Мектеп тыныштығы бұзылды: Оған кім кінәлі?

517

Посткеңестік кеңістік тағы да дүрлігіп жатыр.

Мектеп тыныштығы бұзылды: Оған кім кінәлі? Фото: kstnews.kz

Посткеңестік кеңістік тағы да дүрлігіп жатыр. Кеше Башқұртстанның астанасы Уфада 15 жастағы жасөспірім медицина университетінің жатақханасында студенттерді пышақпен шабуылдады. Өзін жаралап тоқтатқанға дейін ол 4 студент пен 2 полиция қызметкерін жаралап үлгерген.

"Екі жаралының жағдайы ауыр. Зардап шеккендердің арасында бір жасөспірім бар. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр", – деп хабарлады "112" telegram-арнасы.

Осы апта соңында Қазақстанда да, Атырау облысының Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы құрдастарымен болған жанжалдан кейін мектепке балта алып барып, оқушыларды шауып тастамаққа оқталған.

Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 5 ақпанда "102" арнасына мектеп оқушысының сыныптастарымен жанжалдасып, оларға шабуыл жасағаны, кейін оқу орнының аумағынан шығып кеткені туралы хабар түскен. Бейнежазбаларда көрсетілгендей, қолында балтасы бар жасөспірім басқа оқушыларды қуалап жүр. 2 оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, шабуыл жасаған адам анықтап, ұстап әкетті.

"Қақтығысқа қатысқан барлық тұлғалар, сондай-ақ олардың ата-аналары мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдарында есепке қойылды. Сондай-ақ, баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жасөспірімнің ата-анасының үстінен әкімшілік іс қозғалды", – деп мәлім етті Атырау облыстық Полиция департаменті.

Қылмыстық іс аясында қылмыс жасалуына ықпал еткен себептерді және алғышарттарды жою туралы білім бөліміне ұсыныс енгізілді. Осы жағдай аясында Қазақстанда мектептердегі қауіпсіздік мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Бұған дейін ҚР ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлімдегендей, "Қазақстан балалары" жаңа тұжырымдамасы аясында 2026 жыл ІІМ жүйесінде "Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі" ұранымен өтеді.

Министрдің мәліметінше, мектептердің 100%-ы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған және камералардағы бейне Жедел басқару орталығына шығарылған. Бұған қоса, білім ордаларындағы ықтимал қауіпті жағдайларды, кикілжің, буллинг, төбелесті автоматты анықтау үшін жасанды интеллекті бар камераларды кезең-кезеңімен енгізу басталған.

4,8 мың есепте тұрған бала және 5,7 мың ата-ана бақылауға алыныпты. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың рөлі күшейтілді. Тентек жасөспірімдерге арналған тәрбиелік шаралардың тізбесі кеңейтілуде. Сондай-ақ, девиантты мінез-құлқы бар, ерекше көңіл бөлуді қажет ететін "қиын" балаларды сүйемелдеу алгоритмдерінің жобалары әзірленіп жатыр.

"Әрбір мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Ерлік пен жеке қауіпсіздік сабақтары өткізіледі. Мектептерде құрдастарына теріс ықпал ететін бейресми көшбасшылар, "атамандар" анықталды. Педагогтармен бірлесіп, олармен мақсатты профилактикалық жұмыс жүргізіледі. ІІМ кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараны қабылдайды", – деп уәде берді ІІМ басшысы Саденов.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың дерегінше, ІІМ мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, мектептерге қойылатын талаптарды регламенттейтін бұйрық әзірледі. Мұғалімдер мен оқушылар саны 700-ден асатын мектептер дабыл жағдай туа қалғанда тез жететін арнайы тобы бар жеке күзет ұйымдарымен келісімшарт жасасуға міндетті.

"Яғни, мектептердің кіреберісінде кәсіби күзет отыруға тиіс. Күзетші ретінде әжейді жалдап, қоя салуға болмайды. Мектептерді кәсіби күзет қорғауы керек, онда мектептің шақыртуымен шұғыл жете алатын жедел ұстау тобы болуы қажет", – деп түсіндірді министрдің орынбасары.

Оқиғалардың географиясы да, ауқымы да шектелмеді. Жұма күні Бакуде тұрмысы жақсы отбасынан шыққан бала әкесінің аңшылық мылтығына ұрлап алып, оны мектепке әкеліп, математика пәнінің мұғалімін атып тастады. Оқиға қаладағы ең қымбат лицейлердің бірінде болған.

"Бакудегі Idrak лицейінде 10-сынып оқушысы мұғалімге оқ атты. Оқиға 6 ақпан күні жергілікті уақытпен шамамен 09:00-де оқу орнының ғимараты алдында болды", – деп хабарлайды Media.Az.

Unikal мәліметінше, зардап шеккен адам – математика пәнінің мұғалимасы: оқ әйелдің мойын тұсына тиген. Педагог ауыр хәлде Клиникалық медициналық орталыққа жеткізілді. Сыныптасы "Новости" агенттігіне ол баланың тәртіпті, ақылды екенін, психикалық проблемасы болмағанын, тек лицей мұғалімдерімен жанжалдасқанын әңгімеледі.

Ресейде де сол күндері мазасыз жаңа оқиғалар тіркелді. 4 ақпанда Красноярск қаласында №153 мектептің 8-сынып оқушысы сынып бөлмесіне алдымен өртенген шүберекті лақтырып, ізінше бірнеше оқушыны балғамен ұрған. 5 оқушы, 1 мұғалім зардап шекті. 3 баланы күйік шалды, 2 қыз бен мұғалімді балғамен соққыға жыққан. Жасөспірімдерге бас-ми жарақаты диагнозы қойылып, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Мектеп директоры қызметінен қуылды.

5 ақпанда Омбы қаласындағы мектептердің бірінде 7-сынып оқушысын 2-қабаттың терезесінен лақтырып жіберген. Бұл үлкен үзіліс кезінде болыпты. Бала ауыр жарақат алғанымен, тірі қалды. Ол жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты, бірақ ауыр деп бағалап отыр.

"Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл мектептің соңынан жаман атағы ерген. "Жасөспірімдер күш қолдану арқылы кімнің мықты екенін үнемі анықтауға тырысады. Қақтығыстар тоқтаусыз жүреді. Мұнда барлық педагогтың, соның ішінде психологтардың да бақылауы қажет", – деп ата-аналардың сөзін келтіреді "КП" порталы. Мектеп басшылығы тексеру үшін проблемалы қабатты уақытша жауып тастады.

Баланы терезеден лақтыруға қатысты қауіпті "буллинг" Ресейде ушығып барады. 2025 жылы осындай оқиғалар Пермь, Екатеринбург және Мәскеу мектептерінде тіркелді. Себептері ұқсас: ашық терезелер, балалардың теріс қылығы, бұған тосқауыл болар торлардың немесе шектегіштердің жоқтығы. 2024 жылы барлық мектептердің терезелеріне құлыптар мен шектеуіштер орнату міндеті қойылды. Алайда олар әлі күнге барлық жерде жоқ, деп хабарлады журналист Алла Михайлова.

3 ақпанда бірден екі ресейлік мектепте – Башқұртстанда және Краснояр өлкесінде – оқушылардың мектепке шабуылы орын алды. Уфада 10-сынып оқушысы страйкбол қаруынан оқ атқан. РФ Тергеу комитетінің мәліметінше, жасөспірім мектеп дәлізінде петарда жағып, кейін мұғалім мен сыныптастары отырған сыныпқа лақтырған. Ол 56 жастағы сынып жетекшісін бетінен атқан, сондай-ақ бірнеше сыныптасын атқылаған. Мұғалім жеңіл жарақат алды, оқушылар зардап шекпеген.

Осы күні Кодинск қаласында 7-сынып оқушысы мұғаліммен жанжалдан кейін құрдасына пышақпен шабуыл жасаған. Кісі өліміне сыныптастары жол бермеді. Зардап шеккен қызға медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Бұған дейін Мәскеу облысында, Татарстанда және Санкт-Петербургте кемінде 3 ұқсас жағдай тіркелген. Полицияға хабарланбай, жылы жабыла салатыны қаншама?

Сарапшылар мектептердегі қауіпсіздік жүйесін жетілдіруді, соның ішінде оқу орындарына биометриялық кіру туралы заң жобасын қабылдауды ұсынады. Балалар мектепке тек саусақ ізі, бет-бейнесі немесе дауысы сәйкес келсе ғана кіре алатын болады.

Алайда бұл идеяны қолдаушылардың өзі бет-жүзді, басқасын танушы FaceID жүйесін мектептерде жылдам енгізу қиын екенін мойындайды. Негізгі шектеу – қаржылық, білім ордаларының көпшілігінің бюджеті шағын, салдарынан әлгіндей күрделі, қымбат жүйелерді орнатуға және оған тұрақты қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ. Оның үстінен мұндай құрылғылар тек бөгде адамдардың кіруінен қорғайды. Оқушылардың шабуылдау мәселесін шешпейді, зорлық-зомбылықты жоспарлаған жасөспірім биометриялық бақылаудан еш кедергісіз өте алады.

Сонымен, бүгінде мектептерде не болып жатыр? Мамандардың пайымдауынша, онда балалар "созылмалы күйзеліс" жағдайында өмір сүруде. Мектеп қолдау мен қауіпсіздік кеңістігі болудан қалады. Үнемі жаңа пәндер қосылады, олар жаңа талаптар, ережелер және тұрақты қысым әкеледі.

"Мұғалімдердің басым бөлігі оқушыларының үлгерімін қалай жақсартамын, оларға ақпаратты қайтсе түсініктірек етіп жеткіземін деп бас қатырып әлек. Қаптаған презентация жасауы, электронды күнделіктерді, есептерді толтыруы керек. Сонымен қатар, білім беру жүйесі өзін инклюзивті деп жариялап, әр балаға көмектесуге дайын екенін айтады, бірақ іс жүзінде мектептерде оны жүзеге асыруға ресурстары жоқ. Сыныптағы барлық бала үнемі стресс үстінде болады, үздіктер бәрін одан да жақсы істеуге тырысады, үлгермейтіндер өздерін адамның қоры сезінеді. Мұндай ұжым буллинг туындар құнарлы топыраққа айналады", – дейді "Жетім балаларға көмек көрсететін еріктілер" қорының психологы Инна Пасечник.

Проблемалар әрі қарай тау үстінен құлаған жентек қардай ұлғая береді: мектепте қорлық көрген, буллингке ұшыраған бала оқуына зейін қоя алмайды, қатты уайымдайды. Бағалары нашарлайды, мұғалімдер оны кінәлап, ата-анасына шағымданады. Үйдегі отбасы, ата-анасы, ата-әжесі, көбіне жақсы ниетпен – балаға қысымды күшейтеді. Салдарынан, бала өзін еш жерде: не мектепте, не үйде жайлы әрі қауіпсіз сезінбейді. Барар жері, басар тауы қалмағандай күй кешеді.

Шешімі жоқ тығырыққа тірелдім деп біледі. Кәмелетке толмаған, психикасы толық қалыптаспаған бала одан шығудың жолын қалай іздейді? Өзін-өзі "жей" ме? Өзіне өзі зақым, зиян келтіру арқылы ма? Әлде мектепке шабуыл жасап, құрдастарын төмпештеп, зорлық көрсету арқылы күш пен беделін орнатуға тырыса ма? Бұл сұрақтарға жауапты психологтар ақылдаса отырып, іздеп, шешімін айтулары шарт.

Мектепте балалардың қауіпсіздігі мен эмоционалды әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін шын мәнінде не істеу керек? "Қауіпсіз мектеп" клубының жетекшісі Олег Зверев ең алдымен, күзетшілерден бастау керек дейді. Олар өзінің қайда тұрғанын ұмытып кетеді, балаларға зіркілдейді. "Дәлізде жүгіріп, шулайсыңдар, сабаққа кедергі боласыңдар!" деп, қақаған қыста, үскірік аязда, нөсер жаңбырда мектепке ерте келген оқушыларды ішке кіргізбей қояды.

Сондықтан күзетшілер ең алдымен мектептегі жұмыстың ерекшелігін түсініп, міндетті түрде балалар психологиясы бойынша оқытудан өтуге тиіс. Екіншіден, мектептерде тоқсанына кемінде 1 рет қауіпсіздік бойынша тренингтер өткізілуі қажет: қызметкерлер үшін – бір бөлек, балалар үшін – жеке. Оқушылар қиын сәтте қайда жүгінуге, жүгіруге болатынын және қай жерде нақты көмек ала алатынын анық білуге тиіс.

Үшіншіден, мұғалімдер бір айтып, қоя салмай, буллинг мәселесі туралы балалармен ашық әрі тұрақты түрде сөйлесуі керек. Оқушыларға өзін-өзі сабырға шақыру, қарау ниеттерді құрықтау тәсілдерін, стресске қарсы тұру және ашуды басқару әдістерін түсіндіру маңызды.

Балалар психологы Вера Сафронова ата-аналарға мектептен оралған балаларымен үнемі сөйлесіп, хәл-жағдайын біліп тұруға кеңес береді. Бұл жерде әңгімені баланың сабақты қалай өткізгенімен, неге жаман баға алғанын түсіндірумен шектеуге болмайды. Ең алдымен, баланың психологиялық жай-күйіне назар аудару маңызды.

Өмірден түңіліп, құрбы-құрдастарынан көңілі қалып келген баланы ең құрыса, ата-анасы сөзбен демеп, көңілін аулай алса, суицидтің де алдын алуы мүмкін. Психолог егер мектептердің бірінде қайғылы оқиға болып, оны оқушылар білсе, ата-аналарға баласынан ол туралы не ойлайтынын, оның сезімдері мен қорқыныштары туралы сұрастыруды ұсынады. Бәлкім, ол іштей қатты уайымдап, енді сабаққа барудан қорқатын шығар? Ол үрей үлкейіп, кесір-кесапатқа соқтырмай, алдын алу, бірге отырып, талдау да мән-маңызға ие, дейді маман.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу