Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Петропавл мектебіндегі оқиғаның қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оның айтуынша, оқушы сағат 07:50-де 2-ші қабатта орналасқан әжетханада маскасын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, 10-шы сынып оқушысының басынан екі рет ұрып, одан кейін 10-шы сыныпта оқитын қыздың иығынан 1 рет және басынан екі рет ұрған, сондай-ақ 9-шы сынып оқушысының басынан бір рет ұрған. Кейін шабуыл жасаған баланы жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдері тоқтатқан.
"Екі жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр, жағдайлары бірқалыпты, бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды", – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол оқиға болған мектеп туралы ақпарат берді.
Оның дерегінше, №4 орта мектепте 984 бала 2 ауысыммен оқиды. Мұғалімдер штаты – 70 адамнан тұрады, оның ішінде бір психолог бар. Сонымен қатар мектепте және оның аумағында 42 бейнебақылау камерасы және 5 дабыл түймесі де болған. Ал оқиға болған күні мектептің 1 қабатында күзетші отырған.
"Күдіктінің психикалық ауытқушылығы болған. Бірақ оған Алматы қаласының Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруға рұқсат берген", – деді Марат Қожаев.
Бұл ретте Әлихан Смайылов мектептерде қауіпсіздік шараларын арттыруды тапсырды.
"Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан, бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек", – деді Смайылов.
Сондықтан Үкімет басшысы:
- Ішкі істер министрлігіне балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді;
- Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды;
- Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.