Медициналық қызметтер 1 триллион 600 млрд теңгеге сатып алынады

4759

Денсаулық сақтау министрлігі сатып алу шараларына жеткізушілерді белсенді қатысуға шақырды.  

Медициналық қызметтер 1 триллион 600 млрд теңгеге сатып алынады

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекованың қатысуымен медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді электронды сатып алуға көшу жөніндегі қанатқақты жоба іске қосылады.

"Бүгінгі шара аса маңызды. Бұл – денсаулық сақтау саласын цифрландырудың жаңа кезеңі. Бүгін медициналық қызметтерді электронды сатып алу порталын іске қосамыз. Былтырдан бері дәрі-дәрмекті электронды түрде сатып алудамыз. Сатып алу рәсімдері ашық өтіп, көп қаржы үнемделуде. Медициналық қызметтерді сатып алудан да осындай әсер күтеміз. Қараша айында портал сынақтардан өтеді. Ал 2020 жылы барлық сатып алулар медициналық қызметтерді электронды сатып алу порталы арқылы жүзеге асады",   деді Ботагөз Жақселекова.

Оның айтуынша, медициналық қызметтер нарығының көлемі келесі жылы бір жарым триллион теңгеден асады.

"Бүгінгі күні медициналық қызметтер нарығының көлемі 1 триллион теңге мөлшерінде. Бұл тегін медициналық көмек көрсету арқылы сатып алынатын біздің медициналық қызметтер көлемі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Бұл – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қамтамасыз ететін тағы 570 млрд теңге көлеміндегі қосымша қаржы. Осылайша, келесі жылы қаржыландыру 50-60%-ға өседі де, жалпы қаржыландыру 1 триллион 600 млрд теңге көлемінде болады", –  деді ол.

Медициналық қызметтерді сатып алу рәсімдеріне кім қатыса алатындығын жауапты хатшы айтып өтті.

"Сатып алу рәсімдеріне жеке кәсіпорындармен қатар, мемлекеттік ұйымдар да қатысады. Конкурс ашық өтеді. Адал бәсекелестік болады. Бүгінгі күннің өзінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тауар мен қызмет жеткізушілерінің 50%-ы жекеменшік ұйымдар. Мемлекеттік қызметтерді сатып алуда жекеменшік нарықтың үлесі ұлғайып келеді. Ал қызмет сапасы жайлы айтар болсақ, денсаулық сақтау кодексі бойынша медициналық қызмет ақысын төлерден бұрын жеткізушілер сапа мониторингінен өтеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әр адамның адвокаты, сақтандыру агенті екенін айтқым келеді. Егер азаматтар медициналық қызмет сапасына қанағаттанбайтын болса, колл-орталыққа немесе еліміздің әр түпкіріндегі 17 бөлімшесіне хабарласуына болады. Халықпен кері байланыс жасау сапаның арта түсуіне ықпал етеді",  деді Ботагөз Жақселекова.

Сондай-ақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өкілдерінің айтуынша, тетік іске асырылған кезде ашықтық қамтамасыз етіліп, сыбайлас жемқорлық факторлары мен қателіктер қаупі азаяды, қағазбастылық жойылады. Мұның бәрі Қор үшін де, медициналық ұйымдар үшін де сатып алу рәсімдерін жеңілдетеді. Қазіргі кезде веб-порталдың функционалы дайын. Ал 12 қарашадан бастап бүкіл ел бойынша тестілік сатып алу басталады. Пилоттық бағдарлама аясында медициналық қызметтердің әлеуетті жеткізушілері үшін тренингтер өткізілетін болады. Оқу вебинары 12 қарашада өтеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әлеуетті жеткізушілерді 2019 жылдың қараша айының 12-28  күндері аралығында сынақтық сатып алуларға белсенді қатысуға шақырды.

Электронды сатып алу рәсімін жүзеге асыруды жоба ұйымдастырушылары былайша түсіндіреді: алдымен Қор медициналық көмек беру көлемін медициналық қызметтерді сатып алу веб-порталында орналасқандығы жайлы хабарландыру жариялайды. Содан кейін, әлеуетті жеткізушілер ретінде мәліметтер базасына енгізілген жеткізушілер тендерге қатысуға өтінімдер береді. Өтінім берушілерді таңдау және көлемдерді бөлу жөніндегі комиссия жұмысын аяқтағаннан кейін, сатып алу веб-порталында жиынтық хаттама жасалады. Хаттама жеткізуші мен Қор арасында келісімшарт жасасу үшін денсаулық сақтау ақпараттық жүйесіне жіберіледі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу