Медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін қайта қарау керек – Олжас Бектенов

316

Биыл медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 3 триллион теңге бөлінді.

Медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін қайта қарау керек – Олжас Бектенов Фото: Үкімет

Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген азаматтарға құлақ асу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Денсаулық сақтау министрлігі Еңбек министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірге медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуге тиіс. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген азаматтарға да құлақ асу қажет. Кейбір жаңа ережелерді түсіну қиын. Сондықтан әрбір адам медициналық көмек алу тетіктері мен оны жетілдіру жұмыстарынан хабардар болуы керек. Балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектер мен азаматтардың басқа да жеңілдікті санаттарына медициналық көмек көрсету тәртібі мен көлемі өзгеріссіз қалуға тиіс", – деді Премьер-министр.

Оның атап өтуінше, жаңа медициналық нысандардың ашылуымен халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігі едәуір кеңейіп жатыр. Биыл 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталып, 1 миллион ауыл тұрғыны алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтылатын болады. 

"Жалпы, биыл медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 3 триллион теңге бөлінді. Бұл қомақты қаражат. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі қаржының тиімді жұмсалуын және медициналық қызметтердің сапасын, оның ішінде цифрлық құралдар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы қатаң бақылауға алсын. Сонымен қатар министрлік медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін қайта қарауы керек. Емделушілер үшін бәрін оңтайландырып, барынша жеңілдету керек", – деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу