Медицина және білім беру саласында жалақы азайып барады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3064

Өңдеу өнеркәсібі халықты белсенді жұмыспен қамтып жатса, тау-кен өнеркәсібі мен құрылыс саласындағы кәсіпорындар қызметкерлерді жұмыстан шығарып жатыр.

Медицина және білім беру саласында жалақы азайып барады Фото: tengrinews.kz

2018 жылдың бірінші тоқсанында жұмыспен қамтылған халықтың саны 1,0%-ға өсті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің зерттеулер және статистика комитеті. Экономиканың салалары бөлігінде жұмыспен қамтылған халықтың саны көтерме және бөлшек саудада 2,3%-ға ұлғайса, өнеркәсіптік сектордың тұрақты өсуі аясында өңдеу өнеркәсібінде 5,1%-ға және ауыл шаруашылығында 2,8%-ға өсуі байқалды. Ал тау-кен өнеркәсібінде, көлікте және құрылыс саласында жұмыспен қамту төмендеген.

Өңірлер бөлігінде жұмыспен қамтылған халықтың негізгі ұлғаюы Қызылорда облысында (4,0%), Ақтөбе облысында (2,8%), Алматы (2,6%) және Астана (4,1%) қалаларында байқалды.

2018 жылғы мамыр айында жұмыспен қамтылғандар саны 0,2%-ға артып, 8566,5 мың адамды құрды. Бұл экономикалық белсенді халықтың 95%-ы. Нәтижесінде 2018 жылы мамырда жұмыссыздық деңгейі 4,9% болған. Жұмыспен қамту органдарында 153,4 мың адам жұмыссыздар қатарында ресми тіркеліп отыр.

2018 жылы мамыр айында бір қызметкердің орташа айлық номиналдық жалақысы 5,4%-ға ұлғайып, 154,6 мың теңгені құрады. Осылайша, 2018 жылғы 1-тоқсанда нақты жалақы 4,0%-ға өсті.

Салалар бойынша 2018 жылғы 1-тоқсанда әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы жалақы (21,9%), құрылыста (10,4%), тау-кен өндірісінде (6,0%), жылжымайтын мүлікпен операцияларда (4,4%) өсті.

Ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде (4,2%), білім беруде (2,4%), қаржы және сақтандыру қызметінде (3,6%) төмендеу байқалды.

2018 жылғы 1-тоқсанда өңірлер бөлігінде номиналдық жалақының ең жоғарғы мәні Маңғыстау облысында (282,0 мың теңге), ең төменгі мәні – Жамбыл облысында (102,1 мың теңге) тіркелді.

2017 жылда экономикадағы еңбек өнімділігі 4,3%-ға өсті. Салалар бойынша ең көп өсім ауыл шаруашылығында (10,4%), өнеркәсіпте (8,2%), көлікте (6,2%) және құрылыста (5,6%) өсім байқалды.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу