп үшін орындағанды қолдамаймын", – деді Мұрат Әбенов.

Әділет министрлігі қоғамдық кеңесінің төрағасы, бұрынғы депутат Серік Ақылбайдың айтуынша, мәжіліс депуттатығына тым жас адамдарды өткізуге болмайды.

"29 жастағы бала халықпен қалай кездеседі? Мен 60 жаста депутат болсам да, кей сұрақтарда қиналдым. Мәжілісте өте қиын сұрақтар талқыланады, сондықтан ол жерде байсалды адамдар отыруы керек. Мәжіліс ойнап, күліп кететін жер емес", – деді Серік Ақылбай.

Әділет министрлігі заңнама департаментінің директоры Олжас Данабеков қазіргі жастар интеллектуалдық тұрғыда озық екенін алға тартты.

"Бізде партиялық тізіммен мәжіліске өтуге 98 мандат берілген. Конституциялық заң бойынша, сайлауда оларға қосымша 30 орын беріледі. Сонда әр партиядан 128 адам ұсынылады. Осының 30%-ы әйелдер мен жастар десек, олардың саны 35 адам болады. Менің ойымша, кез келген партия республика бойынша білімді, тәжірибелі 35 жас адам таба алады", – деді департамент директоры.

Оның ойын "Келісу" кәсіби медиаторлар одағының директоры Сара Ыдырысова қолдады.

"Мәжілісте жастарды көбейтіп, егде жастағы депуттардың санын азайту керек. Көпті көрген адам ғана депутат болып сайлану керек деген пікірмен  келіспеймін. Маңызды істермен айналысатын егде жастағы депутаттардың  ұйықтап отырғанын да көрдік. Парламентті жасарту керек. 60, 70 жастағы адамдарды депутат қылудың қажеті жоқ. Олар өмірден шаршаған адамдар. Тәжірибесіне сүйеніп басқа жұмыспен айналыссын", – деді Сара Ыдырысова.

Respublika қозғалысының белсендісі Ғалымжан Оразымбеттің ойынша, биліктің қабылдаған соңғы шараларын саяси жаңғырту деп атау қиын.

"Біз пропорционалды жүйеден бас тартып, мажоритарлық жүйеге көшуді талап еттік. Әуелі парламентке, соңғы 2 жылда мәслихатқа депутаттарды партиялық тізім бойынша өткізетін болды. Тәуелсіз кандидаттарға өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі берілмейді. Бұдан былай парламенттік сайлауға ғана емес, жергілікті мәслихат сайлауына да саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер ғана қатыса алады. Сайлау округтерінен сайлану құқығы жеке тұлғалар мен белсенділерге де берілуі тиіс. Конституцияда әр адам сайлай және сайлана алатыны жазылған", – деді қозғалыс белсендісі.

Депутат Айқын Қоңыров депутаттыққа кандидаттардың жалпы санынан әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беруді қолдайды. Алайда ол   квотаны ұлғайту және нақтылау қажеттігі туралы ұсынысты мақұлдауға асықпау керек деп санайды. Ал "Саяси партиялар туралы" заңға енгізілген өзгерістерге қатысты халық қалаулысы: "Партия тіркеу кедергісін шамадан тыс азайтудың қажеті жоқ. Қазіргі уақытта 20 мың адам саны ең оңтайлы болып тұр. Бұл саяси партия құру мүмкіндігін едәуір кеңейтеді. Сонымен бірге олардың санындағы алшақтықтың өсуіне жол бермейді. Біз бірнеше адамнан тұратын партия құру туралы популистік ұрандарды қолдамаймыз. Партия атану құқығын идеялары мен бағдарламалары халықтың едәуір бөлігі қолдайтын және қолдаған қоғамдық бірлестіктің алуы өте маңызды. Біз саяси партиялар санының көбеюін құптаймыз. Бірақ олардың сапасын жоғалтып алмауымыз керек, – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу