Мектепте телефон ұстауға тыйым салына ма?

17547

БҒМ-ның жаңа талабы ата-аналарды дүрліктіруде. 

Мектепте телефон ұстауға тыйым салына ма?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің жаңа бұйрығының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат "Білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін" бекітеді.

Мектепке арақ әкелме

Тізбенің бірінші бөлігіне ешкім қарсы шығып отырған жоқ. Өйткені ол оқушылардың қауіпсіздігімен тікелей байланысты.

Оған сәйкес, мектептерге және олардың аумақтарында әкелуге тыйым салынған нәрселер мен заттарға мыналар жатады: біріншіден, қарулар, қаруға сыртқы ұқсастығы бар заттар, электрошок құрылғылары, радиоактивті заттар, жебелер және басқалар.

Екіншіден, шанышқылы, кескіш, шапқыш қару және өткір заттар, өнеркәсіптік құрал-саймандар, пышақ түрлері, ашық ұстаралар, балға-балталар, инелер. Үшіншіден, оқ-дәрілер, снарядтар, жарылғыш және тез тұтанатын заттар, химиялық және улы заттар, аэрозольды бояулар, скипидар және жұқа бояулар, фейерверктер, жарық беретін зымырандар және басқа да пиротехникалық құралдар, өздігінен тұтанатын сіріңкелер, құрамында улы және мия тамыры бар көзден жас ағызатын, бұрыш, газ баллондары, алкоголь, есірткі, психотроптық заттар, темекі, темекі қоспалар және басқа да қауіпті заттар.

Шағын бұйрықтың екінші бөлігіне біраз ата-ана наразылық танытуда. Ол бойынша мектеп қамқоршылық және педагогикалық кеңестің келісімімен біршама затты әкелуді және пайдалануды шектемек.

Біріншіден, педагогтің рұқсатымен оқу-тәрбие процесінде пайдалану жағдайларын қоспағанда, ақпаратты тасымалдау функциялары бар кез келген ұялы байланыс құралдары, соның ішінде пейджер, планшеттер, смартфондар, iPad, iPod, плейерлер, модемдер-мобильді роутерлер, екіншіден, радио-электрондық байланыстың кез келген түрі – Wi-Fi, Bluetooth, Dect, 3G, 4G, 5G құрылғылары шектеуге ілікті.

Күзетші қыздарды тінте ме?

Арызданушылар мұның адам құқығын шектеу екеніне назар аудартады.

"Мен жаңа талаптарға қарсымын. Смартфондар, плейерлер және басқасы суық қаруға жатпайды. Оның бәрі баланың жеке меншігі. Ал жеке меншіктен уақытша болса да тек сот қана айыра алады. Ата заң және Азаматтық кодекстің 188-бабы жеке меншікті иесі қалай қолданамын десе де соған рұқсат етеді. Оның үстіне ұялы телефондар мен смарт-сағаттар баламен байланыс ұстауға, оның қай жерде жүргенін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Одан айырса, мектеп керісінше, баланың қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Неге мұны педагогтер кеңесі шешуге тиіс? Ата-аналар арасында сауалнама жүргізсін, дауыс беру арқылы шешсін", – дейді ана, қоғам белсендісі Полина Фомина.

Оның байламынша, педагогтер балаға қатысты зорлық-зомбылығын жасыру үшін осыған барғалы отыр. Әйтпесе, кейде білім ордасы жанынан өтіп бара жатқанда, мұғалімнің айғайлаған, ақырған дауысы жабық терезеден көшеге естіліп жатады.

"Менің балам мектепте немесе оның аумағында өз қауіпсіздігіне қауіп төнгенін, не әлдебір қысым жасалып жатқанын кез келген уақытта маған хабарлай алуы қажет. Ұстаздар балалардың әрбір басқан қадамын бақылай алмайды. Ұлдар мен қыздар үзілісте үнемі төбелесіп жатады. Неге біреудің баласының өмірі мен денсаулығына қатысты мәселені бөгде біреулер, әлдебір кеңестер шешуі керек. Бұған жол беруге болмайды", – дейді ол.

Оқушының анасы Диана Рогозина да қоғамдық талқылауға белсене қатысып, оның мына күйде қабылданбауына ықпал етуге тырысуда.

"Әрине, мұғалімді тыңдамай, сабақ үстінде ұялы телефонымен ойын ойнап, не әлеуметтік желіде отыратын оқушылар көп. Оған тыйым салу үшін "сабақ кезінде ойын-сауық мақсатында девайстар мен гаджеттерді пайдалануға шектеу қойылады" деп нақтылау керек. Әйтпесе, әртүрлі форс-мажорлық оқиғалар, төтенше жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, АҚШ-та мектепке қарулы жендет басып кіріп, кездескендерді қырып жатқанын полицияға балалар хабарлаған. Ал оқушы атаулының бәрі байланыс құралынсыз қалса, қалай құлағдар етеді?" – деді ол.

Д.Рогозина тағы бір мәселеге назар аудартады. Құжатта мектеп және оның аумағына "шегелерді соғуға және болттарды бекітуге арналған өнеркәсіптік құрылғыларды, тесетін немесе кесетін қару ретінде қолдануға болатын өнеркәсіптік құралдарды" енгізуге тыйым салынған.

"Мұнда оны кімдерге әкелуге рұқсат етілмейтіні нақтыланбаған. Оқушыларға балта, балға, дрель және басқасын алып жүруге тыйым салу қажет. Бірақ білім ордасын жөндеуге шақырылған жұмысшылар не істейді? Бұйрық жобасы шикі", – дейді ол.

Оқушының әкесі Әсет Сыздықбаев та құжатқа келіспейді.

"Тәжірибе көрсеткендей, педагогтер кейде оқушыға доқ көрсетеді, қорқытады, ұрып-соғады. Видеоға түсірмесе, ата-аналар мұны дәлелдей алмайды. Оларды қорғайтын "Педагог туралы" заңы бар. Наразылық білдірген ата-ананың өзін жазалап, айыппұл салуы мүмкін. Бұл құжат ата-аналарды осал ете түспек. Кейде бала ауырып, жүрегі айнып, құсып жатса да мұғалімі босатпауы мүмкін. Ондайда баланың ата-анасына хабарласып, шақыртуға мүмкіндігі болуға тиіс. Балаларды жарты күннен көпке байланыс құралынсыз қалдыруға келісе алмаймын", – дейді ол.

Мұғалімдер смартфондарды жинап алуда

Бұл тұйықтан шығу үшін барлық, соның ішінде ауылдардағы мектептерді де бейнебақылаумен жаппай жабдықтап шығу және ұдайы бақылау жүргізетін мамандармен қамту қажет болар еді. Бұған мемлекеттің бюджеті де, кадрлары да жетпейді.

Халида Витязева тұтынушылар құқығы да аяққа басылатынын ескертті.

"Білім беру – қызмет көрсету болып табылады. Тиісінше, тұтынушылар құқығын қорғау заңымен де реттеледі. Ал ол заңда тұтынушылардың видео және фототүсірілімге құқығы бары айтылады. Оның үстіне кіреберісте балаларды тыйым салынған заттарға қалай тексереді? Телефонды қыз бала ішкі қалтасына салса, күзетші бойжеткеннің өне-бойын күн сайын тінте ме? Бұл жерде тыйым салу керек емес, керісінше, оқушыларды мектептегі ережелерді мүлтіксіз сақтауға, оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін сабақ үстінде гаджеттерді рұқсатсыз пайдаланбауға үйрету қажет. Ол қолынан келмегесін, тыйым салуға көшеді", – дейді ана.

Нұрсұлтандық мұғалім Сәбира Маралбай бірқатар мектептерде балалардан смартфондар онсыз да алып қойылатынын, жаңа бұйрық осы ережені тек заңдастыратынын жеткізді.

"Қазір кезекші сыныптар ғой. Сыныбыма 7 бала келіп жүр. Ереже бойынша таңертең өзім жетекшілік ететін сыныптағы балалардан барлық ұялы телефонын жинап аламын. Үйлеріне кетер кезде қайтарып беремін. Бастапқыда балалар шкафтарында қалдырсын деген ұсыныс болған, алайда ол жерден ұрлап кетуі мүмкін. Сондықтан класс жетекшілерін міндеттеп қойды", – деді ұстаз.

Білім және ғылым министрлігі ата-аналарды сабырға шақыруда.

"Бұйрық жобасы халықпен бірге пысықтау, нақтылау үшін әдейі қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұл жерде "тыйым салынған" және "шектелген" деген терминдерге назар аударуды өтінеміз, бұлар әртүрлі ұғымдар! Министрлік балалардың смартфондарды пайдалануына мүлдем тыйым салуды қарастырып жатқан жоқ. Тыйым салмаймыз. Ал оны пайдалану уақытын шектеуге қатысты әр мектеп өз бетінше шешім қабылдайды. Бұл ретте қамқоршылармен, педагог кеңестерімен, ата-аналар комитетімен келісуі керек", – деді құжатты әзірлеушілер.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу