Mega биржаға шықты

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3092

Mega Сenter Management акциялары KASE-де листингтен өтті.

Mega биржаға шықты

Mega Сenter Management АҚ-ның ("Мега Центр Менеджмент", Алматы) қарапайым акциялары Қазақстан қор биржасында (KASE) листинг шараларынан ойдағыдай өтті. Листингтік комиссия шешімінің қашан күшіне енетіндігі KASE "Листингтік ережелері" ішкі құжатының 2.2 қосымшасы 5 тарау 1 тармағының эмитент шарттары орындалған соң қосымша хабарланбақ.

KASE аталған акциялар сатылымының қашан басталатындығын да кейін хабарлайтын болды. ҚР Ұлттық банкінің 2015 жылғы 15 қазандағы бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлігіне сәйкес, Mega Сenter Management АҚ-ның жарияланған акциялары 145 млн 780 мың 600 мың қарапайым акцияларға бөлінген. Оларға KZ1C60130016 ұлттық сәйкестендіру нөмірі берілген. Шығарылым эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттік реестріне A6013 нөмірімен тіркелді. Аталған акцияларға MEGA деген қысқартылған белгі (саудалық код) берілді.

Mega Сenter Management негізінен мүліктік кешендер мен басқа да мүліктерді сенімді басқарумен, жылжымайтын мүлікке қатысты операциялардың барлық түрін жүзеге асырумен, инвестициялық қызметпен, сауда орталықтарын ашумен айналысады. Компания акцияларының шығарылымы туралы толық ақпарат листингтік комиссияның шешімі күшіне енген соң қор сайтында жарияланады.

Аbctv.kz анықтағандай, Mega Сenter Management еліміздегі Mega сауда-, ойын-сауық орталықтарына иелік етеді. Акционерлік қоғам Astana Group холдингтік компаниясына бағынады.

Mega Сenter Management өкілдері жаңа инвесторлар тартудың мүмкіндіктері мен компанияға қатысты өзге де сауалдарға әзірше жауап бере алмайтындықтарын жеткізді.

Қазіргі таңда Mega Сenter Management-ке үш бірдей ірі Mega сауда-, ойын-сауық орталықтары қарайды. 2006 жылы Mega желісімен алғашқы орталық ашылды. 2013 жылы Mega Alma-Ata пайдалануға берілді. Бір жылдан соң Mega Park есігін айқара ашты. Ал биылдан бастап Mega Silk Way сауда-, ойын-сауық орталығы өз жұмысын бастады. Ол ЕХРО халықаралық көрмесінің аумағында орналасқан.

Mega Alma-Ata орталығына бір айда шамамен 1,3 млн адам келеді екен. Mega Park 750 мың адамды, ал Mega Silk Way 1 млн-ға жуық қонақты қабылдайды. Осылайша, Mega сауда-, ойын-сауық орталықтар желісіне жылына шамамен 36 млн қонақ келіп, кетеді. Рекордтық көрсеткіш 2017 жылғы Наурыз мейрамын мерекелеу кезінде тіркелді. 20-23 наурыз күндері орталықтарды жарты миллионға жуық адам аралаған. Оның ішінде Астанадағы Mega Silk Way орталығына 151 мың адам, Алматыдағы Mega Park-ке 151425 адам, Mega Alma-Ata орталығына 199 мың адам жиналған.   

Mega Alma-Ata-ның жалпы көлемі – 164480 шаршы метр. Оның 80221 шаршы метрі сауда жасауға арналған. Mega Park-тің аумағы 106226 шаршы метрді құрайды (46690 шаршы метрі – коммерциялық). Mega Silk Way орталығының жалпы көлемі – 140000 шаршы метр. Коммерциялық аумағы – 74450 шаршы метр.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу