Енді ол экс-клубы берген қаражаттың шағын бөлігін кері қайтаруға міндеттеліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұндай шешімді Париждің апелляциялық соты шығарды. Демек, "Реал" шабуылшысы Килиан Мбаппе бұрынғы клубы ПСЖ-ға 60 мың еуро өтемақы төлейді.
L’Équipe мәліметінше, бұл шешімге 2025 жылы Париж клубының банктік шоттарына уақытша бұғат қойылуы себеп болған.
Жаза кетейік, Мбаппе ПСЖ-дан төленбеген жалақысы мен сыйақыларын өндіріп алу үшін клубтың 55,4 миллион еуро көлеміндегі қаражатын бұғаттатқан еді. Шектеу 2025 жылдың 10 сәуірінен 25 мамырға дейін күшінде болды.
Осы уақытта ПСЖ күнделікті шығындарын өтеу үшін шұғыл түрде несие желісін ашты. Сот Мбаппенің әрекеті клубқа қаржылық шығын келтіргенін мойындап, оның көлемін 60 мың еуро деп белгілеген.
Десе де, сот "ПСЖ-ның беделі мен іскерлік абыройына нұқсан келді" деген өзге талаптарды қанағаттандырмады.
Бұған дейін еңбек даулары жөніндегі сот ПСЖ-ны Мбаппеге төленбеген жалақысы мен сыйақылары үшін 61 миллион еуро беруге міндеттеген еді.
Килиан Мбаппе ПСЖ-мен 2024 жылдың жазында қоштасты. Ол еркін агент ретінде мадридтік "Реал" сапын толықтырды.