Медицина қызметкерлері ауруды асқындырмаудың амалын айтты

5090

Биыл 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы жаппай иммундау шарасы өтуде.  

Медицина қызметкерлері ауруды асқындырмаудың амалын айтты

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин халықты жұқпалы аурулардан сақтану үшін егілуге шақырды.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, тұмаудың алдын алудың тиімді жолы – вакциналау.

"Халық арасында "сары ауру" атауымен белгілі гепатит А 2017 жылы елімізді алаңдатқан еді. Қазір гепатит А ауруы 36%-ға, туберкулез 8%-ға төмендеді. Туберкулез туралы ерекше айтқым келеді, Қазақстан 2018 жылы осы эпидемия аумағынан шықты. Бұл аса үлкен көрсеткіш. Жалпы жылдан-жылға бұл кесел азайып келеді. Тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі – вакциналау. Егер уақытылы екпе алсаңыз, тұмау вирусын жұқтырған жағдайда аурудың қиын өтуінен, асқынуынан құтыласыз. Жыл сайын халықтың 10%-ы егіледі", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Медицина саласының маманы тұмаудан сақтанудың басқа да жолдарын айтып, кеңес берді.

"Адамдар көп жиналатын жерге, әсіресе кинотеатр тәрізді жабық үй-жайларға баруды шектеу қажет. Бөлмені жиі желдетіп отырыңыз. Имунды түзеуші препараттар пайдаланыңыз, оксолин сияқты майлар жағып жүріңіз. Кешкі аспен зімбір, сарымсақ, пияз көбірек жеңіз. Олар иммунитетті нығайтуға және тұмаумен ауыру ықтималдығын азайтуға көмектеседі. Науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеңіз. Өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыз. Өйткені кейде дәрігердің өзі диагнозды дәл қоя алмай жатады. Сіз медицинаға қатысыңыз жоқ адам болсаңыз, қателесіп қалуыңыз ғажап емес", – деді Жандарбек Бекшин.

Айта кетсек, 2019-2020 жылғы эпидемиялық маусымға бюджет қаражатынан 1 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. "Гриппол плюс" вакцинасы Ресейден сатып алынды. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының 10%-ы егілді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу