Мектеп мұғалімдерінің табысы елдегі орташа жалақыдан аз болып шықты

168

Жылдағы дәстүрге сай таяуда елімізде Ұстаздар күні аталып өтіледі.   

Мектеп мұғалімдерінің табысы елдегі орташа жалақыдан аз болып шықты Фото: ЖИ

Осы бір мәртебесі биік саланың жай-күйі қоғам назарынан қашан да тыс қалмайды. Себебі елдің ертеңі саналатын ұрпақтың өресі тікелей мұғалімдердің деңгейімен астасып жатады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазір Қазақстан мектептеріндегі 4,1 млн-нан астам оқушыға 410 мыңдай мұғалім білім береді. Яғни әр 10 оқушыға шамамен 1 мұғалімнен келеді деп топшылай аламыз. Дегенмен бұл санға қарап ұстаз тапшылығы жоқ деуіңіз мүмкін. Алайда 2026-2027 жылғы оқу жылының басында тек мемлекеттік мектептерге 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейтіні анықталды. Бұл аз ба, жоғарыда айтылған 410 мыңдай ұстаздың 4 пайызы, 16,7 мыңға жуығы зейнет жасына жетіп үлгерген. Яғни, тапшылық әлі де арта беретінін аңғарамыз.

Ұстаз жетіспеушілігінің себебі аз емес, халық саны өсіп жатыр, жаңа мектептер бой көтерді. Мемлекет мәселені шешу үшін жыл сайын педагогикалық салаға мыңдаған грант бөліп, жастарды жұмысқа қабылдап-ақ жатыр. Дегенмен соның бәрі киелі мамандықты қалап келді ме және ұстаз мәртебесі елімізде қаншалықты қорғалған?

2 есе өссе де жетпейді

Бірден нақтылап өтейік, елімізде ұстаздарға бекітілген нақты жалақы мөлшері жоқ. Сондықтан әр ұстаз сағат санына, оқу жүктемесіне, еңбек өтіліне, біліктілік санатына, қосымша міндеттер мен үстемақыларға қарай түрлі деңгейде айлық алады. 2026 жылдың I тоқсанында білім беру саласындағы орташа айлық атаулы жалақы 315 100 теңгені құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 302 428 теңге болған екен. Яғни бір жылда 12 672 теңгеге немесе 4,2% өсті. Ал 2 жылдағы өсім 10 пайыздан сәл асады.

Соған қарамастан білім саласындағы жалақы елдегі орташа деңгейден едәуір төмен. 2026 жылдың I тоқсанында Қазақстан бойынша орташа айлық 461 486 теңге болды. Екі көрсеткіштің айырмасы 146 386 теңгеге жетеді. Ал елдегі медианалық жалақы 331 527 теңгені құрайды. Бұл – қызметкерлердің жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп алады деген сөз.

Білім беру жүйесінің ішінде ең төменгі орташа жалақы мектепке дейінгі ұйымдарда тіркелген. Балабақша қызметкерлері орта есеппен айына 211 015 теңге алған. Бастауыш білім беру саласындағы орташа айлық 257 329 теңгені құрады. Ал орта білім беру саласында, яғни мектептерде орташа жалақы 334 738 теңгеге жетті. Жоғары білім саласындағы ұстаздар ғана саланың атына лайықтап жоғары жалақы алып отыр. Орташа айлығы 451 376 теңгеге жеткен.

Жалақы дегеннен шығады, оның өзгерісіне 7 жыл бұрын қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" заң септескені белгілі. 2019 жылы мәселелер нақты болды. Біріншіден, еңбекақы төмен, екіншіден, есептілік шамадан тыс көп, үшіншіден, педагогтер мектептің басқа да жұмыстарына жегіле берді. Үкімет ең алдымен заң қабылданған тұста бірінші мәселеге ерекше зер салған екен. Қазір қарасақ, 2020 жылдан бері ұстаздардың жалақысы 2 есе өскен. Бірақ көрсеткіш жалпы елдегі табыс деңгейіне қарағанда көңіл толмайтын жағдайда екенін жоғарыда атап өттік.

Мәртебелі мамандықтың машақаты көп

Рас, 7 жыл бұрын "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылдана сала мұғалімдерді өзіне тән емес жұмыстарға тартуға, артық есептілік талап етуге, заңда көзделмеген тексерулер жүргізуге және тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салды. Биыл маусымда бір құжатты бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізуді талап етуге де жеке тыйым қойылды. Бұл талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Баланың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершіліктің шегі де нақтыланды, педагог немесе білім беру ұйымының басшысы кәсіби міндеттерін орындау кезінде білім алушылармен болған оқиғалар үшін жауап береді. "Білім туралы" заңда да маңызды норма пайда болған. Ата-аналар педагогтің құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге міндетті. Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асанованың пікірінше, биыл қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың педагогтермен мессенджерлер арқылы қарым-қатынас жасау ережелері туралы да мәселені көтерген.

– Біз мұғалімге кешкі уақытта үй тапсырмасы немесе баға туралы жазуға, ал демалыс күні "дүйсенбіге не алып келеміз" деп сұрауға үйреніп қалғанбыз. Бірақ ата-ана мен мектептің өзара байланысы педагог тәулік бойы қолжетімді болуы керек дегенді білдірмейді. Құқықтарды ережелерде бекітуге, тіпті заңға өзгерістер енгізуге болады. Ал жүйенің ішіндегі қарым-қатынасты өзгерту әлдеқайда қиын, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар Ж.Асанова салада сенім бар болғанымен, ұстаздардың дербестік аздау екенін айтады. TALIS деректеріне сәйкес, қазақстандық педагогтердің 95 пайызы директор өз мектебіндегі мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігіне сенетінін айтқан. 93 пайызы басшының ұжыммен қарым-қатынасын оң бағалайды. Ал 90 пайызы әріптестеріне арқа сүйей алатынын атап өткен.

– Қазақстандық мұғалімдер ЭЫДҰ елдеріндегі әріптестерімен салыстырғанда сабақ беруде дербестігі аз екенін айтады, ал мектеп басшылары педагогтердің оқу бағдарламасына, оқытуға және мектеп саясатына қатысты шешімдерге қатысуы шектеулі екенін көрсетеді. Нәтижесінде қарама-қайшылық туындайды, сенім мен жұмысқа қанағаттану деңгейі жоғары болғанымен, дербес кәсіби шешім қабылдау кеңістігін әлі де ұлғайту қажет. Мұғалімнің әр әрекетін жоғарыдан берілген нұсқаулықпен сипаттау мүмкін емес. Бір сыныпта дайындық деңгейі, тілдік ортасы, оқу қарқыны және білім алу қажеттіліктері әртүрлі балалар отыруы мүмкін. Ешбір министрлік осындай жағдайға жеке нұсқаулық жазып бере алмайды. Белгілі бір сәтте жүйе мұғалімге "біз сені дайындадық, саған жоғары талап қоямыз және сенің кәсіби шешіміңе сенеміз" деуі керек, – деп атап өтті Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асанова.

Бұған қоса, сарапшы мұғалімдердің жұмысы жеңілдемегенін, тек сипаты өзгергенін айтады. TALIS деректеріне сәйкес, қазақстандық мұғалімдер стресстің кең таралған себептері ретінде оқушылардың нәтижелері үшін жауапкершілікті (29 пайызы), тәртіп мәселелерін (28 пайызы) және әкімшілік жұмысты (25 пайызы) атаған.

– Қазір өз пәніңді білу жеткіліксіз. Әртүрлі балалармен жұмыс істеу, кері байланыс беру, функционалдық сауаттылықты дамыту, отбасымен қарым-қатынас, білім алушылардың жеке білім беру қажеттіліктерін ескеріп, цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұған жасанды интеллекті де қосылды. Сондықтан есептілікті азайту мәселені толық шешпейді. Педагогке кәсіби қолдау қажет, жақсы тәлімгерден бастап, мықты әдіскер, әріптесінің жұмысын көру мүмкіндігі, күрделі жағдайды бірге талқылап, шешім табу керек, – деді Ж.Асанова.

Қорытындылар болсақ, қаншама өзгерістерден кейін мұғалімдердің жағдайы толықтай жақсарып кетті дей алмаймыз. Әлі де реформалар атқарылуға тиіс. Бірақ өзгерістердің өзегінде ұстаздардың ахуалын реттеу жайы тұрса игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу