Мбаппенің покері “Реалға” жеңіс сыйлады

93

Мадридтік клуб Чемпиондар лигасының турнирлік кестесінде 5-орынға жайғасты. 

Мбаппенің покері “Реалға” жеңіс сыйлады

Мадридтік “Реал” Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші тур аясында өткен нәтижелі ойында Грекияның “Олимпиакосын” сырт алаңда жеңді. Бастапқыда ойын тізгінін алаң иелері ұстады. Небәрі сегізінші минутта Чикинью шабуылын сәтті аяқтап, есеп ашты. 

Алайда көп ұзамай алаңда Килиан Мбаппенің жеке шоуы басталды. 22-ші минуттан 29-шы минутқа дейін “Реал” форварды грек қорғанысын үш рет қапы қалдырып, жылдам хет-трик жасады.

Екінші таймда “Олимпиакос” матчқа қайта оралуға талпынып көрді. 52-ші минутта Мехди Тареми есепті қысқартты. Бірақ, Мбаппе үш голмен тоқтап қалмады. 60-шы минутта ол төртінші голын салып, есепті 2:4-ке жеткізді. Матчтың аяқталуына тоғыз минут қалғанда Айюб Эль-Кааби тағы бір гол соғып, үміт отын жаққандай болды. Алайда матч 3:4 есебімен аяқталды. 

Бұл нәтижеден кейін “Олимпиакос” Чемпиондар лигасының кестесінде екі ұпаймен 33-орында келеді. Ал “Реал” 12 ұпай жинап, бесінші орнын сақтап қалды.

Келесі турда грекиялық команда 9 желтоқсанда Астана-Аренада “Қайратқа” қарсы ойнайды. Ал мадридтік клуб 10 желтоқсанда өз алаңында “Манчестер Ситиді” қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу