2020 жылғы 1 қаңтарда міндетті әлеуметтік медсақтандыру (МӘМС) енгізілгелі бері Қазақстанда іс жүзінде медицина ақылы болды. Әлеуметтік медсақтандыру қорына (ӘМСҚ) жарна аудармаған азаматтарды емханалардағы дәрігерлер қабылдамайтын болды. Осы кезде Қазақстан пандемияға килікті. Адамзат атын естімеген жаман дертке шалдыққан жұртшылықтың үлкен бөлігі өмірлік маңызды медкөмектен қағылды, үйлерінде өз бетінше емделуге тура келді.
Шыдам шексіз емес, 2022 жылдың қаңтарында көшеге шығып, толқыған халықтың бір бөлігі медсақтандыруды жоюды және тегін медицинаны қайтаруды талап етті.
"Қаралы қаңтар" толқыны МӘМС-ті енгізген Мамин Үкіметін шайып кетті. Алайда оның орнын басқан Смайылов Үкіметі медсақтандырудан бас тартпайтынын аңғартты.
Дегенмен жаңа Премьер аталған қордың барлық көрсеткіштері тым жалпылама, көзбояу екенін, сондықтан олар не халықтың медкөмекке деген нақты мұқтаждығын, не медициналық ұйымдардың сол қажеттіліктерді қанағаттандыру мүмкіндіктерін айқын көрсетпейтінін айтып, қатаң сынады. Осыған байланысты Ә. Смайылов қор қызметін бақылаудың және оның триллиондаған қаражатты шығындауының тиімділігіне қатысты нақты индикаторлар жүйесін әзірлеуді тапсырды.
"Бүгінде өңірлердегі медициналық қызметтер толығымен, 100% қордан қаржыландырылады. Бұл халыққа медкөмек көрсетуді ұйымдастыру үшін жауапкершіліктің төмендеуіне соқтырды. Салдарынан, әсіресе, өткен жылдың соңында Алматы және Жаңаөзен қалаларында жедел жәрдем қызметін қаржыландыруда және ұйымдастыруда проблема туындады", – деп сөкті Үкімет басшысы.
Осы орайда қордың үмітті ақтамаған басшылығы ауысқаны мәлім. ӘМСҚ-ты 2020 жылғы шілдеден бері басқарған Болат Төкежанов отставкаға кетіп, Денсаулық сақтау министрінің 27 қаңтардағы бұйрығымен "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып экономист, 2021 жылғы қаңтардан бері Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған Айдын Ашуев тағайындалды. Медсақтандыру саласында тәжірибесі бар маман саланы түзейді деген үміт те бар.
Оның тұсында МӘМС жүйесі терең реформаланады. Үкіметтің тапсырмасымен, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) қаржыландыру қордан тартып алынады да, кезең-кезеңмен жергілікті деңгейге – әкімдіктердің денсаулық сақтау бөлімдеріне табысталады. Бұл өзгерістің мәнін түсіну үшін қаржы тасқынына көз салған жөн. 2022 жылы халыққа медкөмек көрсетуге мемлекет жалпы көлемі 2,049 триллион теңге бөлді. Оның 1,2 триллион теңгесі – ТМККК-ге тиесілі. Қалған 838 млрд теңгесі – МӘМС жүйесінен алынады. 2021 жылы ТМККК аясында 1,4 трлн теңге, ал МӘМС аясында – 730 млрд теңге жұмсалыпты.
Үкімет басшысының тапсырмасымен, енді ӘМСҚ-тің мемлекеттік қаражатты әкімшілендіруі де біртіндеп тоқтатылады. Оның орнына қор сақтандыру медицинасын дамыту мәселелеріне ден қойып, соны қаржыландырудың қосымша көздерін іздеуге баса көңіл бөлуге міндеттелді. Реформалар басталып кетті, демек жыл соңына дейін нақты нәтижелер болуға тиіс.
Ел неге "ауру ұлтқа" айналды?
Сонымен биыл мемлекет денсаулық сақтауға 2 триллионнан астам ылан-ойран қаражат жұмсамақ. Салыстырсақ, 2019 жылы денсаулық сақтау саласының бюджеті 1 триллион теңгеге де жетпеген. Осы триллиондардың 90%-ын ӘМСҚ әкімшілендіреді, яғни кімге бөліп беретінін сол шешеді.
Қаржыландыру екі еселенген екен, ұлт денсаулығы да сонша артқан болар? ДСМ дерегінше, Қазақстанда кейінгі жылдары халық арасында созылмалы аурулар өсіп барады. Оның бір себебі, сырқаттар талон болмауы кесірінен емхана дәрігеріне дер кезінде кіре алмайды, уақытын өткізіп алады. Салдарынан, жаңа ісіктердің пайда болуы 59%-ға, жүректің ишемиялық ауруына душар болу 43%-ға, гепатиттер – 3 есе, қант диабеті – 2 есе, гипотиреоз – 4 есе, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы – 10 есе, қан айналымы жүйесі аурулары – 1,6-3,3 миллион адамға дейін көбейіп кеткен! Халықтың шыбын жаны шырқырамағанда қайтсін?
Демек кімнің қалтасына түсіп жатқаны белгісіз триллиондардың қайтарымы шамалы болып тұр.
Айтқандай, Денсаулық сақтау министрлігіндегі және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы қаражаттың тиімділігін бақылау және бағалау жүйесін сынға алған Премьер Ә. Смайылов осы жүйеге аудит жүргізуді тапсырды. Оның барысында тексерушілер біраз былықтың бетін ашуы мүмкін.
ДСМ мәліметінше, ең кемі 3 миллионнан астам адам медсақтандырылмаған, жүйеден тыс қалды. Оның 1,6 миллионнан астамы үшін жұмыс берушілер жарнаны тұрақты төлемейді. Қалған 1,4 миллион қазақстандық МӘМС жүйесінің игілік әкелеріне сенбейді және ешқашан оған жарна аудармаған.
Алматы тұрғыны Назгүл Ж. МӘМС жүйесіне қатысты жұртшылықтың наразылығы қордаланып қалғанын жасырмады.
"Қаңтар оқиғаларынан кейін Президент әрбір адамның айтқанын мемлекеттің еститінін жеткізді. Менің де айтарым бар: 2022 жылдан бастап МӘМС жарнасын тағы көтерді. Менің азаматтық некедегі күйеуімнің жалақысынан 7 мың теңгеден ұстап келеді. Жылына 84 мың теңге төлейді. Алайда ол емхана-ауруханаларға жүгіне бермейді. Кеше оның тісі сырқырап ауырды. Бірақ медсақтандыру қоры өзіне жарна төлейтіндердің тісін тегін емдетіп бере алмайды екен. Неге ең құрыса, жылына 3 рет тісін тегін емдеуге жағдай жасамасқа? Неге халық биліктен осыны жалына сұрауы керек, неге қор соны өз бетінше ұсынбайды? Қордың қаншама клиенті тісі қақсап, шыдап жүр", – дейді Назгүл.
Оның да қорға өкпесі – қара қазандай.
"Екі баланың анасымын, қазір аяғым ауыр. Менің тістерім үгітіліп түсті. Аллергиям анықталып, анестезия еккенде жағдайым күрт нашарлады. Содан ауруханада жатып шықтым. Артынша емханамдағы терапевтке кіріп, қандай тіс дәрілеріне аллергиям барын анықтау үшін анализді тегін тапсыруға бағыттама сұрасам, бермейді. Неге? Мен де жарна аударамын ғой! Ақылы өту, әрбір дәріге тексерту аса қымбат тұрады. Біз қарапайым халықпыз, бірақ биліктің бізге де адамдай қарағанын қалаймыз! Медицина қалпымен ақылы болып кетті. Осыдан кейін бұл бұқара неге митингке шығады деп қайран қалады, кінәлайды. Біз шаршадық. 30 жасымда тіссіз қалайын деп тұрмын", – деп қапаланады Назгүл ДСМ басшысы Ажар Ғиниятқа шағымында.
Билік не дейді?
Сұрақтарға ДСМ-нің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаменті жауап берді. Оның дерегінше, Денсаулық сақтау кодексіне сәйкес, ТМККК аясында шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек уәкілетті орган анықтайтын халықтың жекелеген санаттарына тегін ұсынылады. ДСМ-нің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі №ҚРДСМ-106/2020 бұйрығы бойынша мұндай көмек тек 18-ге дейінгі балалар, жүкті әйелдерге ғана жоспарлы түрде көрсетіледі. Ал шұғыл стоматологиялық көмек – балаларға, аяғы ауыр әйелдерге, ардагерлерге, мүгедектерге, көпбалалы аналарға, жасы бойынша зейнеткерлерге, инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратындарға, мүгедектер күтіміндегі адамдарға қолжетімді.
МӘМС жүйесіндегі шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекті "денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасына" кірген және ӘМСҚ-пен келісімі бар медұйымдар көрсетуі мүмкін.
Ал жарна аударғанымен, емхана-ауруханалар қызметіне жүгінбейтін адамдар өзге сырқаттарға "демеуші" болады.
"МӘМС жүйесінде азаматтар, жұмыс берушілер мен мемлекеттің ынтымақты жауапкершілігі енгізілген. Бұл дені сау адамдардан түскен қаражаттарды еңбек ету қабілетін жоғалтып, ауырып қалған адамдарға, яғни мұқтаж емес адамдардан мұқтаждарға бағыттауға мүмкіндік береді. Төленген қаражаттар осы кезеңде медициналық қызметке жүгінетін адамдарға көрсетілген медициналық көмектің ақысын төлеуге жұмсалады", – деп түсіндірді МӘМС-ті үйлестіру департаменті.
Жанат Ардақ