Медициналық көмек көрсету жүйесі өзгереді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5345

Жаңашылдықтар 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енеді.

Медициналық көмек көрсету жүйесі өзгереді

Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің жаңа үлгісін және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі негізінде медициналық көмек пакетін әзірледі. Олар 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енбек.

"Халықты медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі әзірленді. Бірінші деңгей – Қазақстанның барлық азаматтарына, оралмандар мен тұрақты тіркелген шетелдіктерге мемлекеттік бюджет есебінен тегін медициналық көмек беру. Бұл пакет тегін медициналық көмектің тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек, жедел көмек, санитариялық авиация және шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік мәні бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрін қамтиды", – деді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Екінші деңгей – сақтандырылған халық үшін медициналық сақтандыру жүйесінің пакеті. Ол тегін медициналық көмектен тыс қызметтерді қамтамасыз етеді: аурулардың кең спектрі бойынша консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарды алмастыратын көмек, оңалту және қалпына келтіру емі.

Үшінші деңгей – бұл тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру жүйесінің пакеттеріне кірмейтін медициналық қызметтер. Олар ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен ұсынылады.

"Тегін медициналық көмектің жаңа үлгісін және медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге бірқатар алғышарттар әсер етті. Атап айтқанда, соңғы 10 жылда республика халқының 15 пайызға,  егде жастағылардың 27 пайызға, балалардың 24 пайызға көбеюі, негізгі созылмалы инфекциялық емес аурулардың 2,5 есе өсуі және тәуліктік стационарда емдеудің орташа құнының 1,5 есе ұлғаюы себеп болып отыр", – деді министр.

Оның сөзінше, бюджеттік шығындардың жыл сайын ұлғаюына қарамастан, тегін медициналық көмекті қаржыландырудың қазіргі деңгейі халықтың сұранысын қамтамасыз етпейді. Министрліктің бағалауынша, тегін медициналық көмекті қаржылық қамтамасыз ету тапшылығы 2017 жылдың өзінде-ақ 363 млрд теңгені құраған. Бұл импортталатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, қызметтердің өзіндік құнының өсуіне байланысты.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу