Мегаполистерде әлеуметтік нысандар салатын жер тапшылығы туындайды – сенатор

Алматыда мектептер, балабақшалар мен емханалар құрылысының қарқыны қазірдің өзінде 3 есе артта қалды. 

Мегаполистерде әлеуметтік нысандар салатын жер тапшылығы туындайды – сенатор Фото: kazlenta.kz

Сенатор Серік Шайдаровтың айтуынша, тұрғын саны млннан асатын қалаларда болашақта мемлекет қорынан бос, қажетті инфрақұрылыммен, инженерлік және коммуникациялармен қамтамасыз етілген жер телімдері тапшы болуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Мұндай проблема бүгінде Алматы қаласында бар.  Мегаполисте тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы жағдайында мектептер, балабақшалар мен емханалар салу қарқыны қазірдің өзінде 3 есе артта қалды. Сонымен бірге, Алматы қаласын дамытудың Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес аумақты кешенді қайта жаңарту және тозығы жеткен ғимараттарды бұзу аясында 104 мектеп пен 230 балабақша қарастырылған. Дәл осындай жағдай елордада да қалыптасып отыр, онда әлеуметтік нысандардың жоқтығынан биылғы оқу жылының басында мектептердің бірінде 18 бірінші сынып оқушысы партаға отырды", - деді депутат.

Сондықтан осы проблемаларды ескере отырып, үкімет қалалардың бас жоспарларын әзірлеуге мемлекеттік жер қорын ескере отырып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың біркелкі құрылысын болжау қажеттілігі тұрғысынан қайта қарауы қажет, деп есептейді депутат.

"Бос жер телімдерінің тапшылығы жағдайында кәсіпкерлік субъектілері құрылысты кейіннен нысаналы мақсатын өзгерте отырып, үшінші тұлғалардан өз бетінше сатып алған жер телімдерінде жүргізеді. Бұл ретте меншік иесі бюджетке жердің кадастрлық (бағаланған) құнына тең соманы төлеуге міндетті", - деді спикер.

Мәселен, оның айтуынша, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының ақпаратына сәйкес, 1-2 гектар аумақта тұрғын үй кешенін салған жағдайда, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту құны әр түрлі, 33,4-тен 267,3 млн теңге дейін болады. 

"Осылайша, құрылыс мақсатындағы жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту құны инвесторлар үшін айтарлықтай қаржылық жүктеме. Соның салдарынан шығындарды азайту мақсатында кәсіпкерлер "өтпе жолдарын" іздеуге мәжбүр. Осы жолдардың бірі - бүгінде елордада үшінші тұлғалардан жер телімдерін сатып алған инвестор осы жер учаскелерін үлестік шекара шегінде мемлекет пайдасына иеліктен шығару (нотариалды куәландырылған ерікті бас тарту арқылы) тәжірибесі қалыптасқан", - деп түсіндірді сенатор.

Депутаттың айтуынша, сондықтан бүгінде үкімет мемлекет мүддесін және тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру үшін жағдай жасау қажеттілігін ескере отырып, бұл мәселені шешудің оңтайлы тетігін әзірлеуі қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу