Медициналық дағдарыс – 2023 жылы басты мәселеге айнала ма

1542

Британия, Қытай, Германияда дәрігерлер тапшылығы мәселесі күн тәртібінде тұр.

Медициналық дағдарыс – 2023 жылы басты мәселеге айнала ма Фото: yandex.kz

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытай коронавирустың таралуына қатысты толық ақпарат беріп отырған жоқ деп күдіктенеді. Бұл туралы хақыралық сарапшылар кезекті баспасөз мәслихатында хабарлады. Олардың  пікірінше, Бейжің өткен желтоқсан айында шектеу шараларын жеңілдеткен соң, елде науқастар саны артып кеткен. Алайда, Қытай билігі оны жасырып отыр. Әсіресе, ұйым дерттен көз жұмғандарға қатысты статистиканы азайтып беріп отырғанын айтады.

"Біз Қытайдан ауруханаға жатқызылған науқастар мен індеттен көз жұмғандар саны туралы нақты мәлімет сұрап отырмыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ол жақта дерттің таралуынан төнген қауіпке алаңдайды. Осыған байланысты екпе мен бустерлі дозаның маңыздылығын тағы айтқымыз келеді. Вакцина дерттің ауыр өтуінің алдын алып, өлімнен сақтайды", - деді ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Қытайлықтарға шектеу

Оннан астам ел Бейжіңнен келетін ковид статистикасында ашықтықтың жоқтығына сілтеме жасай отырып, Қытайдан келушілерді міндетті түрде тестілеуді енгізді. Олардың қатарында Австралия, Италия, Франция және Испания, Оңтүстік Корея, Жапония бар. Қытайлықтардан ПТР теріс нәтижелері немесе вакцинация туралы анықтама талап етіледі. Бұл Бейжіңнің шамына тиді. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин бұл шараларды "кемсітушілік" деп атады.

Желтоқсан айында үш жылға созылған "нөлдік ковид" саясатындағы қатаң шектеулер жойылды. Вирусқа табиғи иммунитет қалыптаспаған соң, елдің 1,4 миллиард тұрғыны бірден ауруға қайта шалдықты.

Жергілікті БАҚ Шанхай халқының 70% вирус жұқтырғанын, ауруханаға түскендердің көпшілігі 65-тен асқан адамдар екенін жарыса жазуда.

Ал, Блумбергтің хабарлауынша, Бейжің мен Шанхайда, қайтыс болған туысын кремациялауға қаңтардың ортасынан ғана тапсырыс беруге болады. Себебі, кезекте тұрғандардың қарасы көп.

Ұлыбритания медицинасына төнген қауіп

Ал, Ұлыбританияда дәрігер жоқ. Яғни дәрігерлер жетіспейді. Медициналық көмек колледжінің президенті Адриан Бойль жедел жәрдемнің кешігуіне байланысты апта сайын 300-ден 500-ге дейін адам қайтыс болып жатқанын хабарлады. Ал, дәрігерлер жалақы аз болған соң тұрақтамайды. Қазір 130 мыңға жуық вакансия бос тұр, жұмысқа орналасуға ешкімнің құлқы жоқ. Желтоқсан айында медбикелер мен дәрігерлер елдің бірнеше қаласында бұрын-соңды болмаған, Ұлттық шеру өткізген еді. 15, 20 желтоқсанда Англия, Уэльс және Солтүстік Ирландия көшелеріне 100 мыңға жуық ақ халатты шығып, айлықты 19 пайызға өсіруді талап етті. Риши Сунак Үкіметі бұл мәселе бойынша, әлі нақты шешімдер қабылдаған жоқ.

Англияның ұлттық денсаулық сақтау қызметінің стратегия директоры Крис Хопсон берген мәлімет бойынша, COVID пациенттерінің саны бірнеше апта бұрынғы 4500 науқастан 9500-ге дейін өсті.

Бір ай бұрын 520-мен салыстырғанда, тұмаумен ауыратындар 3750-ге дейін көбейді. Олар аурухана төсектерінде ем алып жатыр.

Қазіргі уақытта Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің 9500 қызметкері COVID жұқтыру себебі бойынша жұмысқа шықпай қалған.   

Айта кетерлігі, былтыр қарашада Ұлыбританияда инфляция деңгейі 11%-ке жеткен. Бұл – кейінгі 41 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш. Бұл аздай, сарапшылар болжамы бойынша, 2023 жылы G-7 елдерінің ішінде Ұлыбритания экономикасы ең ауыр рецессияға ұшырайды.

Германияда дәрігер де, дәрі де тапшы 

Коронавирустық пандемияның үш жылында Германияда Денсаулық сақтау саласы әлсіреді. Бұл – Федералды дәрігерлер палатасының вице-президенті Эллен Лундерсхаузеннің пайымы. Дәрігер пандемия кезінде де науқастардың 90 %-ына тек амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілгенін айтады. Ауруханаларда орын жетіспеген. Қазір елде басталған тұмау толқынының өзінде науқастарды емдейтін дәрігерлер жетпей жатыр.

Ал, екінші "пісіп тұрған" мәселе – дәрі тапшылығы. Федерация қауымдастығы кейбір препартатарды жеткізуде соңғы 4 айда айтарлықтай қиындықтар туындағанын айтады. Қазір ел бойынша антибиотиктер, қызуды басатын, ауруды жеңілдететін асқазанға арналған дәрілер жетіспейді. Басты себеп - дәрінің көбі өндіруші компанияларда жоқ, бұған шикізат тапшылығы себеп болуы мүмкін. Енді фармацевтер ұйымы ішкі өнімді арттырып, кейбір компанияларға қойылған шектеулерді алып тастау керектігін алға тартып отыр. Ал Германия билігі  тұрғындарды сабырға шақырып, тек қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға кеңес берумен ғана шектелді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу