Медведевтің "Қазақстан орыстарға қарсы геноцид ұйымдастыруда" деген мәлімдемесі – фейк

2643

Парақшаны бұзып алғандар "Қазақстан – жасанды мемлекет" деген жазба қалдырды. 

Медведевтің "Қазақстан орыстарға қарсы геноцид ұйымдастыруда" деген мәлімдемесі – фейк

Ресейдің бұрынғы президенті – РФ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде Қазақстан, Украина және Грузия туралы жазған жазбалары фейк болып шықты.

Оның парақшасын біреулердің бұзып алғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz Медведевтің көмекшісінің мәлімдемесіне сілтеме жасап. Пост салынғаннан кейін 10 минуттан кейін дереу өшірілген еді. 

"Тоқсаныншы жылдардың басында орын алған қателіктің түзетілетініне, енді ешқашан егемендік шерулеріне жол берілмейтініне, бір кездері үлкен және қуатты Кеңес Одағында тұрған барлық халықтар қайтадан достық пен өзара түсіністік жағдайында өмір сүретініне ешкім күмәнданбауы керек", – деп жазылды Медведевтің "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.

Желіге жарияланған жазбада "Қазақстан билігі орыстарға қарсы геноцид ұйымдастыруда" деп жазылған болатын.

"Тарихтан тағы бір мысал: XVII ғасырдың басында орыстар Солтүстік Қазақстанның жабайы жерлерінде алғашқы қоныстарын салды. Үш ғасыр бойы Ресейдің осы аумақты отарлау процесі жалғасты, оған Сібір темір жолының ашылуы және Столыпин аграрлық реформасы серпін берді. Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Солтүстік Қазақстан халқының 62,5%-ын славяндар құрады. Қазақстан – жасанды мемлекет, бұрынғы орыс аумағы. Мысал ретінде Гурьев, Семей, тіпті 1924 жылға дейін Верный қаласы деп аталған Алматы қаласын келтіруге болады. Қазіргі уақытта Қазақстан билігі ел ішінде түрлі этникалық топтарды көшіру процесін іске асыра бастады, бұны орыстарға қарсы жасалып отырған геноцидке жатқызуға болады. Біз енді бей-жай қарап отыра алмаймыз. Орыстар келмейінше, ол жерде тәртіп орнамайды", – деп жазды парақшаны бұзып алғандар. 

Қазір Ресей билігі мұндай әрекетті кімнің жасағанын анықтап жатыр. Медведевтің көмекшісі кінәлілер жазаға тартылатынын мәлім етті. 

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұған қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасамады. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу