Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру: ДДҰ басшысы Тоқаевтың шешімін қолдады

159

Бұл туралы ДДҰ басшысы Тедрос Аданом Гебреиесус өзінің Facebook парақшасында жазды.

Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру: ДДҰ басшысы Тоқаевтың шешімін қолдады Фото: Ақорда

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Бас директоры Тедрос Аданом Гебреиесус Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жүйесінің учаскелік қызметінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру туралы шешімін қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ДДҰ басшысы өзінің Facebook парақшасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын арттыруға деген ұстанымын, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын мемлекеттік саясаттың басты назарында ұстауға бағытталған бастамасын жоғары бағалайтынын жазды.

Доктор Гебреиесустың айтуынша, медициналық-санитариялық алғашқы көмекке инвестиция салу және медицина қызметкерлерін қолдау арқылы Қазақстан саяси ерік-жігер мен көшбасшылықтың медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға қалай ықпал ете алатынын көрсетіп отыр.

Учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыру – бұл тек материалдық қолдау шарасы ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіндегі алғашқы буын қызметкерлерінің маңызды рөлін мойындау.

Өйткені дәл осы мамандар пациенттің денсаулық сақтау жүйесімен алғашқы байланысын қамтамасыз етеді, денсаулық жағдайын тұрақты бақылап, ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі және халық денсаулығын сақтауға елеулі үлес қосады.

Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының шешімдеріне жоғары баға беріп, еліміздің алғашқы медициналық көмекті нығайту бағытындағы күш-жігерін қолдағаны үшін ДДҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебреиесуске алғыс білдіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу