Медеу аудандық сотының судьясы: Ақшаны қарызға алғанмын, тінту заңсыз жүргізілді

Ол жемқорлық фактісін жоққа шығарып, миллиондаған доллар туралы жалған ақпарат тарағанын айтады.

Медеу аудандық сотының судьясы: Ақшаны қарызға алғанмын, тінту заңсыз жүргізілді

Светлана Жолманова басшылығы тарапынан қудалауға ұшырағанын, сол арқылы олар қызметінен айыруға тырысқанын мәлімдеді. Бұл туралы Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы адвокатымен бірге өткізген баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Еске сала кетсек, 2021 жылғы 28 сәуірде желіде "Алматыдағы Медеу аудандық сотының судьясы кабинетінен 4,5 мың доллар, көлігі мен үйін тінту кезінде қомақты қаржы тәркіленді" деген ақпарат тараған еді. Тіпті тінту кезіндегі суреттер жарияланып, кейін қалалық соттың баспасөз қызметі бұл деректердің шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Бірақ ведомство судьяның кабинетінен 10 мың доллар көлемінде ақша табылғанын растаған еді. 

Бұл ретте Светлана Жолманова жемқорлық емес, алаяқтық жасады деген күдікке іліккенін жеткізді. Сонымен қатар ол тінту заңсыз жүргізілгенін, ал сейфтен табылған ақша пара емес деп мәлімдеді. 

"Мен пара алған емеспін. Кеңсемнен табылған ақша - 10 мың доллар, бұл менің жеке ақшам. Дәл сол күні сағат 15:00-де інім екеуміз анамызға үй алу үшін ақшаны "Отбасы банкіне" салуымыз керек болған. Қарт анамды жақынырақ көшіріп алғым келген. Ал тінту сағат 12:00-де болды. Бұған қоса менің көлігім де жоқ. Ал тінту кезінде, одан кейін де мені ұстаған жоқ, маған қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Қолданыстағы қылмыстық іс бойынша мен куәгермін. Миллиондаған доллар туралы барлық ақпарат жала. Интернетте қалалық және Медеу аудандық соттарының басшылығы Асқар Смайылов пен Әсет Боранбаев мені парамен ұстады деген ақпарат жарияланды. Сол күні тінту соттың санкциясынсыз және Бас прокурордың келісімінсіз жүргізілді. Олар мені Бас прокурордың санкциясы бар деп алдады", - деді Светлана Жолманова.

Судья тінту жүргізілген сәттегі фотосуреттерді басшылығы бұқаралық ақпарат құралдарына әдейі таратты деп есептейді. Себебі бұған дейін олар жанжалдасып қалған көрінеді. 

"Мені қудалаудың себебі – Алматы қалалық соты мен Медеу аудандық сотының заңсыз әрекеттеріне қарсы келдім. Себебі әрқашан судьялардың тәуелсіздігін және жалпы сот жүйесін қорғадым. Мәселен, аудандық сотта 12 судья болса, оның әр қайсысының хатшысы болуы керек. Бірақ басшылық 6 хатшыны қысқартып тастады. Ал біздің жұмысымыз аталған мамандарға тікелей байланысты. Осы шындықты айтқаным үшін жазықты болдым", – дейді жұмысынан шеттетілген судья. 

Баспасөз мәслихатында ол Ұлттық қауіпсіздік қызметі оны бұрыннан бақылап келгенін айтты. Яғни, 2020 жылдың тамыз айынан бастап кабинетінде жасырын бейнебақылау камерасы орнатылған. 

"Мен мұны тінту жүргізгеннен кейін білдім. Демек осы уақытқа дейін кеңесу бөлмесінің құпиясы сақталған жоқ. Осылайша ҚР Конституциясында кепілдік берілген соттың қол сұғылмаушылығы мен иммунитеті бұзылды. Сонымен қатар тергеу әрекеттерін ҚР ҰҚК жүргізді, заң бойынша ҰҚК сыбайлас жемқорлық және алаяқтық бойынша қылмыстық істерді тергемейді. Мұнымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі немесе полиция айналысады", – дейді Светлана Жолманова.

Оның айтуынша, ҰҚК қызметкерлері кеңсесін тінтіген күні қауіпсіздік қызметі үйіне де барған. Олар кәмелетке толмаған балалардың көзінше тінту жүргізуге тырысқан. 

Осы орайда 20 жыл осы салада еңбек еткен судья тірнектеп жинаған абырой-беделіне нұқсан келгеніне налиды. 

"Сондықтан мұның бәрін көргенде, естігенде өте ауыр болды, тіпті өз үйіме барып, балалардың көзіне қарауға ұялдым. Сол сәтте өмірмен қош айтысқым келді. Бірақ келесі күні өзімді қолға алып ақиқатты дәлелдеп шығуды ойладым, бұл шешімімен бас тартпаймын", - деді судья.

Қаншама уақыт өзгеге қазылық етіп келген аудандық сот судьясы әділдік таразысының тең болғанын қалайды. Сол үшін ол жалған ақпарат таратып, желіде суреттерін жариялаған тұлғаларды жазалау үшін Бас прокурордың атына арыз жазыпты.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу