"Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы" заң қабылдау қажет

2232

Медицина саласында цифрландырудың бірыңғай платформасы жоқ. 

"Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы"  заң қабылдау қажет

Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысында  депутаттар осындай бастама көтерді.

Сенаторлар еліміздегі медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін және даму келешегін талқылап, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді күн тәртібіне қойды.

Депутаттар ауруханалардың апаттық жағдайы мен медициналық пунктердің жетіспеушілігі және дәрі-дәрмек жеткізудегі кемшіліктерді мезгіл мәселесі деп көрсетті.

"Өңірлердегі тұрғындар 3 ауылда бір-бірден амбулатория бар екенін, емделу үшін 400 шақырымға баратындарын айтып, шағымданды. Олар аурухана салып беруді сұрады. Біздегі стандарт бойынша 4-5 мың халқы бар елдімекенде ғана аурухана болуы мүмкін. Президент медициналық қызметтің  қолжетімді болуы туралы міндет қойды. Салалық мамандарды қажет болған жағдайда облыс орталығына апару қажет. Медициналық қызмет  қадам басар жерде көрсетілуге тиіс",  деді сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров.

Сенатор Ақмарал Әлназарованың айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің тарифі медицина ұйымдарының шығынын жабуға мүмкіндік бермейді. Бұл пікірді  сенаторлар бірауыздан қостады. Олар  МСАК денсаулық сақтау саласының басқа бағыттарымен салыстырғанда толық қаржыландырылмай отырғанына назар аударды.

"Бүгінгі күнге дейін цифрландырудың бірыңғай платформасы жоқ, яғни медицина қызметкері науқас адам туралы бірдей деректерді әртүрлі бағдарламаларға бірнеше рет енгізуге мәжбүр. Бұл күйбеңі көп жұмыс, дәрігерге өз бетінше білім алуға немесе науқасқа уақыт бөлуге мүмкіндік бермейді", – деді Ақмарал Әлназарова.

Жиын қорытындысында депутаттар дәрігерлердің мәртебесін арттыру мақсатында  "Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы"  ҚР заң жобасын әзірлеу қажет екенін алға тартты. Сонымен қатар психоэмоционалдық жүктемелер мен зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақының мөлшерін қайта қарауды және өмірлік маңызы бар дәрілік препараттарды сатып алуға арналған көпжылғы шарттардың қолданылуын өзгертуді ұсынды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу