Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 KO) осы салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасы Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 KO) жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
"Бәріміз мұнда чемпиондық үшін келдік. Егер ол менің қарсыласым болып қалса, мен дайынмын. Чемпион атанған соң абсолют чемпион атағы үшін жұдырықтасу керек. Егер мен WBC чемпионы болсам, неге Әлімханұлымен жұдырықтаспасқа? Бұл – қазақстандық бокс деңгейінің өскенін көрсететін жекпе-жек деп ойлаймын", – деді Нұрсұлтанов "Бірінші Бол" YouTube арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) орта салмақтағы чемпион, доминикандық Карлос Адаместі (24-1-1, 18 KO) қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізуге міндеттеді.
Сондай-ақ, Жәнібек Әлімханұлы да Адамеспен үш чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек ұйымдастыру туралы келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған болатын.