Медициналық сақтандыру жүйесі алдымен Қарағандыда енгізіледі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3134

1 қыркүйектен бастап пилоттық жоба қолға алынбақ.

Медициналық сақтандыру жүйесі алдымен Қарағандыда енгізіледі

Медициналық сақтандыру жүйесі 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық режимде енгізіліп, жұмыс істей бастайды. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтас республиканы қамтиды. Бұл туралы Үкімет отырысына қатысқан Елжан Біртанов мәлімдеді.

"Пилоттық жоба шеңберінде медициналық сақтандыру пакетінің кейбір қызметтерін ұсыну, сақтандырылған адамдардың мәртебесін сәйкестендіру, қаржыны бөлек есепке алу тестілеуден өтеді. Бұдан бөлек, еңбекке қабілетті халық үшін профилактикалық тексерулер, оңалту емі ұсынылатын болады. Ол үшін республикалық бюджеттен қосымша 2,3 млрд теңге бөлу қажет", – дейді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесі халықтың медициналық қызметтерге жұмсайтын шығындарын азайтады. Мәселен, бүгінде қазақстандықтардың шығынының 42 пайызы медциналық қызметтерге жұмсалады екен. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін төмендейді.

"2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесін енгіземіз. Ал оған дейін, яғни 1 қыркүйекке дейін барлық қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданатын болады. 1 қазанға дейін денсаулық сақтау министрлігінің базалық ақпараттық жүйелері мемлекеттік органдардың, медициналық қызметтерді жеткізушілердің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады. Медициналық қызметтерді жеткізушілерді таңдауды автоматтандыру жүргізіледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін медициналық қызмет көрсетушілермен 2020 жылға келісімшарттар жасалады", – деді Елжан Біртанов.

Осы орайда денсаулық сақтау министрлігі облыстардың медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысына мониторинг жүргізген екен. Әзірше Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында жұмыстың сылбыр жүріп жатқаны анықталды.

"Медициналық ұйымдардың техникалық дайындығына назар аудару қажет. Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында компьютерлік техникамен жарақтандыру деңгейінің, медициналық ұйымдардың интернет желісіне қосылуы және медициналық ақпараттық жүйелердің төмендігі байқалады", – деді денсаулық сақтау министрі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу