Мектеп құрылысында тер төккендер ақысын ала алмай жүр

6632

Мемлекеттік тапсырыс бойынша мектеп тұрғызған ШҚО кәсіпкерлері астаналық бас мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етуде.

Мектеп құрылысында тер төккендер ақысын ала алмай жүр

Астананың мемлекеттік кіріс департаментінің мәліметіне сәйкес, елордалық "АКМ-Жол" ЖШС құрылыс компаниясы өзінің серіктестеріне 124,5 миллион теңгеден астам берешек. Аталмыш компания 2012-2016 жылдары Өскемендегі №19 шағын ауданда сомасы 1 миллиард 700 миллион теңгеден асатын №46 қазақ тілінде білім беретін мектептің құрылысына бас мердігер ретінде қатысқан. Шығысқазақстандық құрылысшылардың дерегінше, компания құрылысқа тапсырыс беруші – ШҚО құрылыс басқармасынан барлық ақшаны алғанымен, қосалқы мердігер болған кәсіпорындарға қарыз болып қалған. Сот шешімімен "АКМ-Жол" ЖШС қазіргі таңда бес жыл мерзімге оңалту шараларынан өтуде.

Шығыс Қазақстан облысындағы "Шығыс Құрылыс" ірі құрылыс компаниясының басшылығы екі жылдан астам уақыттан бері "АКМ-Жол" ЖШС мен онымен байланысы бар "Ақмола Құрылыс Материалдары" фирмасына қатысты қылмыстық істі тексеруді талап етумен келеді. Бүгінгі күні олар Астана қаласының Алматы ауданының прокуратурасына, ҚР президенті әкімшілігіне, өзге де өкілетті құрылымдарға хат жолдаған.

Өскемендегі №19-шағын ауданда №46 мектептің құрылысын салу барысында "АКМ-Жол" ЖШС-на қосалқы мердігер болған "Шығыс Құрылыс" кәсіпкерлері алаяқтықтыққа тап болдық деп санайды.

Бас мердігер кім?
"Мектеп құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алуға базасы әрі мамандары да бар, нақты айтқанда ірі бизнесмен, парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Бауыржан Смайыловқа тиесілі "Ақмола Құрылыс Материалдары" ЖШС ірі құрылыс компаниясы қатысқан. Алайда бас мердігер ретінде қосалқы мердігерлермен келісімшартты "АҚМ-Жол" ЖШС жасасқан. Бұл компанияның меншігінде ешқандай мүлік тіркелмеген, активтері де жоқ. "АҚМ-Жол" ЖШС-ның жарғылық капиталының 100% үлесіне ие жалғыз қатысушысы дәл сол кезде Бауыржан Смайыловтың жары Ләззат болып табылды", – дейді "Шығыс Құрылыс" ЖШС директоры Нұрлан Тұраров. – Жұмысты орындаған соң "Ақмола Құрылыс Материалдары" ЖШС құрылысқа тапсырыс берушіден барлық соманы алғанымен, қосалқы мердігерлермен жартылай ғана есептескен".

ШҚО құрылыс басқармасындағылар abctv.kz тілшісіне, 2012 жылы (ол кезде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев болды. – автор. ескертпесі) №46 мектеп құрылысының тендерін "Ақмола Құрылыс Материалдары" ЖШС атынан әрекет еткен Александр Викторович Маер жеңіп алғанын растады.

Дегенмен бірқатар кәсіпкер abctv.kz-пен әңгімеде қосалқы мердігерлермен келісімшартты "АКМ-Жол" ЖШС-ның өзі жасасқанын, олардан соманың "бас мердігерлік" деп аталатын 20%-ын ұстап қалғанын атап айтты (қосалқы мердігерлермен келісімшарттардың көшірмесі редакцияда бар).

Аbctv.kz-тің жазбаша сауалдарына берген жауабында "АКМ-Жол" ЖШС және "Ақмола Құрылыс Материалдары" ЖШС өздерінің үлестес екендіктерін жоққа шығармайды әрі растамайды да. Серіктестері алдындағы қарызды өтеудің динамикасы туралы, болжамдарымен, сондай-ақ Өскемендегі мектеп құрылысына бас мердігер ретінде неліктен "АКМ-Жол" ЖШС қатысқаны туралы abctv.kz-тің сұрақтарына қос кәсіпорынның да басшылары коммерциялық құпия деп жауап беруден бас тартты. Айтпақшы, "АКМ-Жол" ЖШС директоры Татьяна Шестакова мен "Ақмола Құрылыс Материалдары" ЖШС директорының міндетін атқарушы Нұрлан Сағынбаевтың жауаптары бір-бірінен айнымай жазылған.

Қазір, e-gov.kz сайтының ресми мәліметі бойынша, "АКМ-Жол" ЖШС құрылтайшысы – Ләззат Смайылова, ал "Ақмола Құрылыс Материалдары" ЖШС-ның құрылтайшысы Жангелді Елкеш болып табылады, десе де, ШҚО құрылысшыларының сөзінше, нақты иесі бәрібір Бауыржан Смайылов болып қала береді.

Астана қаласындағы жеке сот орындаушысы Қуаныш Қабдысәлімовтың құжаттары бойынша, "АКМ-Жол" ЖШС-ның атында ешқандай мүлік пен банктік есепшоттарда ақша жоқ.

Құрылысшылардың бас ауруына айналған құрылыс
Өскеменде мемлекеттік тілде білім беретін алғашқы 1000 орындық мектептің құрылысы 2012 жылы басталды. 2015 жылдың маусымында бас мердігер – "АКМ-Жол" ЖШС қаржыландыруда іркіліс тудыра бастады, дейді Нұрлан Тұраров. Алайда әлеуметтік маңызды нысан саналатын №46 мектептің құрылысы басына ШҚО мен Өскемен әкімдері атбасын бірнеше мәрте бұрып, жұмысты одан әрі жалғастыруды сұраған. 2015 жылдың тамызынан бастап "АКМ-Жол" қосалқы мердігерлерге төлем жасауды толықтай доғарады. Мектеп негізінен тұрғызылып, 2016 жылдың қаңтарында пайдалануға берілгенімен, оның айналасын абаттандыру жүргізілмеді.

"Шығыс Құрылыс"-тың қолында Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының күшіне енген шешімі бар. Соған сәйкес "АКМ-Жол" ЖШС "Шығыс Құрылыс" ЖШС-ына атқарылған жұмыс үшін, мемлекеттік баж салығын қоса алғанда 22 миллион теңгеден артық төлеуге тиіс. Сондай-ақ "АКМ-Жол" ЖШС құрылысшылардың сомасы сегіз миллион теңгеден астам атқарылған жұмыс көлемі туралы актісіне түрлі сылтаумен қол қоймаған. Әйтсе де аталған жұмыс көлемін тапсырыс беруші – ШҚО-ның құрылыс басқармасы қабылдаған және "АКМ-Жол" ЖШС ол үшін толық ақшасын алған, – дейді Тұраров мырза. – Жалпы алғанда бас мердігер "Шығыс Құрылыс" ЖШС-на 29 миллион теңгедей берешек".

Мектеп құрылысының тағы бір қосалқы мердігері – "Фортуна Групп" ЖШС "АКМ-Жол" ЖШС-мен келісімшарт бойынша 75 миллион теңгенің жұмысын орындағанымен, оған 6,5 миллион теңгесін төлемей қойған.

"Біз бәрін орындадық, атқарылған жұмыстың актісі де бар, дегенмен соңғы екі транш келмеді, жұмыстың ақысын төлеген жоқ, – дейді "Фортуна Групп" ЖШС директоры Олжас Зарипов. – Біз тіпті сотқа да жүгінген жоқпыз. Одан түк шықпайды деп ойлаймыз, сот шығындары мен адвокаттың қызметі үшін босқа ақша шығындалады. Бұл елордалық компания тарапынан алдын-ала жоспарланған әрекет болды деп ойлаймыз".

"Промсантехмонтаж" ЖШС болса "АКМ-Жол" оларға сегіз миллион теңге қарыз болып қалғанын айтады, алайда компания қарызгерлердің тізімінде жоқ. Аталмыш компанияның өкілі де ол ақшадан күдер үзгендерін айтады.

Қылмыстық іссіз шешілмей ме?
2015 жылдың соңында Өскеменнің Сол жағалау полиция бөлімшесінде "АКМ-Жол" ЖШС-на қатысты шынымен де қылмыстық іс қозғалып, арада көп уақыт өтпей Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 195 бабы 4 бөлімінде қарастырылған қылмыстық белгінің болмауынан тоқтатылған.

"Қылмыстық істі тексеру барысында "АКМ-Жол" ЖШС құрылтайшысы Л.Т. Смайылованың, "АКМ-Жол" ЖШС директоры С.Р.Ибраевтың және "АКМ-Жол" ЖШС қаржы директоры З.М.Махметованың тұрғылықты орнын анықтау мүмкін болмады", – деп 2016 жылғы 10 мамырда қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыда жазған полицейлер "АКМ-Жол" ЖШС іс-әрекетінде қылмыстық құрам жоқ деп атаған (қаулының көшірмесі редакцияда бар).

2016 жылдың 20 желтоқсанында Нұрлан Тұраров Астана ІІБ-ға "АКМ-Жол" ЖШС-ға қатысты алаяқтық фактісі бойынша арыз берген. Ол да қылмыстық құрамның болмауына байланысты тоқтатылған. 2017 жылдың 19 наурызында "Шығыс Құрылыс" ЖШС пайдасына "АКМ-Жол" ЖШС-нан ақшалай қаражатты өндіру туралы 2016 жылғы 24 тамыздағы Астана МАЭС шешімінің орындалмауы туралы жеке сот орындаушы Қуаныш Қабдысәлімовтың ұсынымы бойынша Астана қаласы "Алматы" ауданының полицейлері ҚР Қылмыстық кодексінің 430 бабы 1 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастайды. 10 күннен соң, 2017 жылғы 29 наурызда полицейлер оны жапқан.

2017 жылғы 29 наурыздағы сотқа дейінгі тексеруді тоқтату туралы қаулыда (көшірмесі редакцияда бар) айтылғандай, "АКМ-Жол" ЖШС-ның атқарушы директоры Татьяна Шестакова кәсіпорын қарызды төлеуден бас тартпайтынын және сот шешімдерін орындаудан қашып жүрмегенін, тіркелген мекенжайда тұрып жатқанын айтып түсінік берген.

"Алайда ақшалай қаражаттың болмауынан, сондай-ақ компания есепшоттарда бұғаттаулардың және мүліктің болмауынан қарызды төлеуге мүмкіндігі жоқ. Астана қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың18 желтоқсандағы шешімімен "АКМ-Жол" ЖШС-на қатысты оңалту шарасы қолданылған", – деп келтіреді елордалық тергеушілер Шестакова ханымның сөзін сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулыда.

Дей тұрғанмен, Астана қаласының Алматы ауданының прокуратурасы қатынас хатта жазғандай, полицейлер іс бойынша бірқатар маңызды куәгерлерден, оның ішінде ШҚО құрылыс басқармасынан жауап алмаған, зардап шегуші тарапты сотқа дейінгі тергеуді тоқтататыны туралы шешімі туралы хабардар етпеген және "Шығыс Құрылыс" ЖШС өкілінен қатынас хат, түсініктеме және басқа да қағаздарды алуды жалғастыра берген.

Айтпақшы, "Ақмола Құрылыс Материалдары" ЖШС да, abctv.kz-тің сауалына компанияның берген жауабына сәйкес, соттың 2016 жылғы 16 мамырдағы шешімі бойынша оңалту шарасынан өтуде. Астана мемлекеттік кіріс департаментінің сайтындағы кредиторлар талаптары тізбесіне сәйкес, оның жалпы қарызы 4 миллиард 485 миллион теңгені құрайды.

"2016 жылғы қазанда "АКМ-Жол" ЖШС "Брикс-Строй" деген фирмаға "Ақмола Құрылыс Материалдары"-на талаптарын тегін бере салған. Атқарушылық іс жүргізу барысында сот орындаушысы борышкердің дебиторлық қарызын өндіру алуға жүгіну туралы мәселені шешуге құқылы. Алайда "АКМ-Жол" ЖШС басшылары талап құқығын беру шартын жасауы сот орындаушысын аталған әрекетті орындау мүмкіндігінен айырып отыр", – дейді Нұрлан Тұраров.

Сөз соңында айта кетейік, қазір Астана қаласының Алматы ауданы прокуратурасының наразылығы бойынша елорда полицейлері "АКМ-Жол" ЖШС-на қатысты сотқа дейінгі тексеруді қайта қолға алды.

Еркебұлан Қыздарбек, Ольга Ушакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу