Мектепке оралуға дайындық қандай?

4495

Үкімет үшін жаһандық пандемия аяқталғандай.

Мектепке оралуға дайындық қандай? Фото: Sputnik Казахстан

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің және ведомствоаралық комиссияның шешімімен, елімізде бұған дейін онлайн форматта оқытып келген көптеген мектеп кезең-кезеңмен бұрынғы дәстүрлі білім беру түріне қайта бастады.

"Орта білім беру мектептерінде жұмыс талапқа сәйкес ұйымдастырылуда. Нақтыласақ, әр бөлмеде 15 бала ғана отыруы керек. Сондықтан 1 сыныпты екіге бөлуге тура келуде. Нәтижесінде, мектептердің сиымдылығына қатысты проблема туындады. Бұл бір сынып шәкірттерін екі ауысымда оқуға көшіруге соқтырды. Мектептерде барлық оқушыны сидыру үшін кабинеттер жетпей жатыр", – дейді білім саласының маманы Александр Дмитриев.

Бір ауысымда ғимараттың "өткізу қабілетінің" 30%-ын ғана пайдалану үшін кейбір мектептер тіпті үш ауысымға ауысуда екен.

Ол келесі бір мәселеге назар аудартты. Мысалға, мектептер былтыр жаппай сатып алған кварцтеуге арналған аппараттардың көбі тактикалық-техникалық сипаттамасы бойынша 30 минутқа дейін қосып қоюды талап етеді. Алайда сабақтар мен үзілістерді қоса алғанда, әрі ауысымдардың өскенін ескерсек, сыныптарды толық кварцтеуге, желдетуге, дезинфекция мен ылғалды тазалау жүргізуге уақыт қалмауы мүмкін. Немесе, кейінгі ауысымдағы оқушылар үйіне түнге қарай бір-ақ қайтады.

"Әр сыныптар үшін үзілістер де әрбасқа уақытта болады. Салдарынан, дәліздерде үнемі қандай да бір сынып оқушылары жүреді. Ендеше дәлізді қашан дезинфекциялап, кварцтеп үлгереді?! Қорыта айтқанда, мектептің бәрі бірдей 1–5, 9–11 сыныптарды штаттық оқытуды қамтамасыз ете алмайтын болып шығады", – деді маман.

Сондықтан педагогтер Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінен дәстүрлі оқытуға оралатын мектептер үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып, сабақтардың үлгілік кестесін әзірлеп беруді сұрайды. Сондай-ақ осы ведомстволар "егер барлық оқушыны оқытуға кабинеттер жетпей жатса, мектеп не істеуі керек?" деген сұраққа жауап қатып, нақты түсініктеме бергені жөн.

Ал 5-ші сынып оқушысының анасы Нәзипа Сұлтанбаева Қарағандыда да мектептер дәстүрлі түрде оқытуға ауысып жатқанын растады.

"Биылғы 28 ақпанда Қарағанды облысы бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №5-Қ қаулысы шықты. Оған сәйкес, Қарағанды қаласы штаттық режимде білім беруге көшірілді. Әйткенмен, "Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде орта білім беру ұйымдарында оқу процесін іске асыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар" ескі күйде қалды. Оған былтырғы желтоқсанда ғана шамалы өзгерістер енгізілген. Мысалы, осы құжатқа сәйкес, мектеп қашықтан оқытудан штаттық режимге ауысқан кезде оқушыларға ата-анасының қалауы бойынша қашықтан оқуын жалғастыруына құқық берілген. Бұл бап өзекті ме екен? Балам осының алдында пневмониямен ауырды. Иммунитеті әлсіз. Қазір тұмау мен ЖРВИ маусымы басталуда. Сол себепті баламды әзірге үйде қалдырмақпын. Оны қайта ауырып қалу қаупінен қорғағым келеді", – дейді ана.

Бұл ретте бір-екі балаға бола, ұстаздар онлайн-сабақ өткізбеуі де мүмкін.

Қалай болғанда, Үкімет барлық дерлік отбасыларды қамтитын шешім қабылдамас бұрын оны халықтың кең талқысына салса, жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу